1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №63 (16041) 11 тамыз, сейсенбі 2015
"Жас Алаштың" спорт беті.
11 тамыз 2015
Спорт ақпарат

ДОП ҚУҒАН ЕҢБЕКТIҢ ӨНБЕГI ҚАНША?

Еурокубоктық ойындарға қатысып, сүрiнген клубтарымыз, тартысты жалғастырып келе жатқан қос ұжым, биылғы маусымда қанша сыйақы алады?
Еуро­­па лигасының алғашқы iрiктеу раундынан қайтқан “Ақтөбе”, шымкенттiк “Ордабасы” клубтарына 200 мың еуро төленедi. Еуропа лигасының плей-офф кезеңiне жеткен алматылық “Қайраттың” қоржынында 630 мың еуро бар. Сәтiн салып француздық “Бордоның” намысын бордай үгiп, топтық кезеңге шықса, 2 миллион 400 мың еуро қоса алады.
Чемпиондар лигасының плей-офф сатысына жеткенi үшiн “Астананың” қазiргi табысы – 700 мың еуро. АПОЭЛ-ден асып түсе алсақ, елордалық клубтың қанжығасына бiрден 12 миллион еуро бөктерiледi. Бұдан ары қарай “Астана” мен “Қайрат” футболшыларына әрбiр жеңiсi мен тең түскен матчта да сыйақы берiледi.
 
БӘСЕКЕНIҢ ШОҒЫ ЫСТЫҚ
Қытайда өтiп жатқан бокстан әйелдер арасындағы Азия чемпио­натының да көмбесi көрiнуге аз қалды. 13 тамызда мәресiне жететiн додада бойжеткендерiмiз орасан қарсылыққа тап болды. Үшiншi жарыс күнiнде үмiт артқан қыздарымыздың бiрнешеуi жарысты аяқтады. 48 келiде айқасқа түскен Әлина Тұрлыбаева үндiстандық Шамжетсаба Саржубалаға есе жiбердi. Былтыр Кореяда өткен әлем чемпионатының финалында Саржубаланы Назым Қызайбай сiлейте сабаған болатын. 
Жүлде алады деп сенген боксшымыз Жайна Шекербекова (51 келi) қытайлық Рен Канканьнан аса алмады, Гүлжайна Үбiниязова (60 келi) солтүстiккореялық Ри Тангтың мықтылығын мойындады.
Ендiгi үмiт Рано Фархатова, жастар арасындағы әлем чемпионы Гаухар Ермекбай, әлем бiрiншiлiгiнiң күмiс жүлдегерi Ләззат Күнгейбаева сынды саңлақтарда. 
 
СЕНIМ СЕЛГЕ КЕТПЕСЕ...
Дзюдодан әлем чемпионатының басталуына да санаулы күн қалды. 24 тамызда жалауын желбiрететiн әлемдiк дода 30 тамызда түңлiгiн түсiредi. 123 елден 823 (495 ер, 328 қыз) спортшы әлем чемпионатына қатысуға тiркелген. Елiмiздiң намысын қорғайтын балуандардың есiмi белгiлi. Сенiм арқалайтын серкелер арасында жастар арасындағы әлем чемпионы, жазғы Азия ойындарының жеңiмпазы Елдос Сметов, әлем чемпионатының күмiс жүлдегерi Азамат Мұқанов, әлем чемпионы Максим Раков сынды балуандар бар.
Қыздар арасында Моңғолиядан аттай қалап алдырған Отгонцецег Галдбарах (48 келi) әлем чемпионатында Қазақ елiнiң намысын қорғап, белдесуге түседi.   
Қазақ балуандары дзюдодан әлем чемпионатының алтынын әлi олжалап көрген жоқ. Максим Раковтың де әлем чемпионы атан­ғанына бiрнеше жыл өттi. Ендеше, қыз-жiгiттер Арқа төсiнде абыройымызды асырады деп сенемiз.
 
САТЫЛЫМҒА ТҮСЕДI
Кәсiпқой бокстан   (IBO), (WBA Super), (WBC) тұжырымдарының чемпионы жер­лесiмiз Геннадий Головкин кәсiпқой бокс­тағы 34-айқасын 17 қазанда АҚШ-та өткiзетiнi белгiлi. Канадалық Давид Лемьеге қарсы айқастың билеттерi ертең сатылымға түседi деп жазады Boxingnews24.com. 50 АҚШ долларынан басталатын билеттiң ең қымбаты – 500 доллар.  
Головкин – Лемье айқасы Нью-Йорктегi Madison Square Garden спорт кешенiнде өтедi.
 
ҚҰЛДИЛАДЫ
Кеше, 10 тамызда теннистiң әлемдiк рейтингi жаңартылып, ракеткалардың көрсеткiшi жария болды. Америкалық Серена Уильямс көш бастап тұрған әйелдер рейтингiнде елiмiздiң бiрiншi ракеткасы Зарина Дияс екi сатыға құлдап, 34-орыннан тұрақ тапса, Юлия Путинцева 78-сатыға орнықты. Ярослава Шведова өзiнiң бұрын­ғы биiгi 108-орында.
Ерлер арасында Михаил Кукушкин де екi саты төмендеп, 54-орынға тұрақтаса, Александр Недовесов 96-сатыға орнықты. Андрей Голубков, Дмитрий Попко бұрынғы орындарын сақтап тұр.

Дайындаған Қуаныш Бажақ.  

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар