1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №13 (15991) 17 ақпан, сейсенбі 2015
"Жас Алаштың" спорт беті.
17 ақпан 2015
Ермек Имамбеков, дзюдодан ұлттық құраманың бас бапкерi: Жапондар бiздi мойындады

Қой жылында да елiмiзде олимпиадалық спорт түрiнен әлем чемпионаты (ересектер арасында) ұйымдастырылады. Астана қаласының төрiне төселетiн татами үстiнде төрткүл дүниенiң ең таңдаулы дзюдошылары күш сынасып, әлем бiрiншiлiгiнiң жүлдесi үшiн белдесуге түседi. Дзюдодан ұлттық құраманың бас бапкерi Ермек Имамбековтiң иығындағы мiндеттiң салмағы зiлбатпан. Себебi ересектер арасында өтетiн әлем чемпионаттарында қазақтың балуан баласы алтын медаль иелене алмай жүр. Өзге елде өткен чемпионаттарда жеңнен тартып, тобықтан қағушылардың болатыны айдан анық нәрсе. Ендi өз елiмiзде өткiзiлетiн додада дiңкелеп қалсақ, сөз басқа. Өйткенi 2013 жылы бокстан ересектер арасындағы әлем чемпионаты Қазақ даласында өтiп, төрт бiрдей қазақ әлем чемпионы атанды. Былтыр ауыр атлетикадан әлемдiк аламан Алатау бөктерiнде ұйымдастырылғанда Жасұлан Қыдырбаевтай қазақ әлем чемпионатының алтын медалiн алып бердi. Сол үрдiс, үйретерi мол дәстүр үзiлiп қалмауы тиiс. Көздеген межеге жету үшiн қайтпек керек? Әрине, тынымсыз еңбектену қажет.Ұлттық құрама балуандары Жапонияда оқу-жаттығу жиынын өткiзiп келдi. Бас бапкерден балуандардың жай-күйiн сұрап, сұхбат алдық.

БIР ӘДIСТI БIР КАФЕДРА ОҚЫТАДЫ
– Әңгiмеңiздi Жапониядағы жаттығу жайынан бастасаңыз.
– Жапондардың бас қаласы Токиодан 150 шақырым қашықтықтағы Токай деп аталатын университетiнiң кешенiн­де оқу-жаттығу жиынын өткiзiп келдiк. Үйренгенiмiз де көп, көргенiмiз де мол. Жiгiттерге жақсы дайындық болды. Бiзбен бiрге Жапония ұлттық құрамасының белдi-белдi балуандары да әзiрлiк өткiзiп, тәжiрибе алмасты. Әлем чемпиондары, жаз­ғы Олимпиада ойындарының жүлдесiн алып жүрген балуандармен бiр татамиде күрескен шәкiрттерiмiз шеберлiктерiн сынап қайтты.
– Бiздiң елдiң балуандарынан өзгелер барған жоқ па?
– Барды, Бiрiккен Араб Әмiрлiгiнiң құрамасы да оқу-жаттығу жиынын бiрлесiп өт­кiздi.
– Арабтардың балуандары анау айтқандай азулы емес едi, жапондардың қалай көңiлi түсiп жүр?
– Дұрыс айтасың, бiрақ арабтардың намысын қазiр молдавандар қорғайды. Мысалы, ,былтыр Ресейдiң Челябi қаласында өткен әлем чемпионатында Виктор Сквортов 73 келiде, Иван Ремаренко 100 келiде Бiрiкен Араб Әмiрлiгiне қола жүлде алып бердi. Арабтардың ұлттық құрамасында 4-5 молдаван жүрдi. Қысқасы, оқу-жаттығу жиынына үш елдiң 130-ға тарта спортшысы қатыс­ты.
– Жапондардан үйренерiмiз мол. Ойлап тапқан дзюдоның қылдан нәзiк тылсымын тек өздерi ғана жетiк меңгерген ғой.
– Әрине, олардың күресi – өнер. Бiздiң жiгiттер жасыратыны жоқ, шаршап-шалдығуға бейiм тұрады. Алғашқы минуттарда тәп-тәуiр күреседi де, ақырына дейiн шыдас бермей сынып кетiп жатады. Сосын әдiстi қолданарда қарсыласыңды қалай ұстау керек екенiн де үйрендi. Техникалық, физикалық әзiрлiктi де шыңдап қайтты. Өте айламен күресетiн балуандардың аяғы мен қолы бiрге қимылдайды. Мына ерек­шелiктi қараңыз, Жапонияда дзюдоның аяқпен шалу әдiсiн үйрететiн арнайы кафедра бар! Дзюдоның бiр ғана әдiсiне баулу үшiн бiр кафедра жұмыс iстейдi. Кодокан деген институтында дзюдоның бiр әдiсiн спортшылардың санасына сiңi­ру үшiн бiр кафедра ашып берген. Осыдан-ақ олардың мық­тылығын бағамдауға болады.  
 
ШАҚЫРҒАНЫ – МОЙЫНДАҒАНЫ     
– Ұмытпасақ, жапондармен бiрлескен оқу-жаттығу жиыны соңғы рет 2003 жылы өттi, иә?
– Жапонияға бармағалы, ұлттық құрамасымен тiзе қосып жаттығу жүргiзбегелi расында да бiр мүшел уақыт өтiптi. Былайша айтқанда, үш олимпиадалық цикл. 12 жылда талай нәрсе өзгердi, жаңарды, аға буынның орнын кейiнгi толқын басты дегендей. Бұл ел өз­дерiмен бiрлесуге ықыласты құрамалардың жетiстiгiне жiтi назар аударады. Яғни дзюдо күресiнен iлгерiлеу бар елдiң спортшыларының ғана шақыртуын құп алады. Бiздiң спортшылардың былтырғы жазғы Азия ойындарындағы же­тiстiгiн бағалаған соң ғана жаттығу жиынын бiрiгiп өткiзуге келiсiм бердi.
– Жазғы Азия ойындары дегеннен шығады, Инчхонда дзюдошыларымыз тәуiр нәтижеге қол жеткiзiп, жалпыкомандалық есепте тек кәрiстердi ғана алға оздырып, екiншi сатыға орнықты. Жапондар осыны ескерген екен ғой.
– Иә, әйтпесе осы уақытқа дейiн бiздiң өтiнiшiмiздi орындамай тастайтын. Тек Инчхонда жапон балуандарының өзiн жер соқтырған соң ғана олар бiздi бағалай бастады. Жапония ұлттық құрамасын үш дүркiн әлем чемпионы, Сидней Олимпиадасының жеңiмпазы Косэй Иноуэ баптайды. Осы Иноуэ былтыр Инчхондағы жазғы Азия ойындарын қорытындылаған жиында бiздiң жiгiттер туралы ағынан жарыла сөйледi. “Мен Қазақ елiнiң балуандарына разымын. Бiздiң төл күресiмiз, ұлттық өнерiмiз дзюдо спортын тамаша меңгерiптi. Тiптi жазғы Азия ойындарында жапондардың да алдын орап кеттi”, – деп алғысын айтты.
– Астанада өтетiн әлем чемпионатының бәсi жоғары болатыны анық. Жазғы Олимпиада ойындарының жолдамасы үшiн ұпай берiлетiн аламанға атан түйе көтерер мықтылар жиналады. Бiздiң жiгiттерге қалай болады?
– Дзюдо күресiнен әр құрлықтың бiрiншiлiктерi көктем мезгiлiнде ұйымдастырылады. Әдейi солай жоспарланған. Содан соң тамыздың соңына дейiн әлем чемпионатына алаңсыз әзiрлiк жүргiзедi. Рио-де-Жанейро жазғы Олимпиадасының жолдамасын иеленуге үлкен мүмкiндiк Астанадағы әлем чемпионатында берiледi. Сондықтан да тек талантты балуандар келедi.
– Жапонияға барып кел­дiңiздер. Ендi қай елдiң балуандарымен тiзе қосып әзiрлiк жүргiзесiздер?
– Беларусьтермен бiрiгiп әзiрлiк жүргiземiз. Наурыз айының басында Шымкент қаласына Орталық Азиядағы елдердiң балуандары, яғни бес мемле­кеттiң ұлттық құрамалары оқу-жаттығу жиынын өткiзедi.   
 
ҚАЗАҚ ҚАШАН ШЫҒАДЫ?
– Бокстан әлем чемпионатын өткiздiк, алтын медальдi көсiп алып, тарихта тұңғыш рет бiр ғана әлем чемпионатынан төрт алтын медаль олжаладық. Былтыр ауыр атлеттердiң басын тоқайластырып, қазақ спортшысы тұңғыш рет топ жарып, әлем чемпионы атанды. Осынай игi үрдiстi үзiп алмау үлкен сын бол­ғалы тұр.
– Айтпағыңды түсiндiм, дзюдо күресiнен қазақ баласы әлем чемпионы атанған жоқ. Рас, Максим Раковтың алтын медаль алып бергенiне де бес жылдан асты. Асхат Жiткеевтiң 2008 жылы Бейжiңдегi жазғы Олимпиада ойындарында күмiс жүлде олжалауы, Азамат Мұқановтың Бразилиядағы әлем бiрiншiлiгiнен күмiспен оралуы аз табыс емес. Бiрақ әлем чемпионатының алтын медалi қазақ балуанының да омыра­уында жарқыраса, мақтаныш емес пе! Федерация басшылығының бiзге қойған басты талабы да осы. Бапкерлер құрамы Астанадағы әлем чемпионатының алтын медалiн иеленуiмiз үшiн барымызды салып келемiз. Бiр-екi салмақ дәрежесiнде жiгiттер бар, солар сенiмдi ақтауы тиiс.
Сұхбаттасқан Қ.ҰПАН,
Алматы қаласы. 
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар