1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш 65 (16043) 18 тамыз, сейсенбі 2015
"Жас Алаштың" спорт беті.
18 тамыз 2015
Қайрап салса, шаппас па...

Бүгiн елiмiзде дүбiрге толы футбол матчы өтедi. “Астана-Арена” стадионында жергiлiктi клуб “Астана” УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңiндегi тартысын бастайды.

Қарсыласымыздың қандай клуб екенiн бұған дейiн де жаздық. Дегенмен кипрлiк “АПОЭЛ” клубына қайыра соғып, тегеу­рiндi ұжымның өткiрлiгi туралы айта кеткендi жөн санадық. Мұнымыз “Астана” футболшыларын жасыту емес, керiсiнше, қайрау. Тiресе бiлмесе, тiзер­лемейтiн клуб жоқ, оңтайлы сәттi өткiзiп алмау керек.
Жерiнiң көлемi бөдененiң бөтегесiндей ғана Кипр мем­лекетiнiң бас қаласы Никосияда 276 мың адам тұрады. Бiздiң Қостанай қаласының тұрғындарымен шамалас. Осы қаланың клубымен қазiр Еуропаның мен деген ұжымдары санасады. Өйткенi олардың еурокубоктық ойындарда қалай дауыл тұрғызғаны, желдi күнгi өрттей жолындағысын жайпап өте шығатыны көпшiлiктiң кеудесiнде сайрап тұр. Былтыр бұлар УЕФА Чем­пи­он­­дар лигасының iрiктеу раундынан сүрiнбей, плей-офф ке­зеңiнде де құламай, топтық кезеңде тартысқа түстi және қандай ұжымның илеуiнен өттi? F тобында француздық ПСЖ, испандық “Барселона”, голландиялық “Аякс” клубтарымен қырқысып, ПСЖ мен “Барселонаға” әлi жетпегенiмен, “Аякс” футболшыларымен итжығыс түсiп,           1 ұпай олжалады.
АПОЭЛ клубының Чемпиондар лигасындағы жұлдызы жанған шағы 2011-12-жылғы маусым екенiн өткен нөмiрде жаздық (“Бұл асудан өте алсақ” №63 11 тамыз).
Оқырмандарымызды қарсыласымыз, келесi жылы құрылғанына 90 жыл толатын ұжымның тарихымен қысқаша таныстыра кеткендi жөн көрдiк. 1926 жылы футбол ұжымын құрған адамдардың бәрi қазiр о дүниелiк. Клубтың тұңғыш президентi болып сайланған Гиоргос Пулиастың да сүйегi ақсөңке болып, қурап кеткен. Футбол клубын құрғандар кәнiгi футболшылар емес, кондитерлiк зауыттың жұмысшылары. Қырыққа тарта жұмысшы ақылдаса келе қаланың футбол клубын құруды жоспарлаған.   Құрылғаннан кейiн екi жыл клубтың атауы POEL (Podosfairikos Omilos Ellinon Lefkosias) болды (жалпақ тiлмен айтқанда “Грекия­лық Никосияның футол клубы” дегендi бiлдiредi). 1928 жылдан бастап клубта тек футболды ғана дамытпай, спорттың бас түрлерiн өрiстету қолға алынады. Сөйтiп, ұжым APOEL (Athletikos Podosfairikos Omilos Ellinon Lefkosias) деген атауды иеле­недi. Содан берi бұл клуб “Грекиялық Никосияның атлетикалық футбол клубы” аталады.
Арқа даласына алғаш рет ат шалдырған ұжымның бас бап­керi португалдық Домингуш Пасиенсияның да қазақ жерiне тұңғыш келуi. 46 жастағы бап­кердiң футболшы шағындағы жетiстiгi көп емес. Португалия құрамасының жейдесiн киiп, 36 матчқа қатысып, 9 гол соғыпты. 1996 жылы Англия елiнде өткен Еуропа чемпионатында Домингуш Хорватия құрамасына қарсы ойында ғана бiр гол соқты. Ала допты шырқ үйiруiмен аты жайлымаған футболшының даңқы қазiр аспандап тұр. Рас, түкiрiгi жерге түспейтiн бай-бағлан бапкерлердiң (Карло Анчелотти, Жозе Моринью, Арсен Венгер т.б.) дәрежесiмен деңгейлесе алмауы мүмкiн. Бiрақ оны португалдық “Брага” футбол клубының жанкүйерлерi жанындай жақсы көредi. Өйткенi Пасиенсия баптаған жылдары “Брага” тұңғыш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңiне (iрiктеу сынында шотландтық “Селтик”, испандық “Севилья” сынды азулы қарсыласты ығыстырды) қатысты. Топтық кезеңде тәуiр нәтиже көрсете алмағанымен, Еуропа лигасында финалға дейiн жеттi. Жеңiске жетер жолда Домингуш баптаған ұжым “Лех”, “Ливерпуль”, “Динамо” (Киев), “Бенфика” клубтарын тiзерлеттi. Финалда “Портуға” 0:1 есебiмен есе жiбердi.
Домингушты бағаламаса, АПОЭЛ клубының президентi Продромос Петридес бапкер­лiкке тағайындай ма? Айтпақшы, АПОЭЛ футболшылары Астанаға жүрерде президент Петридес жергiлiктi Kerkida.net басылымына пiкiрiн айтып, “Бiздiң мұратымыз – Чемпиондар лигасының топтық кезеңiне шығу” дептi. Клуб президентiнiң осы сөзiнен-ақ “Астана” футболшыларынан айтарлықтай қарсылық күтпей­тiнiн аңғаруға болады.
АПОЭЛ клубының бразилиялық жартылай қорғаушысы Карлао бүгiнгi матчқа қатыспауы мүмкiн деген-дi. Кипр суперкубогы үшiн өткен тартыста жартылай қорғаушы жарақат алып қалғандықтан, “Астанаға” қарсы шықпайды деген де ақпар тарат­қан едi Кипр басылымдары. Бiрақ бас бапкер аяғынан ақсаған Карлаоны да Астанаға ертiп келдi.
Бүгiнгi матчқа венгриялық қазы Виктор Кашшай төрелiк айтады. 1999 жылдан берi қазылық қызметтi атқарып келе жатқан Кашшайға ФИФА 2003 жылы өкiлеттiлiк бердi. Содан берi ФИФА-ның қазысы саналған мажарлық төрешiнiң 2012 жылғы Еуропа чемпионатында басы дауға шатылды. Украина – Англия матчында Марко Девичтiң Англия құрамасының қақпасына соққан голын есепке алмай,     украиналық жанкүйерлердiң назасына ұшырады.  
 УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңiндегi тартысты “Таң” арнасы тiкелей эфир­ден 22:00-ден бастап көрсетедi. 
“Астана” – АПОЭЛ матчының билетi сатылымға 15 тамызда күндiзгi сағат 10-да түскен. Сол күнi “Астана-Арена” стадионының кассасында жанкүйерлер ұзын-сонар кезекке тұрды.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар