1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №21 (15999) 17 наурыз, сейсенбі 2015
"Жас Алаштың" спорт беті.
17 наурыз 2015
Елу жыл еңкейген еңсемiз қашан тiктеледi?

Еркiн күрестен әлем чемпионаттары мен жазғы Олимпиада ойындарында жеңiмпаз шығара алмау – елдiгiмiзге сын. Тәуелсiз Қазақ елiнiң спорты тарихында еркiн күрестен әлем чемпионаты мен жазғы Олимпиада ойындарының жүлдесiн олжалаған балуандарымыздың көпшiлiгi өзiмiз емес, сырттан келгендер. Қанымызда бар балуандық өнер неге жанымызды қайраттандырмайды? Жауапты бас бапкерден сұрап көрдiк.  

Беларусь елiнде жыл сайын өтетiн “Александр Медведь” гран-приiнен биыл алтын медаль бұйырмады.
Қалайда жеңiске жетуiмiз керек деген жоспар болған жоқ. Көздегенiмiз – құрама балуандарының тәжiрибесiн шыңдау. Сондықтан да бұл елге негiзгi бал­уандарды ғана емес, екiншi, үшiн­шi нөмiрлi спортшыларды да апардық. Үйренсiн, көрсiн, сырт­тағы сайыстардың қандай дәрежеде ұйымдастырылатынын се­зiнсiн деген мақсатпен оқу-жаттығу жиынын өткiзiп келдiк. Беларусьтарда Кеңес өкiметiнiң кезiнде салынған зәулiм спорт кешенi бар. Тоғыз кiлем төсеулi тұрған кешенде ұлттық құраманың балуандары Армения, Әзiр­байжан, Грузия, Ресей, Беларусь елiнiң спортшыларымен бiрлесе жаттықты.
Көпшiлiктiң халықаралық “Алек­сандр Медведь” турнирiнде   алтын медалi бұйырмауына құрамадағы белдi балуандарымыз Расул Қалиев пен Дәурен Жұ­мағазиевтiң белдесуге шықпауы да әсер еттi деп топшылауы заңды да. Жазғы Азия ойындарының күмiс жүлдегерi Расул Қалиев пен әлем чемпионатының қола жүлдегерi Дәурен Жұмағазиев жарақатына байланысты белдескен жоқ. Расулдың бе­лiндегi жарақаты қайта сыр бердi, Дәурен аяғын ауыртып алды да, қоспадық. Бiз үшiн биылғы жылдың басты додасы – Азия бiрiншiлiгi мен әлем чемпионаты. Жiгiттер жарақаттан аман болып, осынау екi додаға сақадай-сай болуы үшiн барымызды саламыз. Келесi жылы өтетiн жазғы Олимпиада ойындарының жолдамалары биыл күзде АҚШ-та түңлiгi түрiлетiн әлем чемпионатында таратыла бастайды. Алға қойған жоспарымыз – әлем чемпионатынан жүлде һәм Олимпиада ойындарының жолдамаларын олжалау. Әлем чемпионатында 5-орын алған балуандар да жолдамаға иелiк етедi. 
Балуандарымыздың бабы қай дәрежеде екенiн күнi кеше Талдықорғанда өткен ел чемпионаты мен жазғы спартакиада байқадық. Жеңiске жеткен саңлақтардың жетiстiгi туралы бiрер сөз айтсақ артық етпес. 57 келi салмақта Расул Қалиевтiң еңбек­қорлығы өзгелерiне үлгi болса, шiркiн. Финалда Ресейден әкелген Артас Санаға қарсы белде­сiп, соқыр ұпай ұстатпай 10 ұпай басымдығымен ұтқан Расул мiнездiлiгiмен тәнтi етсе, 61 келi салмақта Дәулет Ниязбеков өз салмағының серкесi атана бiлдi.
66 келiде тек мен ғана емес, жанкүйерлер де, спортшылар да Мейiржан Әшiров чемпион атанады деп ойлаған жоқ. Әлем чемпионатының қола жүлдегерi Дәурен Жұмағазиевтi жыққан Мейiр­жан финалда Саятбек Оқасовтан айласын асырып кеттi. Ұлттық құрамада Жұмағазиев пен Оқа­сов осы салмақтың серкесi саналатын, Әшiров осы екеуiн де жеңдi.
70 келiде жеңiске жеткен Нұрлан Бекжановтан да көп үмiт күтемiз. 74 келiде Жiгер Зәкiров жеңiмпаз атанды. Азамат Дәулетбеков бәсекелестiк өте күштi 86 келiде топ жарды. Азамат – жастар арасында өткен әлем чемпионатының жүлдегерi. Ересектер дуына қосылғанына көп уақыт өтпегенiне қарамастан тәжiрибелi қарсыластарының бәрiн қоғадай жапырып жеңiс тұғырына көтерiлдi. 96 келiде Әлихан Жұмаевтың жеңiске жететiне ешкiм күмән келтiрген жоқ. Себебi Әлиханның әзiрлiгi жоғары, нағыз бабындағы бал­уан екенiн алғашқы белдесуiнде-ақ байқатқан-ды. 125 келiде Дмитрий Поповты жығатын “тяж” табылған жоқ.
Жасырып қайтемiз, аса ауыр салмақтағы балуандардың аздығы құрамадағы алыптардың толысуына, қайратын шыңдауға керi әсерiн тигiзетiн. Қуанышымызға қарай   жастар өсiп келедi. Келешекте аса ауыр салмақта да бәсекелестiк күшейедi.
Журналистердiң маған жиi қоятын сауалы: “Еркiн күрестен қашан әлем чемпионы шығады?” Жауабын айта салу қиынға соғатын сұрақ. Еркiн күрестiң қазығы Қазақ даласына қағылғалы жарты ғасырдан ауды. Әлем чемпио­ны мен жазғы Олимпиада ойындарының жеңiмпазы шықпауы қабырғамыздың астына шаншудай қадалады. Үмiтiмiздi үзбей, талантты жiгiттердiң жолына сенiммен қарайық. Күрес федерациясының басшылығы да осы олқылықты бүтiндеудi жүктеп отыр. Сондықтан жiгiттер де аянып қалмайды. Мен оған бек сенемiн. 
Руслан Өмiрәлиев,
еркiн күрестен ұлттық құраманың бас бапкерi.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар