1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №34 (15492) 29 сәуір, бейсенбі 2010
"Жас Алаштың" спорт беті.
29 сәуір 2010
Қарағандыда ойнап жүр, жалғыз қазақ баласы

ҚАЗАҚСТАН ПРЕМЬЕР-ЛИГАСЫНДАҒЫ 260-ҚА ТАРТА ФУТБОЛШЫНЫҢ 70-КЕ ЖУЫҒЫ ҒАНА ҚАЗАҚ. НЕГЕ?

 Футболдан Қазақстан премьер-лигасының ойындары тұсауын кескенiне көп уақыт өте қойған жоқ. Өткен аптаның жексенбiсiнде елiмiздiң он екi командасы бiрiншiлiктiң 7-тур ойындарын ендi ғана өткiздi. Әзiрге Қостанай футболшыларының қарқыны күштi. Одан кейiнгi орында Қарағандының “Шахтерi” келедi. Дәл қазiр аламан бәйгеде кiмнiң аты озатынын дөп басып айту қиын. Бiздiң айтпағымыз да бұл емес. Мүлде басқа мәселе...
 
Ел бiрiншiлiгiнiң пердесi түрiлердiң алдында премьер-лига ойындарына қатысатын әр команда Қазақстан футбол қауымдастығының алдына осы маусымда өнер көрсететiн футболшылардың тiзiмiн жариялайды. Жақында осы тiзiмге көз сала отырып, мына бiр “қызық” жайтты көзiмiз шалды. Бәлкiм, кейбiреулерге бұл қалыпты жағдай болып көрiнер, ал бiз үшiн бұл – үлкен қасiрет. Тiптi, қазақ футболшыларына жасалған қиянат десек те, артық айтқанымыз емес. Несiне жасырамыз, жұмбақтамай бiрден айт­сақ, Қазақстан премьер-лигасындағы он екi команданың құрамында қазақ футболшыларының саны өте аз.
Осыдан бiраз бұрын белгiлi саясаткер, Алматыдағы республикалық спорт колледжi­нiң директоры Амалбек Тшановпен жолығып, әңгiмелес­кен едiк. Сол кезде Әбекең су спорты мен жеңiл атлетикадағы қарадомалақтардың саны аз екенiн ашына айтып едi. “Неге?” деп сұрамадық. Жа­уабы белгiлi. Дәл қазiр елiмiз­дiң су спорты түрлерi мен жеңiл атлетикада қазақ бап­кер­­лерiне қарағанда басқа ұлттың өкiлдерi тым көп. Олардың ауылдың қарасирақ балаларына қырын қарайтынын да жасыра алмаймыз. Сондықтан да су спорты мен жеңiл атлетикаға қазақ балалары аз келедi.
Қазақстан премьер-лигасындағы қазақ футболшыларының мәселесiне қайта оралайық. Қазақстан футбол қауымдастығының алдына алдыңғылардың бiрi болып, футболшылардың тiзiмiн өткiзген Қарағандының “Шахтерi” болды. 23 футболшының аттары жазылған параққа көз жүгiртiп қарайтын болсақ, Асхат Борантаевтан басқа қазақ баласын көрмедiк. Сонда не, Қарағандыда жалғыз ғана қазақ баласы ойнасын деген қағида бар ма? Команданың басшысы Асқар Әбiл­даев кезiнде Алматының “Қайратында” жасындай жарқылдады. “Қайраттың” намысын қорғау – қазақтың намысын қорғаумен бiрдей екенiн түйсiгiне түйiп өскен Асқар ағамыздың қарадомалақтардың ойнауына қарсы екенiн бұған дейiн бiлмеппiз. Әлде, бұл бас бапкер Владимир Чебуриннiң iсi ме? Елiмiздiң бес дүркiн чемпионы атанған керекулiктердiң сапында тек екi қазақ футболшысы ғана ойнайды дегенге сенесiз бе? Әрине, сену қиын. Бiрақ, футболшылардың есiмдерi жазылған парақты ары да, берi де қарағаннан кейiн ерiксiз сендiк. Рас, “Ертiстiң” де, “Шахтердiң” де қосалқы командасында қазақтың қарадомалақтары бiрен-саран кезде­се­дi. Бiрақ, дәл қазiр Т.Байсуфинов пен В.Чебуринге елi­мiз­дiң қарадомалақтарына доп тептiргенше, Ресей, Беларусь, Украина, Түрiкменстан, Өз­бекстан сияқты елдерге қажет болмай қалған орыс жiгiттерiн ойнату әлдеқайда маңыздырақ болып тұрған сияқты.
 Керекулiктердiң басындағы жағдай көкшетаулықтарда да бар. Дәл қазiр Көкше­тау­дың “Оқжетпесiнде” де екi-ақ қазақ баласы ойнайды.
Қазақ футболшыларының саны жағынан өзгелерден оқ бойы озық тұрғандар – Шымкенттiң “Ордабасы” клубы мен Тараздың “Тараз” клубы. Мұны оңтүстiк өңiрде қазақ халқының тығыз орналасқандығымен ғана байланыстырсақ, қатты қателесемiз. “Ордабасы” мен “Тараздың” команда басшылары әу бастан-ақ жергiлiктi ұлт өкiлдерiн аяқдопқа тарту мәселесiн алдыңғы орынға қойып жүр. Мәселен, “Ордабасыда” он бiрдей қазақ баласы ойнаса, “Таразда” он бiр қазақ футболшысы доп тебедi. Өкiнiшке қарай, қазақтар тығыз орналасқан Атырауда небәрi алты-ақ қазақ баласы бар.
Қазақстанның төрт дүркiн чемпионы “Ақтөбеде” кезiнде Самат Смақовтан басқа қазақ футболшысы жоқ едi. Кейiнгi жылдары Владимир Муханов қазақтың да доп тебе алатын­ын мойындап, командаға қаракөздердi жинай бастады. Әсiресе, биылғы маусымның басында В.Мухановтың тiке­лей шақыртуымен Ақжол Серiкбаев, Мақсат Байжанов, Аслан Дарабаев, Тимур Досмағамбетов сынды футболшылар Ақтөбеге ағылды. Қостанайдың “Тобылы” да қазақ­тар­ға доп тептiргеннен ұтылып жатқан ештеңесi жоқ. “Тобылдың” сапында қазiр сегiз футболшы – өзiмiздiң қаракөз бауырларымыз. Алматының “Қайратында” да дәл осылай сегiз қазақ доп теуiп жүр.
Жалпы, елiмiздегi командалық спорт түрлерiнде қазақ спортшылары неге аз? Әлде, сөзiмiздiң басында айтып өткендей, қазақ балаларын бауырына тартатын жаны да, қаны да қазақ бапкерлерi аз ба? Әлде мұның басқа да себебi бар ма? Спорттың жекпе-жек түрлерiне келгенде қазақтардың алдына жан салмайтынын көрiп те жүрмiз. Ендеше, неге командалық спорт түрлерiне келгенде өзiмiздiң мықтылығымызды дәлелдемеске? Дәл қазiр елiмiздiң жоғарғы тобындағы он екi командада 260-қа жуық футболшы доп тебедi. Бұлардың тек 70-ке жуығы ғана – қазақ жiгiттерi. Бұл – тек аяқдопқа қатыстысы ғана. Бiз хоккейден Қазақстан бiрiншiлiгiне қатысқан сегiз команданың үш жүзге жуық ойыншысының он тоғызы ғана қазақ екенiн айтпай-ақ қояй­ық. Әйтпесе, “Бейбарыс” (Атырау) сияқты атынан ат үркетiн командада бiр-ақ қазақ баласының доптаяқ ұстайтынын айтудың өзi ұят. Қарағандының “Шахтер” футбол клубында жалғыз қазақ футболшысының ойнайтынын сөзiмiздiң басында айтып өттiк қой. Қарағандылықтар қазақтарға доп тептi­руден ғана емес, доптаяқ ұстатудан да қорқады екен. Олай болмаса, жақында ғана Қазақстан чемпионы атанған “Сарыарқа” хоккей клубында жалғыз қазақ хоккейшiсi жүрер ме едi?
Бiздiң елге шетелдiң мықты футболшылары келiп ойнағанына қарсы емеспiз. Мықтымен бәсекеге түсу бiздiң жiгiттердi шыңдайды, аяқдоптың деңгейiн көтередi. Ал көршi елдердiң ортанқол ойын­шыларын топтап ойнат­қаннан қазақ футболы алға баспайды. Одан да қазақтың қара домалақтарын аламанға салып шыңдағанымыз дұрыс емес пе?! Қазақстан футбол қауымдастығы осы мәселеге мемлекеттiк маңызы бар проблема ретiнде неге қарамайды. Бұл бiр ғана журналистiң көкейiндегi нәрсе емес, қалың қазақты толғандыратын шетiн мәселе.
Төлеубек ӘДIЛБЕКҰЛЫ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар