1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №41 (16019) 26 мамыр, сейсенбі 2015
"Жас Алаштың" спорт беті.
26 мамыр 2015
Ресей боксшылары «арландардан» «таланды»

Бүкiләлемдiк бокс сериясының биылғы маусымының жартылай финалдық айқасын ресейлiк клубқа қарсы өткiзген “Астана арландары” финалға шықты. Астана қаласында өткен жартылай финалдық сайыста ресейлiктер “арландардан” 1:9 есебiмен ұтылды. Екi күнге ұласқан он жекпе-жектiң тоғызында бiздiң жiгiттердiң айдарынан жел естi. Бәзбiреулер Ресей құрамасының бас бапкерi Эдуард Кравцов Астанаға екiншi, үшiншi нөмiрлi боксшыларын, тiптi бокстың не екенiн үш жылдан берi ғана үйренiп жүрген жастарды әкелдi, сол себептi ұтылды дейдi. Қалай айтса, солай айтсын, бүкiләлемдiк бокс сериясының жартылай финалдық айқасы Тамбов облысының бiрiншiлiгi емес, өңiрдiң өндiрдей жастарын қосатын. Бүкiләлемдiк бокс сериясының жартылай финалы болғандықтан ресейлiктерге қасқаларын әкелуге ешкiм тоқтау салған жоқ. “Астана арландары” жарады! 

Ендi жекпе-жектер жө­нiнде. Бiрiншi сайыс күнi 49 келiде Темiртас Жүсiпов Вадим Кудряковты сабап, жеңiстiң даңғыл жолын ашып бердi. 56 келiде әлем чемпионатының қола жүл­дегерi Қайрат Ералиев Андрианик Григорянды ұтты. 64 келiде “арландардың” капитаны Самат Бәшенов Авак Узлянды шiдерлсе, 75 келiде Мейiрiм Нұрсұлтанов Сухроб Сидиковты сабасына түсiрдi. 91 келiде Василий Левит Виталий Кудуховтың тауанын шақты. Кудухов ережеге бағынбай шынтақпен қағып жiберiп, және бiр емес бiрнеше мәрте қыңырлық танытқаны үшiн жекпе-жек 4-раундта тоқтатылды.
Бiрiншi жарыс күнiнiң қорытындысы жөнiнде Ресей құрамасының бас бап­керi, Russian Boxing Team клубының боксшыларын Астанаға бастап келген Эдуард Кравцов:
– Басқа жекпе-жектерде жығып бердi деп өкпе артпаймын. Бiрақ 56 келiде қирай жеңiлмегенiмiз анық. Дегенмен төрешiлер айқын басымдықпен Қайрат Ералиев жеңдi дегенде түсiн­бей қалдым. Әйтпесе, Андраник Григорян рингте қалғып-мүлгiп жүрмегенiн бәрiмiз көрдiк. Қимылы да ширақ едi. Жартылай финалдық айқастың бiрiншi күнiнде боксшыларымыз психологиялық әлсiздiкке тап болып “сынып кеттi”, – дедi.
Жартылай финалдық айқастың екiншi жарыс күнiнде Олжас Сәттiбаев (52 келi) Карен Арутюнянды жеңдi. 60 келiде Зәкiр Сафиуллин Артур Субханкуловты сi­лелеттi. 69 келiде Данияр Елеусiнов Якуб Нуриевтен басым түстi. 81 келiде Нұр­дәулет Жарманов қана   Эдуард Якушевке есе жi­бердi. Аса ауыр салмақта Иван Дычко Максим Баба­ниндi 2-раундта техникалық нокаутпен есеңгiреттi.
Ендi бiздiң жiгiттердi финалдық айқас күтiп тұр. Финалда кубалық қабыландар қарсы шаппақ. Марат Жақиев баптайтын “арландардың”, Мырзағали Айтжановтың “еншiсiндегi” ұлттық құрама боксшыларымен тiзе қосып биылғы маусымның жеңiмпазы атануға әлеуетi де, күшi де жетедi деп се­немiз. 
 
Мырзағали Айтжанов, ұлттық құраманың бас бапкерi: Капитан темiр емес
   Ұлттық құраманың белдi боксшыларынан үшеуi жартылай финалдық сайысқа қатысты. Бiрiншi күнi рингке шыққан шәкiртiм Қайрат Ералиев бар мүмкiндiгiн паш еттi деп ойлаймын. Әлем чемпионы, жазғы Азия ойындарының екi дүркiн жеңiмпазы, ұлттық құраманың капитаны Данияр Елеусiнов жұрт күткен межеден көрiне алған жоқ. “Неге ол әбжiл қимылдап, шеберлiгiн көрсетпедi?” деп сұрайтындар көп. Ол қазiр бабында емес. Денсаулығын сауықтыру мақсатында ем-дом алды, жаттығуға қосылғаны жаңа. Боксшы да – адам. Үнемi өзiнiң бабын жоғалтпайтындай темiр емес. Күзде Катарда өтетiн әлем чемпионатына дейiн бабына енедi. Иван Дычко нокаутпен ұтты. Бүкiләлемдiк бокс сериясының додасына бiрiншi рет қосылып отыр. Дычконың айқын басымдықпен жеңуi зор мәртебе болды. 
Финалға шықтық, кубалықтарды ұта аламыз ба? Қиын сұрақ. Осы жобаның үшiншi маусымында “Астана арландары” чемпион болды, былтыр кубалықтар жеңiске жеттi.     Биылды доданың дақпырты одан да зор болатыны анық.    “Арландар” өлiспей берiспейтiнiне сенiмiм кәмiл.
 
Эдуард Кравцов, Ресей ұлттық құрамасының бас бапкерi: Финал қиын тиедi
– Жiгiттерге өкпем жоқ. Бiз 9:1 есебiмен емес, 7:3 нәтижесiмен жеңiлдiк деп есептеймiн. Екi боксшымыздың обалы төрешiлерге. “Астана арландары” финалға шықты. Оларды ендi Куба боксының белдi саңлақтары күтiп тұр. Кубок кiмнiң қанжығасына байлануы мүмкiн? Былтыр осы жобаның чемпионы атанған кубалықтармен   топтық кезеңде екi мәрте қолғап түйiстiрдiк. 30 қаңтарда Гаванада 5:0, 20 наурызда Мәскеуде 4:1 нәтжесiмен жеңiлдiк. Кубалықтардың құрамындағы боксшылардың қабiлет-қарымын жақсы бiлемiн. 52, 56, 60, 64 келi салмақта кубалықтар сөз жоқ, қауқарлы. 69 келiде Данияр Елеусiновке Сотолонгоны жеңу аз шаруа болмайтын секiлдi. Егер финалдық айқасқа Елеусiнов қатысса. 75 келiде әлем чемпионы Жәнiбек Әлiмханұлына сенiм артылса, жерге қарата қоймас. 81 келiде жеңiс кубалық Ла Круздiкi болатыны ақиқат. 91 келiде Василий Левит шықса, кубалықтар Савонды қарсы салуы мүмкiн. Екеуiнiң де шама-шарқы деңгейлес. Аса ауыр салмақта Иван Дычконы жығатын боксшы жоқ кубалық клубта. Финалдық айқас тең нәтижемен түгесiлуi мүмкiн. Жеңiмпаз қосымша салмақ дәрежесiндегi айқаста анықталуы да ғажап емес. Бапкерлер ұлттық құрамадағы белдi боксшыларды қатарға қосып, “арландарды” күшейтпесе, кубалықтар шайнамай жұтуға әуес ұжым. Осыны естен шығармау керек.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар