1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №103-104 (15977-78) 26 желтоқсан, жұма 2014
"Жас Алаштың" спорт беті.
26 желтоқсан 2014
Жылқы жылында жеңiсiмiзбен тау тұрғыздық

КӨРСЕТКIШКЕ КӨҢIЛ ТОҚ

Күркiрей кiсiнеп, босағамыздан басын сұққаны кеше ғана сияқты едi, арқыраған Жылқы жылын да шығарып салмақпыз. Қамбар ата түлiгi қазақ спортына ырыс-несiбесiн аяп қалған жоқ. Жылқы жылында өткен қандай жарыс болмасын, спортшыларымыз табыстан тау тұрғызды.
Биылғы жылы баптағанымыз бәйге алмай, бармағымызды қан-жоса шайнаған сәттер мен көңiлiмiз көк тiреген шадыман шаттығымызды қатар өрiп, саралағанды жөн көрдiк.  
Жылқы жылындағы басты аламан –7-23 ақпан аралығында Ресейде   өткен Сочи қысқы Олимпиадасы. Одан кейiнгi   16-28 тамызда Қытайдың Нанкин қаласында жасөспiрiмдер Олимпиадасында да жетiстiгiмiз жоғары болды. 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанда түңлiгi жабылған Инчхондағы (Оңтүсiк Корея) жазғы Азия ойындарында уысымызға түскен жеңiсiмiз жөнiнде таңнан таңға жалғап жырлауға татиды.
Бұлардан өзге жылқы жылында жекелеген спорт түрлерiнен ұйымдастырылған әлем чемпионаттары да аз емес: Жапонияның Нагано қаласы коньки спортынан әлем чемпионатын 18-19 қаңтар күндерi ұйымдастырды; Польшаның Сопот қаласында 7-9 наурыз аралығында жеңiл атлетикадан (жабық кешенде) әлем бiрiншiлiгi болды;   Болгарияның бас қаласы Софияда 10-25 наурыз күндерi бокстан жастар арасында әлем чемпионаты өткiзiлдi; 26-29 наурызда Жапонияның Сайтама қаласында мәнерлеп сығанаудан әлем чемпионы өттi; 9-25 мамырда Беларусь елi хоккейден әлем чемпионатын ұйымдастырып, бiздiң құрама В тобында ойнады; Қол добынан (гандбол) қыздар арасындағы әлем бiрiншiлiгi 1-13 шiлде аралығында Хорватияда өттi; Челябi (Ресей) татамиiнде 25-29 тамыз аралығында дзюдодан әлем чемпионаты ұйымдастырылды; Ташкент шаһары 8-14 қыркүйекте күрес түрлерiнен әлем чемпионатын өткiздi; 21-28 қыркүйекте велоспорттан Испанияда әлемдiк аламан болды; Волейболдан қыздар құрамасы 23 қыркүйекте басталып 12 қазанда мәресiне жеткен әлем чемпионатына (Италия) қатысып қайтты; 8-16 қараша аралығында Алматы ауыр атлетикадан әлем чемпионатын абыроймен ұйымдастырып бердi; Бокстан қыздар арасындағы әлем чемпионаты 16-24 қараша аралығында Оңтүстiк Кореяның Чеджу қаласында болды. Ендi осы жылқы жылындағы маңызды жарыстардан олжалаған сүбелi табысымызды ретiмен баяндайық.
Төртжылдықтың табысы
Ресейде тұңғыш рет өткен қысқы Олимпиада ойындарына елiмiзден 50 спортшы аттанып, жалқы қоланы қанағат тұтып қайт­ты. Жалпы 1994 жылдан берi ақ Олимпиадаға қатысып жүрген қыз-жiгiттер жарытып өнер көрсете алмай жүр. Мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннiң талантына байланған қола медаль абыройымызды жапты әйтеуiр.     
Шорт-тректен эстафеталық сайыста Абзал Әжғалиев, Айдар Бекжанов, Нұрберген Жұмаға­зиев және Денис Никишаның 5-орын алуы қомақты табысымыз болып жазылды. Фристайлдың могул сайысында Дмитрий Рейхердтiң – 5, Юлия Галышеваның 7-орынды мiсе тұтқанына қуандық. Фристайлдың акробатика түрiнен Жанбота Алдабергенова 6-орын алып еңкейiп бара жатқан еңсемiздi тiктеп бердi. Өзге спортшыларымыз қою шаңға көмiлiп, Сочидiң сөресiнен көптiң соңы болып өттi.
Жасөспiрiмдер арасындағы Олимпиада 2010 жылы Сингапурде өткен-дi. Тарихта екiншi рет ұйымдастырылған төртжылдық аламанды қытайлар Нанкин қаласында өткiздi.   
Қазақ елiнiң спортшылары 3 алтын, 1 күмiс, 4 қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте 21-орынға тұрақтады да, Орта Азия елдерiнiң iшiнде нәтижесi жоғары болды.
Оңтүстiк Кореяның Инчхон қаласында өткен жазғы Азия ойындарында 28 алтын, 23 күмiс, 33 қола медаль иеленiп, жалпыкомандалық есепте 4-орынға орнықты.
Елiмiз тәуелсiздiгiн алған 23 жыл iшiнде бiз жазғы Азия ойындарына 6 рет қатыстық. Спортшыларымыз жалпыкомандалық есепте 4-5-орыннан төмендеген емес. Қазақ спорты үшiн Инчхондағы игiлiгiмiздiң орны бөлек. Өйткенi бiздiң қыз-жiгiттер бұрын-соңды Азия ойындарында 28 алтын медаль алған жоқ. Осы сыңғырлаған 28 алтын жүлденiң алтауын боксшыларымыз иелен­дi. Азия ойындарында боксшыларымыздың ең жоғарғы нәти­жесi 3 алтын медальмен ғана шектелiп келiп едi. Алынбастай көрiнген Азия ойындарының алты алтын медалiн олжалау үшiн Айт­жановтың арыстан кеуде шә­кiрттерi жолындағының бәрiн бұзып-жарды. Жылқы жылындағы шоқтықты табысымыздың сүбелiсi де осы.

 Әп-бәрекелдiсi де, әттеген-айы да көп

Биылғы жылдың еншiсiнде кеткен әлем чемпионаттарындағы жетiстiгiмiз бен аса алмаған асулар жөнiнде де айтпай кетуге болмайды.
Қысқы спорт түрлерiнен әлем чемпионаттары қай елде өткенi жөнiнде сөздi басында айттық. Коньки спортынан Денис Кузин – 4, мәнерлеп сырғанаудан Абзал Рақымғалиев 20-орынды мiсе тұтса, хоккейден құрамамыз В тобында көштiң соңында қалды. Көңiл көншiтерлiк көрсеткiш емес, әрине.
Болгарияның бас қаласында жастар арасында өткен әлем чемпионатынан 2 алтын, 2 күмiс, 1 қола медаль олжалаған қыз-жiгiттерiмiз 90 елдiң арасынан суырылып, жалпыкомандалық есепте топ басына орнықты. Жоғары көрсеткiш.
Сарша тамыздың соңын ала Челябi татамиiнде төрткүл дүние­нiң ығайы мен сығайы жиналып, әлем чемпионатының жүлделерiн бөлiске салды. Ермек Имамбеков бастап барған дзюдошыларымыз iрiктеу сынынан сүрiнiп, елге жердiң астымен қайтты. 2009 жылы әлем чемпионы атанып абыройымызды бiр асырып берген Максим Раков (100 келi) моңғолдың батыры Тувшинбаяр Найданның шеңгелiнен шыға алмай жүлдеден қағылды. 2008 жылы Бейжiң олимпиадасының алтынын бiздiң Асхат Жiткеевтен жұлып алған Найданның алдында әлi күнге дейiн қазақ дзюдошылары дәрменсiз. Есемiз қашан қайтар екен?
Челябiге жүрерде бас бапкерге кемiнде екi жүлде алу жүктелген-дi. Серкенiң өзi жер сүзiп құлағанда өзге спортшыларымызды жығылдың деп сөгу қисынды ма? Жалпы дзюдо спортынан әлем чемпионаты мен жазғы Олимпиада ойындарының алтын медалi қазақ ұланы үшiн әл-әзiр арман болып тұр.
Өзбектер өткiзген күрес түрлерiнен әлем чемпионатында да қанжығамызға ештеңе байлан­ған жоқ. Үмiт күткен балуандар Ташкент топырағына аунап-қунап қайтып келдi. 
Александр Гутор баптайтын волейболдан елiмiздiң қыздар құрамасы Италияның Верона қаласында өткен әлем чемпионатына қатысты. Бойжеткендер әлем чемпионатына осымен үшiншi рет қосылып, бұрынғысынан да тәуiр нәтиже көрсеттi. С тобында әлем чемпионы Ресей, АҚШ, Нидерланды, Тайланд сынды азулы құрамалармен айқас­қан қыздарымыз Бразилия волейболшыларына да тегеурiндi қарсылық көрсеттi.
Алматыда өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионаты мен Оңтүстiк Кореяның Чеджу қаласын дүбiрiмен тербеген бокстан қыздар арасындағы әлемдiк дода Қазақтың тұңғыш спортшыларын тудырды. Жылнамаға әдiптелiп қашалып, тарихтың алтын парағына жазылған тұңғыштар туралы кейiнiрек. Алдымен тау теңселткен ауыр атлет­терiмiз­дiң толайым табысы турасында бiрер сөз. Қазақ қыздары арасынан тұңғыш болып әлем чемпионатының медалiн иеленген Жазира Жаппарқұлдың жеңiсi де бiр төбе. Владимир Седовтың күмiс жүлдесi де көңiлiмiздi өсiрдi. Илья Ильин төрт дүркiн әлем чемпионы атанып, Қазақ спортының қазығын одан әрi нықтап қағып бердi.
Қыздар арасында өткен әлем чемпионатында Вадим Прися­жнюктiң тағы бiр шәкiртi Ләззат Күнгейбаева да алтын медаль олжалайтын едi. Дегенмен де әлем бiрiншiлiгiнiң күмiс жүлдесi де жеңiл-желпi марапат емес.

 ҚОЙ ЖЫЛЫ ДА ЖАРЫЛҚАҒАЙ

Жылқы жылындағы жетiстiктерiмiз жаман емес. Қандай жарыс болмасын үзеңгi бауын үзердей шiрене қарсы келгендердiң жалын жығып жiбердiк. Есiгiмiзден аттайтын қой жылындағы додалар да қара жарыс емес – 2016 жылғы Рио-де-Жанейро олимпиадасының жолдамалары бөлiске түсетiн аламан.
Дзюдошыларымыз Астана татамиiнде әлем чемпионатының аламанына қатысса, таеквондошылар Челябiде әлем бiрiншiлiгiнiң дуына түседi. Балуандар Лас-Вегастағы (АҚШ) әлемдiк сайыста белдеседi, боксшылар Дохадағы (Катар) додада күшiн сынайды. Ауыр атлеттерiмiз Хьюстонды (АҚШ) дүбiрге бөлейтiн әлем чемпионатына абыройымызды арқалап барады. Ендеше, жылқы жылындағы жеңiстi сапарымыз қой жылында да жалғасқай!
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар