1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №37 (16015) 13 мамыр, сәрсенбі 2015
"Жас Алаштың" спорт беті.
13 мамыр 2015
Дәулет Ниязбеков, Азия чемпионы: Есемдi ендi жiбермеймiн

Катардың төрiне төселген кiлем үстiнде еркiн күрес балуандары шетiнен ұтылып, дiңкелеп жат­қанда еңсемiздi Дәулеттiң алтын медалi тiктедi. 61 келi салмақ дәрежесiнде белдесуге түскен Дәулет құрлықта қарсы келер балуан жоғын паш етiп, Азия чемпионы атанды. “Туған жерiм Қызылордаға барып ағайын-туыс­тың амандығын бiлiп, аунап-қунап қайтам. Уақыт тығыз, алда жауапты сын тұр. Басты мақсат – АҚШ елi ұйымдастыратын әлем чемпионатында топты жарып, олжа салу” деген Дәулеттен сұхбат алдық.

– Дохадағы белдесу­лерiңдi тамашаладық. Жартылай финалдағы қарсыласың моңғол Номи Батболд оңай берiле салмаған секiлдi. Оған дейiнгi балуандарды көп күшiңдi сарқымай-ақ жықтың ғой. 
– Моңғолдың жастар арасында белдесiп, ересектер дуына жаңа қосылған бозбала ғой. Тәжiрибесiнiң таяздығын есепке алып, аса қиынға соға қоймас деген едiм. “Нағыз зордың” өзi болып шықты. 
– Финалда ирандық Бэхнам Иснаг Эхсанпурды жықтың. Күрес түрлерiнен Азия чемпонаты былтыр Астана қаласында өтiп, жартылай финалда ирандық балуанға есе жiберген едiң. Бұл жолы қарымтасын қайтардың, жарайсың!
– Рақмет. Финалдық белдесуде есеп 4:3 болып жеңiс менiң пайдама шешiлдi. Ирандықты тулақша илеуге әбден болатын едi, жартылай финалда моңғолмен белдесемiн деп аяғымды ауыртып алдым. Ет қызуымен байқамаппын, үзiлiстен кейiн кiлемге шықсам, аяғым қақсап қоя бердi. “Бұған дейiн екi рет уысымнан сусытып алған алтын медальдан бұл жолы айырыла қоймаспын” деп серт бердiм. Ұлттық намыс, елдiң абыройы тартысқа түскенде жарақатым деп жата кетсем, жiгiттiгiме сын емес пе. “Аяғым сынса, сүйретсем де елге жетермiн” деп өзiмдi-өзiм қайрадым. 2009 жылы жастар арасында өткен Азия чемпионатына да сынған қолымды жасырып, жарақатқа қарамастан күрестiм ғой. Бiз үшiн де “бас жарылса, бөрiк iшiнде, қол сынса, жең iшiнде”.
– Бәрекелдi, былтыр Оңтүстiк Кореяның Инчхон қаласында өткен жазғы Азия ойындарында қола жүлденi қолыңнан сусытып алдың. Араға алты ай салып, құрлық бiрiншiлiгiнде қара үзiп отырсың. Азиядағы бәсекелес­терiңдi көрдiң. Қоңыр күзде әлем бiрiншiлiгi бар. Қарсыластарыңды байқастап жүр­сiң бе?  
– Азия чемпионатында топ жардым, демек, мен мықты екенмiн деп мақтауға семiруге болмайды. Күрес кез келген елде сәт сайын өркендеп жатыр. Үлкен спортта белбеуiң босап кетсе болды, қарсыластарың аударып тастайды. Әлем чем­пио­натына жоғарыда сөз еткен ирандық балуан барын сала әзiрленiп жүр екен. Ресейлiк балуандарды да ескермеуге болмайды. Былтыр Ташкентте өткен әлем чемпионатында әзiрбай­жандық спортшының бағы жанды. Бұлардан бөлек Түркия елiнiң намысын қорғап жүрген ресейлiк келiмсек балуан бар. Осылардың қарымы да, арыны да қатты.
– Лондон Олимпиадасына 55 келiде қатысып, 5-орын алдың. Көп өтпей 61 келiге ауыстың. Бiрақ сенiң белде­сiп жүрген салмағың олим­пиа­далық салмақ саналмайды. Жанкүйерлер Рио-де-Жанейро жазғы Олимпиадасында сенiң де күреске кiргенiңдi көргiсi келедi.
– Жазғы Олимпиада ойындарының жолдамасын иелену үшiн 65 келiге ауысуым керек. Оны бұрыннан ойлап жүрмiн. Бiрақ дәл қазiр салмағымды ауырлатпаймын. Әлем чемпионатына 61 келiде қатысып, топ жарғым келедi. Қазақ спортында еркiн күрестен әлем чемпионы атанған қазақ баласы жоқ. Олқы соққан тұсымызды бүтiндеу – бiздiң парызымыз.
– АҚШ-та өтетiн әлем чемпионатына 61 келiде қа­тысқаныңмен, Олимпиаданың жолдамасы өзге салмақ дә­режелерiнде үлестiрiлмей ме? Одан бұрын 55 келiде белдестiң, қазiргi салмағың – 61 келi. Ендi 65 келi­ге ауырлауға салмағың тола ма?
– Қазiр бiрден 65 келiге өту қиын тиедi. Жаңа салмаққа ауысудың машақаты – бойыңды үйрету. Әлем бiрiншiлiгiнiң де төбесi көрiнер жерде. Қысылтаяң шақта өзге салмаққа ауы­сып қиындыққа тап болғым келмейдi. Рио-де-Жанейро жазғы Олимпиадасының жолдамасы әлем чемпионаты өткеннен кейiн Астанадағы турнирде де таратылады. Сол кезде бапкерлер сенiм артса, 65 келiде жолдама үшiн кү­ресермiн. 
– Спортшы үшiн әрбiр жарыс сынақ қана емес – үлкен мектеп. Жiберген қателiгiңдi түзеуге екiншi сайыста мүм­кiндiк берiледi дегендей.
– Сөзiңiздiң жаны бар. “Жанды жерiм” дегендей менiң де ең әлсiз тұсым – психологиялық әзiрлiгiмнiң кемшiн соғуы. Рас, бұған дейiнгi қатысқан қандай дода болмасын белдесуге шығарда қарсыласымның атақ-абыройы, беделi қатты әсер ететiн. Олимпиада ойындарының же­ңiмпазы, әлем чемпионы деген атаққа ие балуандармен жолым түйiскенде олардың жетiстiгi санамда сайрап, кетпей қоюшы едi. Бұл жолы ондайды сезiнген де жоқпын. Демек, психологиялық әзiрлiгiм де жақсарды деп айта аламын.
– Рио-де-Жанейро жазғы Олимпиадасына жолдама иеленiп, жолың түссе, Лондон Олимпиадасында жiберiп алған мүмкiндiктiң есесiн қайтару керек сияқты.
– Айта берсем, “жеңiлгеннiң сөз құрысын” дейтiндер табылады. Расында да Лондон Олимпиа­дасында қола жүлде қол созым жерде тұрды. Қола жүлде үшiн кiлемге солтүстiккореялық Янг Ки тұла бойын майлап, жылтырап шықты. Бұл жолы есемдi ешкiмге жiбермеймiн.
Сұхбаттасқан Қ.Көшек,
Алматы қаласы.

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар