1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №29 (16007) 14 сәуір, сейсенбі 2015
"Жас Алаштың" спорт беті.
14 сәуір 2015
Аякөзден Парижге жол салған бапкер

КСРО-ның еңбек сiңiрген жаттықтырушысы, самбо күресiнен 122 КСРО спорт шеберiн, 6 халықаралық дәрежедегi спорт шеберiн, 2 КСРО-ның еңбек сiңiрген спорт шеберiн тәрбиелеген шәкiрттерi әлем, Еуропа, Азия чемпионаттарында, КСРО бiрiншiлiктерi мен спартакиадаларында топ жарған бапкер, халықаралық дәрежедегi “Экстра класс” атағын алған әдiл төрешi, самбодан Франция құрамасын баптаған Марат Жақыт туралы толғаныс. 

Марат Аякөздiң iргесiн­де Сергиополдағы (қазiргi Мамырсу) мектепте оқыды, мен Аякөз ауданына қарасты, Таңсық кеңшарындағы К.Қадiржанов атындағы Қызылқия орта мектебiнде бiлiм алдым. 
Ол кезде жыл сайын спорттан аудандық жарыстар мен байқаулар өтiп тұ­ратын. Сондай жарыстың бiрiнде Маратпен қатар күресiп танысқан едiк.
Мектеп бiтiргеннен кейiн Алматыға оқуға түсiп, ол ауылшаруашылығы саласында, мен КазГУ-да оқып, Марат агроном мамандығын алды да, мен математик болып шықтым.
Жолдамамен мен Жамбыл же­ңiл және тамақ өнер­кәсiбi технологиялық институтына ұстаздық жұмысқа орналастым. Марат Семей облысының Жарма ауданына агроном болып кеттi.
Семейге агроном болып кеткен Марат әскери борышын Белоруссияда өтеп, самбодан Кеңес армиясының спартакиадасын ұтты. Қарулы күштер арасында өткен чемпионатта Одақ бойынша үшiн­шi орын алды.
Оның студент болғандағы Одақтық деңгейдегi алғашқы жарысы кәсiподақ­тар спартакиадасы болды. Орыс самбосының атасы атанған, алғашқы самбо күресi туралы кiтап-оқулықтың авторы, Одақ құрамасының бас бапкерi А.Хар­лампиевтiң төл шәкiртi, Одақтың үш дүркiн жеңiм­пазы, Халықаралық дәре­жедегi спорт шеберi Виталий Дорошкеевичтi жай ғана “бiрiншi дәрежелi спортшы” Марат Мәскеудiң төрiндегi жарыста жамбасқа салып омақастыра тастағанда төрешiлер ұпай жазбай Маратқа қия­нат та жасаған едi. Өйткенi бұл жарыста бас төрешi – Анатолий Харлампиев, ал Дорошкеевич оның шәкiртi ғой. Қысқасы екеуi тең түстi деп жеңiстi Дорошкеевичке бай­лап жiбередi. Қалған белдесулерде сүрiнбей өт­кен Марат үшiншi орынды мiсе тұтады.   Одақтық дең­гей­дегi жарыста (Мәскеуде) үшiншi орын алу деге­нiмiз “КСРО спорт шеберi” нормативiн орындадың деген сөз. Сөйтiп, студент Марат самбодан “КСРО спорт шеберiн” алған тұң­ғыш қазақ атанды.
 
ҚҰРАМАДАН НЕГЕ ҚУДЫ?
1966 жылдың жазында дүние­жүзiлiк студенттер ойы­ны Мексикада өтетiн болып, соған қатысу үшiн самбо мен дзюдодан бiр-бiр студент баратын болады. Бапкерлер кеңесi ақылдаса келiп сол кезде самбо күресiнен атой салып жүр­ген Дорошкеевич пен Марат­қа таңдау түседi. Онда да самбодан Дорошкеевич, ал дзюдодан Марат барады деп шешедi.
Осылайша Маратқа дзю­до күресiне бетбұрыс жасауға тура келедi. Оқу-жаттығу жиынын Одақ­қа аты мәшһүр Анатолий Харлампиевтың өзi басқарады. Самбоға деген жалғыз орынды Дорошкеевичке бергендiктен, А.Харлампиев бастаған бапкерлер кеңе­сiнiң Маратқа жасаған жақсылығы сол, дзюдо күресi жақсы дамыған жапон елiнен арнайы бапкерлер алдырып жаттықтыра бастайды. Оның өзiнде Мараттың салмағына тағы да бес адамды қосып, осы алтаудың ең мықтысы барады дегендей сыңай танытады. Күнде iрiктеу-сұрыптау жарысы өтедi. Бiрақ жаттығу кезiнде Марат суырылып алға шығады, бесеуiн де шаң қаптырып даралана берген соң Мексикаға баратындардың құжаттарын да­йындау тiзiмiне амалсыз Маратты ұсынады. Қысқасы, дзюдодан студенттер арасында КСРО-ның бiрiншi нөмiрлi балуаны Марат болады. Шетелге жүрерде А.Харлампиев: “Сен Мексикада Алматының атынан емес, Мәскеудiң атынан күресе­сiң, сондықтан Мәс­кеудегi Тимирязев атындағы Ауыл шаруашылық Академиясына оқуыңды ауыстыр”, – деп шарт қояды. Марат Алматыға келiп бапкерi Петр Терещенкоға жағдайды айтқанымен,   құжаттарын бергiзбейдi. Құ­жатсыз келген Маратты А.Харлампиев “мен тiрi тұр­ғанда сенi күреске жолатпаймын!” деп құрамадан шығарады.
“Мiне, өстiп, Харлампиевтың бiр ауыз сөзi күрестегi тағдырымды шештi” деп өкiнiш­пен еске алады.
Белдесуден бапкерлiкке ауысқан Мараттың шәкiрт­терi Нұрбай Жармұхаметов, Алмас Мұсабеков, Қанат, Талғат Байшолақовтар, ағайынды Ағайдаровтар Одақтың, қазақтың туын желбiретiп әлемге атой сал­ған кездерi кiм-кiмдi болса да тебiрентпей қойған жоқ.
Мұның бәрi бапкердiң, бапкер­лiк таланттың жемiсi болса керек. Оған айғақ 1976-79 жылдары самбода КСРО-ның ересектер және жастар құрамасының 70-80 пайызы Мараттың дайындаған шәкiрт­терiнен жасақталатын.
1977 жылғы Одақ бойынша “Урожай” спорт қоғамының бас бапкерлiк қызме­тiнен үмiттенiп, 15 республикадан сайлауға түскен бапкерлердiң iшiнен Марат көп дауыс алып, бас бап­керлiкке тағайындалды. Бұл қызметiн ол 1991 жылға дейiн атқарды. 1979 жылы көктемде Анатолий Харлампиев қайтыс болған соң күзде Маратты “Урожай” спорт қоғамының бас бап­керлiгiне қоса КСРО құрамасының бапкерi етiп тағайындайды.
Осы тұста оның жаттықтырған шәкiрттерi Алмас Мұсабеков, Қанат Байшолақов, Сергей Волобуев, Айбатыр Махмұтов, Сәлкен Жартыбаевтар КСРО-ның беткеұстар самбошылары атанып, Одақ құрамасына алынады да әлемдiк, Еуропа және Азия чемпионаттарында топ жарды.
 
ФРАНЦИЯ ҚАДIРIН БIЛГЕН ҚАЗАҚ
1981 жылы Париж қаласында самбодан әлем бi­рiншiлiгi өтетiн болып, француздарды баптауға Маратты Францияға жiбе­ре­дi.
Марат дайындаған Фран­ция құрамасындағы алты балуанның үшеуi финалда күреседi де, француздар командалық есепте, Кеңес Одағы мен Моңғолия бал­уандарынан кейiнгi үшiншi орынды алады. Мұндай жетiстiкке бұрын-соңды же­тiп көрмеген француздар Маратты тағы да “екi жыл жұмыс iстеңiз” деген ке­лiсiмшарт ұсынып, қолқа салады. Бiрақ Одақтың спорт басшылары рұқ­сат бер­меген­дiктен елге қайтады.
КСРО құрамасын баптап, француздарды тәнтi еткен Марат “Қазақ спорты” газетiне берген сұхбатында былай дейдi: “Бапкер ең бiрiншi еңбекқор болуы керек. Әрбiр шәкiртiңдi өз балаңдай жақсы көр. Сенiң қабақ қағысыңнан олар бәрiн аңғаратын болсын. Үшiншiден бапкер өз iсiне сенiмдi болуы шарт. Бап­кердiң сенiмi нық болса, шәкiрттiң де сенiмi орнығады. Көңiлiңдегi қауырсындай қобалжуды бала аң­ғарып қояды. Өз басым кiлем үстiнде күресiп жат­қан шәкiрттерiме ешқашан айқайламаймын, жай ғана қол арқылы ыммен ескер­тетiн белгiлерiм бар. Одан кейiн менiң бапкер ретiнде жеке тәжiрибем, жасым қырықтан асқанша спортшылармен күрестiм. Әсi­ресе, шәкiрт­терiме қарсылас ретiнде танылған атақты спортшыларды iздеп жүрiп күресем. Мәселе жеңу немесе жеңiлуде емес, әлгi балуанның амал-айласын сезiну, осал тұсын аңғару, күш-қуатын мөлшерлеу, осыны бiлiп алам да, өз шәкiрт­терiмдi оған қарсы әзiрледiм”.
Осындай бапкерлiк таланттың нәтижесi болар, төрт жылда бiр өтетiн КСРО ауыл спартакиадасында Марат жаттықтырған Қа­зақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екi рет топ жарды.
Самбо күресiне “жамбылдық әдiс” атанып кеткен, бiрақ ресми түрде тiр­келмеген Мараттың өзi ойлап тапқан әдiс-айласы да үлкен үлес қосты.
Бұл әдiстiң ерекшелiгi кез келген жағдайда қолдануға болады. Әсiресе пар­терде қарсыласын төрт тағандатып алады да, шыр айналдырып ауната жүрiп ұпайды көсiп алады.
Самбода партерде күрес­кенде қолданатын ауырту әдiсiн Қазақстан балуандары ойдағыдай жасай алмайтынын байқаған Марат осы әдiстi алдымен бапкер өзi жақсы игеру үшiн тыңнан түрен салады. Ресейге арнайы барып самбоның ауырту әдiсiн өте шебер меңгерген Михаил Бурдиков деген бапкермен белдесуге түсiп, үш апта бойы ауырту әдiсiн үйренедi. Соңыра шеңгелiне түс­кендi босатпайтын Бурдиковтың өзi Маратқа ауырту әдiсiн жасай алмай пұшайман болады. Кейiн өзi үйренген әдiстi шәкiрт­терiне тоқытады.  
Мараттың спорттағы та­ғы бiр жетiстiгi – оның төре­лiк етуi. Заманында әлем чемпионаты 6 немесе 4 кi­лемде өтетiн болса, соның бiрiне Марат жетекшiлiк ететiн.
Азия құрлығының бас төрешiсi, Жапонияда өткен әлем бiрiн­шiлiгiнде бас төрешiнiң көмекшiсi болған Мараттың қазылық етуi жоғары бағаланып, халықаралық дәрежедегi “Экстра класс” атағын алды. 70 жас­қа толса да аттан түспей қазақ күресiнiң туын биiкте ұстап, дамуына өзiндiк үлесiн қосып жүрген досқа адал замандасымыз осындай.
Әкiм Кәкiмұлы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесi.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар