1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Циничное, жестокое, отвратительное,  преступление: убийство Алтынбека Сарсенбаева – человека, который был последние годы моим политическим оппонентом. С ним вместе убиты его помощники. Председатель КНБ генерал Дутбаев сразу же излагает главе государства свою версию: за преступлением стоит кто-то из членов семьи президента – либо Рахат Алиев, либо Тимур Кулибаев, либо Кайрат Сатыбалды.
"Караван" №10, 10.03.2006
Автор: Дарига Назарбаева
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №42 (16020) 28 мамыр, бейсенбі 2015
"Жас Алаштың" спорт беті.
28 мамыр 2015
Берiкбол Қасымханов, АИБА-ның халықаралық дәрежедегi төрешiсi: Бес минутта бiр елдiң бас бапкерi сайландым

Спортта жауапкершiлiгi мол әрi тиянақтылықты талап ететiн бiр жұмыс бар. Ол – қазылық ету. Төрешi қара қылды қақ жарып, әдiлдiктi айта алса ғана сыйлы болмақ. Көп жағдайда спортшының тағдыры төрешiлерге байланысты екенi ақиқат. Олимпиада ойындарында төрешiлiк мiндетiн абыроймен атқарған азаматтардың бiрi – Берiкбол Қасымханов. Бейжiң ойындарының финалында қазылық еткен ең жас төрешi болғанын бүгiнде ұмытқанымыз жоқ.  Төрешiлiкпен қатар, Мьянма ұлттық құрамасының бас бапкерi болғаны да көпшiлiкке мәлiм. Жағалауын мұхит шайып жатқан елдiң боксшыларын дайындап, қандай құрметке бөленгенiн Берiкбол ағаның өзiнен сұраудың сәтi түстi. Шымкент қаласы әкiмiнiң кубогына арналған халықаралық турнирге бас төрешi болып келген азаматтың айтары аз емес. Б.Қасымханов “Будда орталығы” атанып кеткен Мьянма елiнiң “Құрметтi азаматы”. Бейжiң ойындарындағы қызықты хикаялары да елең еткiзерлiк.

 ТҮН АУҒАНДА ҚЫЗМЕТ БЕРДI
 – Соңғы кезде әуесқой бокста да супервайзер деген сөздi жиi естiп жүрмiз.
– Кәсiпқой бокста супервайзер терминi бұрыннан бар. АИБА басшылары соның атын өзгер­тiп, бас төрешi деп жүр. Су­первайзердiң енгенiне екi-үш жыл болды. Қазiргi AOB, APB, WSB жобаларына супервай­зерлiк ету үшiн емтихан тапсырады. Мен осы жарыстың алдында ҚР чемпионатында супервайзер болдым. Бас төрешiлiк – өте қиын жұмыс. Төрешiлермен жұмыс iстейсiң, қателiктерiн дұрыс түсiндiруiң керек. Ертең соңыңнан сөз ермейтiндей, бокс­шыларды да, бапкерлердi де жылатпайтындай етiп өткiзуiң қажет.
 – Төрешiлiктi тастап Бирмаға (Мьянма) бапкерлiкке кетiп қалғаныңызда таңдан­ғандар көп болды. Бұл елге қалай жолыңыз түсiп жүр?
– Мұндай шешiм қабылдаудың бiрнеше себебi бар. Бi­р­iншiден, бұл – Алланың қалауы. Елде бiршама уақыт жұмыссыз жүрдiм. Төрешi ретiнде ешқандай жарысқа шақырған жоқ. Бирмада екi жарым жыл Спорт және туризм, қонақүй минис­трлiгiнiң бокс бойынша техникалық сарапшысы болып келдiм. Ересектер, жастар, жасөспiрiм­дердi, әйелдердi де баптадым.
Бирма қазiр Мьянма деп аталады. Өте қысқа мерзiмде шешiм қабылдадым. Бұл жақсы досым, iнiм, Азия бокс конфедерациясының атқарушы директоры Азиз Қожамбетовтiң ұсынысы едi. Өзi Индонезияда жүрiп, телефоныма түнде хат жазды. “Осындай мемлекетке бапкер керек” деп. Қашан жауап беру керектiгiн сұрағанымда “Қазiр жауабын айт” дедi. Ойлануға бес минут қана уақытым бар. Сол сәтте досым қонақүйде Мьянманың билiктегi адамдарымен бiрге отыр екен. Содан мен бес-он минуттың iшiнде ке­лiсiмiмдi бердiм. Бiр аптада жетуiм керектiгiн айтты. Электронды поштама виза жiберген соң тартып кеттiм. Ол мемлекетте бұрын болмағанмын. Екiн­шiден, Мьянма – будда дiнiнiң орталығы. Жетпiс миллион халқы болса, соның қырық бес мил­лионнан астамы – будда дiнiн ұстанушылар. Әлемдiк будда академиясы, институты, колледжi бәрi осында шоғырланған.
Мьянма әр екi жыл сайын өтетiн Теңiз ойындарына қатысады. Оған Үндi мұхиты жаға­лауын­дағы Тайланд, Малайзия, Филиппин, Камбоджа, Бруней, Индонезия, Сингапур сынды елдер спортшыларын қосады. Теңiз ойындары осы елдердiң Олимпиадасы iспеттi. Мьянма боксшылары отыз жыл бойы осы сайыстан алтын медаль ала алмай жүр екен. Тәртiп бойынша Теңiз ойындарына алты ер, төрт әйел, жалпы он боксшы қатысуы тиiс. Команданы төрт ай ғана баптап, осы жарыстан жетi медаль алдық: үш күмiс, төрт қола. Бiр шәкiртiмнiң алтынын бермей қойды. Бiр алтын медальға қолымыз жетпей, iштей өкiнiшiм де болды. Осыдан кейiн елге қайтамын деп едiм, елдiң спорт және туризм министрi, бокс федерациясы басшысы шақырып, “жұмысты жалғастырсаңыз, тағы бiр жыл iстесеңiз” деп қиылды. “Бөтен елде жалғыз тұру қиын, отбасымды әкелемiн” дегенiме қарсы болған жоқ.
Ұлым мен жарымның келгенi де – естен кетпес оқиға. Ойда-жоқта балам сары қарбыз жеп, уланып қалмасы бар ма. Ондай жемiс бiзде өспейдi. Алла сақтап, аман қалды. Содан бiр жарым айдан кейiн елге қайтардым. Сөйтiп жүргенiмде, маған келiсiмшартты көрсеттi. Қарасам, келiскенiмiз бойынша бiр жыл емес, екi жыл деп жазып қойыпты. “Неге менен жауап алмай, екi жыл деп жаздыңыздар?” десем, “Бәрiбiр сiз келiсетiн шығарсыз деп ойладық. Келесi жылы Теңiз ойындары өтедi, министр бар жағдайымызды жасап, қолдау көрсететiн болды” дейдi.
– Сонымен, ел басшылары жұмысыңызға қандай баға бердi?
– Соңғы Теңiз ойындары 2013 жылы Мьянмада өттi. 1983 жылы ресейлiк Ярошов деген бапкер бiр алтын, бiр қола медаль алып берiптi. Осы ойындардан менiң екi шәкiртiм жеңiмпаз атанды. Бiр ер, бiр әйел боксшы. Екi күмiс, екi қолаға да иелiк еттiк.
Жарыс бiткеннен кейiн қорытынды жиналысқа қатыстым. Министрлер ел президентiн жағалай отыр. Елдiң генералдары жақсы жұмыс iстегенiмдi айтты да, Мьянма елiнiң “Құрметтi азаматы” атағын бердi. Ол жақта бәрiн генералдар шешедi. Шетелдiк азамат жақсы жұмыс iстесе, құрметтеп, сыйлайтынына көзiм жеттi. Менiң ол кезде тiлдiк қорым кеңейiп, ағылшыншам жақсарған. Бәрiн түсiнемiн, сөйлеймiн.
 
ДУЛЫҒАНЫ ҚАЙТА КИГIЗЕТIН ШЫҒАРМЫЗ
 – АИБА-ның қазiргi боксты дамытудағы ережелерi көңiлiңiзден шыға ма? Төрешiлердiң ұпай есептеу жүйесi де өзгердi.
– Соңғы екi-үш жылдың iшiнде АИБА ережелерi бiрнеше рет өзгердi. Лондонға дейiн де, одан кейiн де. Қазiргi ұпай санау жүйесi де кәсiпқой бокстан келген. 10:9 деген. Ұтқаны он деп бередi. Ең төменi – 10:6. Бұл – айқын басымдылық. Бұл жүйе Олимпиадаға дейiн қалады. Кейiн тағы өзгеруi мүмкiн. Өйт­кенi қазiр дулығаға (шлемге) байланысты да бiраз мәселелер талқыланып жатыр. Мәселен, жас­тар арасындағы Бекзат Саттарханов турнирiнде ешбiр жарақат болған жоқ. Бұл – бас қор­ғанысын кигеннен. Ал ересектер жарысының әрбiрiнде жарақаттың кесiрiнен ең кемi сегiз, он жекпе-жек тоқтатылады. Жалпы, статистика бойынша оның көбiсi қабаққа қатысты. Кейде бапкерлер де шәкiртiнiң жарақаты себептi жарыстан шығып қалғанына күйiнедi, ренiшiн айтады. Таразда өткен ҚР чемпионатында бiз қабақ жарылса да, ары қарай бокстасуға мүмкiндiк бердiк. Бұл соңғы өзгерiс те емес. Әлi де өзгерiс болады. Әр жүйенiң өзiнiң бiр кемшiлiгiмен қатар, артықшылығы да бар.
Келешекте дулығаны қайта кигiзетiн шығар. Әрбiр сайысқа талдау жасағанда осындай мәселе айтылып жүр. Өйткенi жарақат көп. Кәсiпқой бокста бет-жүзiң қан-жоса болып жатса да ара түспейдi. Ал әуесқой бокста бұлай болмайды.
 
ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН ОЛИМПИАДАҒА МЕН ҒАНА IЛIКТIМ
 – Бейжiң ойындарында төрешiлiк еткендердiң iшiн­дегi ең жасы сiз болдыңыз.
– Бейжiң Олимпиадасына бару үшiн үш жарыста iрiктеуден өттiк. Бiрiншiсi – Тайландтағы iрiктеу турнирi, екiншiсi – Чикагодағы әлем чемпионаты, үшiн­шi, яғни соңғы iрiктеу жарысы Астанада өттi. Ол кезде төре­шiлердiң жұмысын бағалайтын рейтинг бар. Компьютер баға бередi. Үш жарыстың қорытындысы бойынша жиырма жетi төрешiнiң арасынан мен бiрiншi орын алдым. АИБА-ның екi адамы баға бередi. Қапталдағы, шаршы алаңдағы жұмысыңды бағалайды. АИБА төрешiлер алқасының орынбасарлары жұмысымыздың қорытындысын шығарды. Олимпиадаға iрiктеуге Орталық Азияның бес елiнен өкiл қатысқан. Сол бес елден жалғыз өзiм Олимпиадаға жолдама алдым. Азия құрлығынан iрiктеуге қырық алты елдiң қазысы қатыс­ты. Содан алты төрешi ғана үздiк шықтық. Оның үшеуi – қытай. Филиппин, Тайланд, Оң­түстiк Кореядан және мен. Олимпиадаға қатысқаны – отыз төрт төрешi.
Бейжiңге келгендегi алғашқы сезiмiм өте керемет. Жарыстар өтетiн үлкен залды көрсеттi. Жиырма үш мың адам сиятын кешенде боксшыларға төрелiк ету оңайға соққан жоқ. Қаншама экран, камералар тұр. Қайда жүрсең де, камераның бақылауындасың. Барлық айтқан сөзiң таспаға жазылады. Сол отырғаннан айтқан әрбiр сөзiң, демал­ғаныңа дейiн. Ешқандай артық сөз айтпау керектiгiн ескерттi. Алланың қалауымен бiрiншi күннен финалға дейiн жұмысты сәттi атқарып шықтық. Сырттай жеңiл көрiнетiн шығар, бiрақ психологиялық жағынан өте ауыр.
Күн сайын төрешiлер де азайып отырды. Ширек финалда әлгi отыз төрттен он жетi төрешi ғана қалдық. Финалда жұмыс iстеуге он бiр төрешi ғана рұқсат алды. Финалдың бiрiншi күнi Қытай мен Ирландияның сексен бiр келiдегi боксшысына төре­шiлiк еттiм. Әр раундтың секунд­тарын iштей санап тұрасың. Раунд бiткеннен кейiн қаншама адамның назары сенде болады. Бас төрешiден басқа, қаншама адам бақылап отыр. Бiр қуанғаным, менiң атыма ешқандай шағым түскен жоқ. Осындай ауыр жұмысты абыроймен атқарып шыққанымызды ескерiп, АИБА басшылары бәрiмiздiң қолымыздан қысып, рақметiн айтты. Чинг Куо Ву мырзадан арнайы диплом алдық.
“Ең үздiк төрешi” атағы қытайлық Ли деген азаматқа берiлдi. Өзi армия генералы. Қытайда белгiлi адам. Менiң жақын достарымның бiрi. 2004 жылы Афины ойындарына iрiктеу турнирi Пәкiстанның Карачи қаласында ұйымдастырылды. Сол кезде Бақтияр Артаев пен Пәкiстан боксшысына Ли төрешi болған. Бақтияр пәкiстандықты ойсырата соғып жатқанда Ли тоқтатып, арашалай бердi. Жиыр­маға екi ұпай жетпей тұрған сәт. Жиырмаға жетсе, айқын жеңедi. Сондай жағдай болғанын Лидiң өзi айтты. Қытай досым Бейжiңге қонаққа шақырып тұрады.
 
МАНУСҚА ТАҒЫ ЕСКЕРТУ БЕРУ КЕРЕК ЕДI
– Өзiңiздiң жұмысыңызға көңiлiңiз толмай қалған жекпе-жек бар ма?
– 2006 жылы Дохада өткен Азия ойындарында Олимпиада жүлдегерi кәрiс Ким Жунг Жу мен тайлық Манус Бонжумнонгтың жекпе-жегiне төрешiлiк еттiм. Сол кезде мен Манусқа бiр ескерту бергенмiн. Сол есiме түссе, тағы да екi ескерту беру керек пе едi деп ойлап қоямын кейде. Сонда Манус чемпион болды. Мен оған ескертудi қарсыласын ұстағаны үшiн бер­генмiн. Өте қу боксшы. Оның үш бәсекесiне төрешiлiк еттiм, жақсы бiлем. Сол кезде Манусқа төрешiлер ескерту беруге қор­қатын. Өйткенi Тайландтың Табиб деген генералы АИБА вице-президентi болды ғой. Бейжiң ойындарында Сәпиевтiң өзiн де бiрнеше рет ұстап, кедергi келтiрдi. Әрi қисық ұратыны да бар.
Манус Тайландтың батыры саналады. Олимпиададан кейiн алған миллиондаған сыйақысын ойынханаға ұтқызыпты. Бейжiңде Сәпиевке қысым жасалған себебi – Манусқа екi дүркiн Олимпиада чемпионы атағын алып беруi керек болды. Финалда Домииникан боксшысын да жеңiп шығады деп ойлады. Бiрақ Феликс Диаз оған еш мүмкiндiк бермей, сiлейте сабаған жоқ па.
 
 КӨЛIК ҚАҒЫП КҮРЕСТI ДОҒАРДЫМ
 – Боксты доғаруыңызға жарақат себеп болды дейдi.
– 1991 жылы ауыр жарақаттанып, ақыры спортты қоюға тура келдi. Қыста кросс жүгiрiп келе жатқанда көлiк қағып жүре алмай қалдым. Кейiн жазылып кетедi деп шыдап жүре берiппiн. Алматыға әкеммен бiрге шипажайға барып, қаралып жүрдiм. Кейiн қайта Талдықорғанға келiп жаттығуды бастағанымда ескi ауру сыр бердi. Ауруханада жат­қанда бапкерiм “саған қою керек” деп кесiп айтты. Одан кейiн 1995 жылы Бiшкекте Дүйшенқұл Шопоқов мемориалы менiң соңғы жарысым болды. Осы кезде ескi жарақатым қайта мазалап, ақыры боксты қойдым. Асқарбек аға бос жүрмей, бапкерлiкпен не төрешiлiкпен айналысуға үгiт­тедi. Төрешi де, бапкер де болғым келген. Бiрақ екеуi екi түрлi жұмыс. Одан кейiн бiржола төрешiлiкке бет бұрдым.
 
 ОЛИМПИАДАДАН КЕМI ЕКI АЛТЫН АЛУЫМЫЗ КЕРЕК
– Бразилиядағы Олим­пиа­да ойындарының алауы жағылуына бiр-ақ жыл қалды. Боксшылардан қандай үмiт күтесiз?
– Ең кемi екi алтын алуымыз керек. Сиднейден берi оңтүс­тiкте де жеңiстi жол үзiлiп қалды. Он алты жыл болыпты. Алла қаласа, шымкенттiк Бiржан Жақыптың алтын алатын сәтi туғандай. Екiншi үмiткер Данияр Елеусiнов пен Жәнiбек Әлiмханұлы. Жәнi­бектi бокстың феноменi деп айтып жүрмiз. Дарынды жiгiт.   Данияр Елеусiнов сияқты қарсыластарымен әртүрлi бокстасады. Қанжығамызға бес-алты медаль байлануы керек. Соның iшiнде екi алтын болса екен. 
Сұхбаттасқан  Тағабай ҚАСЫМ,
Шымкент қаласы.  
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар