1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №29 (16007) 14 сәуір, сейсенбі 2015
"Жас Алаштың" спорт беті.
14 сәуір 2015
Спорт ақпарат

ТАЙСОНҒА ТЕҢЕП ҚАЙТЕМIЗ

Кеше, 8 сәуiрде WBA (Super), IBO һәм WBC (Interim) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, Геннадий Г оловкин 33 жасқа толды. 
Өткенде ғаламторда әулекi Майк Тайсонды Головкинмен теңеген пiкiрдi оқыдым.   Мұнымен келiсе алмаймын. Себебi Тайсон – алаяқ. Оны өзi бетi бүлк етпестен жазғаны да жұрттың есiнде. Биографиялық «Бесспорная правда» деген кiта­бында өзiнiң даукес екенiн мойындаған.
Тайсон 11 жасынан бастап есiрткi тұтынған. Ал жекпе-жектерге шығарда қолдануға тыйым салынған препараттарды iшiп, онысын бiлдiрмеу үшiн допинг-тестiге жасанды мүше (искусственный пенис) пайдаланғаны да әшкерелендi. Тiптi Анджей Голотаға қарсы айқасқа шығарда өтiрiгi ашылып, қомақты айыппұл да төлегенiн бiлемiз. Оның мiнезiндегi «жындылықты» өршiтiп, қарсыласының құлағын тiстеп алу сынды әрекетке барып есiруiне есiрткiнiң тигiзген әсерi мол.  
Мiне, осындай оспадар мiнездi боксшыны Геннадиймен теңестiруге бола ма? Өзi Геннадий жөнiнде пiкiр де айтып, «Украин боксшысы Ломаченко Головкиннен жоғары» деп гөйiткен   Тайсонды жампозымызбен салыстырып қайтемiз. 
Сержан Шакрат,
ҚР еңбек сiңiрген қайраткерi,
Маңғыстау облысы.
 
ДОДАНЫҢ ҮЗДIГI ДЕДI
Ауыр атлетикадан жасөспiрiмдер арасындағы әлем чемпионаты Перудiң Лима қаласында өтiп, елiмiздiң ауыр атлеттерi 2 алтын, 2 күмiс медальдi олжалады.
Ерлер арасындағы сында Игорь Сон 50 келi салмақ дәрежесiнде әлем чемпионы атанса, қыздар бәсекесiнде 69 келiден жоғары салмақта Татьяна Капустинаның күшiне теңесер атлет болған жоқ. 
Әлем чемпионатының күмiс жүлдесiн 58 келiде Әйгерiм Ауылбек пен 85 келi салмақтағы атлетiмiз Шыңғыс Сағындықов иелендi. Әлем чемпионатын ұйымдастырушылар Сон мен Капустинаны доданың ең үздiк атлеттерi деп танып, қанжығаларына қомақты сыйды бөктерiп бердi.
 
ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ
Алматыда тоғызқұмалақтан әлем чемпионатының түңлiгi түрiлдi. 17 сәуiрде аяқталатын әлемдiк додаға елiмiздiң құрамасынан өзге әлемнiң 23 елiнен тоғызқұмалақ шеберлерi қатысады. Классика, рапид, блиц түрлерi бойынша өтетiн дода үшiншi мәрте ұйымдастырылып отыр. Тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты алғаш рет 2010 жылы Астанада өткiзiлсе, 2012 жылы   Чехияда ұйымдастырылды.  
2008 жылы тоғызқұмалақтың дүниежүзiлiк федерациясы құрылып, осы уақытқа дейiн Түркия, Ұлыбритания, Швейцария, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей сынды елдерде халықаралық сайыстар өткiзiлдi.
 
КАПИТАННАН ЫҚТЫ МА ЕКЕН?
Бүкiләлемдiк бокс сериясының (WSB) биылғы маусымындағы 12-жекпе-жегiн өткiз­ген “Астана арландары” “Пуэр­то-Рико Харрикейнс” клубының боксшыларын 4:1 есебi­мен еңсердi.
Марат Жақытов баптайтын “Астана арландары” клубының әлеуетiн арттыру үшiн ұлттық құрама боксшылары да “арландыққа” жарап жүргенi бел­гiлi. Пуэрто-Рикадағы айқасқа түсуге ұлттық құраманың капитаны, 69 келiде Данияр Елеусiнов те дайын болған-ды. Бiрақ қарсыласы Флаз Никлаус сырқаттанып қалып, жекпе-жектен бас тартты.
52 келiде Олжас Сәттi­баев­тың сапары сәтсiз болды. Үш төрешi де Олжастың қарсыласы Ситрон Хесустiң ше­берлiгiн жоғары бағалап, жеңiстi ұстатып жiбердi. 81 келi салмақта хорватиялық “арлан” Хрвое Сеп Жозеф Лабойды сабады. Септiң жеңiстi жолын 60 келiде Зәкiр Сафиуллин де жалғап, Росарио Хосенi жеңдi. Аса ауыр салмақта Филип Хргович бәкене бойлы Медина Хосе Габриэльдi екiншi раундта техникалық нокаутпен ұтты.
36 ұпаймен “В” тобында көш бастап келе жатқан “арландар” екiншi сатыдағы әзiр­байжандық “Баку оттары” клу­бынан 10 ұпай ұзап алды.
“А” тобын былтыр осы жобаның жеңiмпазы атанған кубалықтар бастап тұр. Олардың да еншiсiнде 36 ұпай бар.
“Астана арландары” келесi айқасын 18 сәуiрде аргентиналық клубтың боксшыларына қарсы өткiзедi.
 
АРБАНЫҢ АРТҚЫ ДОҢҒАЛАҒЫ ДА...
Әзiрбайжан астанасында өтiп жатқан халықаралық турнирде елiмiздiң жасөспiрiмдер құрамасы екi матчқа қатысып, ойсырай ұтылды.
Алдымен Әзiрбайжан жасөспiрiмдер құрамасына қарсы ойнап, 4:0 есебiмен жол бердi, екiншi ойында Грекияның жасөспiрiмдерi де оңдырмай 6:1 есебiмен сансырата ұтты. Бүгiн Грузиядан келген қарсыластарының қарымына төтеп бередi.
Дайындаған Қуаныш Бажақ.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар