1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №67 (16045) 25 тамыз, сейсенбі 2015
"Жас Алаштың" спорт беті.
25 тамыз 2015
Бел кеткенше белдесiп бақ

Көптен күткен әлем чемпионаты да басталды. “Алау” мұз айдыны кешенi бүгiнде әлемнiң демiнен желпiнiп тұр. Кеше дзюдодан лицензиялық әлем чемпионаты жалауын желбiреттi. Дүй­сенбi күнi татамиге төрт бiрдей спортшымыз шықты. Олардың жеткен биiгi туралы сәл кейi­нiрек.

Алдымен бұл әлем чемпионатына қанша спортшы қатыспақ? Астана төрiнде апта бойы бел­десетiндердiң арасында атағынан ат үркетiн, даңқы жер бетiне мәлiм қандай атлеттер бар деген сауалға тоқталмақпыз.
Бразилия келесi жылы жазғы Олимпиада ойындарын өткiзедi. Рио-де-Жанейро қаласында болатын Олимпиада ойындарына жолдама алу үшiн дзюдошылар осы әлем чемпионатында барын салып белдесiп, бел кеткенше аянбауы керек. Ғаламдық аламанда көрсеткiшi өрлеп, нәти­жесi жақсарса, ұпайы да молаяды. Дзюдоның халықаралық федерациясы жолдаманы ұпайы жоғары спортшыларға үлестiрiп бередi. Мiне, медальға қоса ұпайды молайтатын додадан қандай саңлақ бас тартсын. Әлемнiң аузындағы дзюдошылар осы күнде Астанада жүр.
Жексенбiде әлем чемпионатының жеребесi тартылып, көпшiлiк алдында баспасөз жиы­ны өттi. Әлем чемпионатын ұйымдастырушылар Астанаға 729 (432 жiгiт, 297 қыз) спортшы ат байлады дедi. Бұлар әлемнiң 120 елiнен келген.
Қыздар арасында француз Кларисс Агбегнену бар. Әлем чемпионы, Еуропа құрлығында бұл қызды жығатын балуан жоқ әзiрге. Ерлердiң iшiнде жапон Рики Накайя да шеберлiгiн көрсетедi. Екi дүркiн әлем чемпионы, гранд слам турнирiнiң жеңiмпазы. Әлем чемпионатында үш мәрте топ жарған Ебинума Масаси де осында.
Кеше татамиге алғаш болып қыздар шықты. 48 келi салмақ дәрежесiнде бапкерлер екi бiрдей бойжеткенiмiздi үкiлеп қосқан едi. Александра Подрядованың айы оңынан туып, белдесуге бiрден екiншi айналымда қосылып,   ресейлiк Алеся Кузнецованы жығып, бiр қуантқан. Екiншi белдесуiнде украиналық Марина Чернякқа шамасы кел­медi. “Өмiрде екеумiз сыр жасырмас доспыз. Ал татамиде Маринадан асқан қарсылас жоқ маған. Өте қолайсыз. Менiң қандай әдiске самдағай екенiмдi зерттеп бiлiп алған-ау деймiн, бұл жолы да еш мүмкiндiк бер­медi” дедi сайыстан кейiн Подрядова.
Былтыр Моңғолиядан аттай қалап алдырған Отгонцэцэг Галбадрах тұңғыш рет елiмiздiң туы астында өнер көрсеттi. Моңғолиядан жалдап әкелген балуан қыз оңтүстiккореялық Кионг Жонгпен белдесiп, есе жiбердi.
Ерлер арасында негiзгi сақамыз, әлем чемпионы атанудан басты үмiткер Елдос Сметов (60 келiде) пен Рустам Ибраев та кеше татамиге шықты. Елдостың қанжығасында жастар арасындағы әлем чемпионы деген атақ бар. Ол – жазғы Азия ойындарында дзюдо күресiнен топ жарып, алтын медаль алған тұңғыш қазақ. Әлемдiк гран-при жарыстарында екi мәрте жеңiске жеттi. Жетпей тұрғаны – әлем чемпионатының алтын медалi. Елдос алғашқы айналымда финн спортшысы Йуго Рейнваллға қарсы күрестi. Елдос финн балуанын жығу үшiн көп күшiн сарқи қойған жоқ, жанығып та бел­деспедi. Қарсыласы қайта-қайта сүрiне бергенi үшiн төрешi ескерту (шидо) жазып, үш шидо алған Йуго жеңiлдi. Екiншi айналымда Елдос Сауд Арабиясы елiнiң сенiп әкелген спортшысы Мал­жира­шидi иппон әдiсiмен (айқын басымдық) мерзiмiнен бұрын жеңдi.
Жартылай финалға жету жолында Сметовтiң сiлелеуiне тура келдi. Ол өзбек Диорбек Орозбоевке қарсы белдесiп, ұпай басымдығымен ұтты.
Осы салмақтағы екiншi үмi­тiмiз Рустам кеше болгар Янислав Герчевке қарсы белдесуге түстi. Бiр-бiрiнiң сiлiкпесiн шығара алмағаны үшiн яғни, сылбыр белдестi деп төрешi екеуiне де ескерту бердi. Бес минуттық белдесудiң соңғы жарты минуты қалғанда Рустам әдiс жасап, жеңiстi жұлып алды. Екiншi айналымда Рустам белсендi күресiп, эквадорлық Прекиаданың жолын бөгеп, үшiншi айналымға жеттi. Грекиялық Амиан Папинашвилиге тап келгенде азу тiсi жуандай қоймаған Рустамның белдесудi қорқасоқтап бастағанын байқадық. Тiптi екi рет ескерту де алып қалды. Бiрақ соңғы минуттарда әлем чемпионатының жүлдегерi Папинашвилидi жер­лесiмiз тулақтай иледi. Ширек финалға шыққан Рустам оң­түстiккореялық Шуй Ин Хуктiң көз жасын көл еттi. Иә, тура мағынасына солай. Хук ширек финалға дейiн қандай балуандарды жеңiп шыққанын көзiмiз көрдi. Рустамға қарсы белдесуде де оның ұпайы басым болған. Төрешi жерлесiмiзге екi ескерту берi,п кәрiс алда тұрған. Бес минуттық белдесудiң түгесiлуiне 30 секундтай уақыт қалғанда Ыбыраев әдiс қолданып, базари ұпайын олжалап кеттi. Жанын сала ұмтылған Хук сан соғып қалды.
Бүгiн 52 келi салмақ дәреже­сiнде белдесетiн қыздар медальдарға таласса, ерлерден 66 келi салмақ дәрежесiндегi балуандар татамиге шығады. 
 
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар