1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №56 (15930) 17 шілде, бейсенбі 2014
"Жас Алаштың" спорт беті.
17 шілде 2014
Спорт ақпарат

СКОЛАРИГЕ СОЛ КЕРЕК!

Футболдан ХХ әлем чемпио­натының түңлiгi түрiлер алдында ол бүй деп едi: “Әлем бiрiншiлiгiнде қарсылас болатындардың азулыларын ғана атасам былай: бiз жартылай финалда Германия құрамасына, ал финалда Аргентинаға қарсы ойнап, кубокты олжалаймыз!”. Айтқаны айдай келетiн Сколари сәуегей емес қой. Өзi iстiң емес, көпiрме сөздiң адамы екенiн күллi әлемнiң алдында паш еткен Луис Фелипе Сколаридi Бразилия футбол федерациясы бас бапкерлiк қыз­метiнен алып тастады. Пайғамбар жасынан асқан маман баптаған Бразилия құрамасы жартылай финалда Германия футболшыларынан күл-талқан болып ойсырай жеңiлдi. Құрамадағы мұрты жаңа тебiндеп келе жат­қан жiгiттер солқылдап жылағанда Сколари саспаған едi. Сiрә, “қола жүлдеге таласта ұтамыз” деп арқасын кеңге салса керек. Бiрақ Еуропаның еңселi құрамасы саналатын Нидерланды нояндары бес дүркiн әлем чемпионы деген атаққа күпiнiп жүрген бразилиялықтардың екi аяғын бiр етiкке тықты. Әлем бiрiн­шiлiгiнде екiншi рет ауыр соққы алған Сколари дүниенiң астаң-кестеңi шыққанын сонда ғана түсiнсе керек, өз еркiмен қызметiнен кетудi өтiнiп, арыз жазыпты.
2012 жылы Бразилия құрамасының бас бапкер­лiгiне екiншi мәрте тағайындалған бұл бапкердiң же­тегiмен құрама былтыр Конфедерация кубогын ие­лендi. Одан кейiнгi дәрменi осы.
Екiншi мәрте демекшi, Сколари Бразилия құрамасына алғаш рет бас бапкер­лiкке бекiген соң 2002 жылы әлем чемпионатының кубогын алып берген. Ол уақытта құрама сапында Кафу, Роналдо, Роберто Карлос, Ривалдо, Роналдиньо, Рикардиньо, Жилберто Силва сынды саңлақтар болды. Тiптi құрамадағы “сара­уыз балапан” деген   Каканың жасы сол кезде жиырмада болатын. Ал қалған ойыншылардың денi 25-тен асқан тiсқақ­қандар едi. Осындай ұжыммен кез келген қарсыластың “тебiнгiсiн тесе атқан” Сколари арада бiр мүшел өткенде құзар шыңның басынан етекке қалай құлдилап түскенiн бағамдай да алған жоқ.
Қысқасы, бұл әлем чемпио­наты даңқ пен дақпыртқа ғана сенсең, абыройсыздыққа ұрынатыныңды тағы бiр дәлелдеп бердi.
 
СЕНIМ АҚТАЛДЫ
Ашылғанына екi жылдың жүзi өткен “Әлем жауынгерлерi” (Аlem Ғig­hters) ММА клубының спортшылары қандай жарысқа аттанбасын, тола­йым табыспен оралып жүр. Оған жуырда өткен әскери самбодан ел бi­рiн­шiлiгiндегi жетiстiк те дәлел. Осы чемпионатқа ережесiз жекпе-жектен әлем чемпионы Бейбiт Назаровтан тәлiм алатын төрт спортшы қатысып, үшеуi жүлделi болды. 68 келi салмақта Дәулет Өсербай Қазақстан чемпионы атанса, Сырым Бектұрсын (68 келi), Ұлан Нұрғали (40 келiде) финалда сүрiнiп, күмiс жүл­денi мiсе тұтты. 
– Спортқа келуiме анам­ның септiгi көп тидi. Бала күнiмiзден шымыр болып өссiн деп, ауылда грек-рим күресiнен балаларды баулитын бапкер Бағлан Құттықожаұлына табыстады. Үш жыл кү­рес­пен шұғылданып, жоғары жетiстiкке жеттiм. Бертiн келе ережесiз жекпе-жектен үш дүркiн әлем чемпионы атанған Ардақ Назаровтың спорт­та шыққан шыңы менi де қызықтырып, “Әлем жа­уын­герлерi” клубына мү­ше болдым. Арманым – аралас жекпе-жек түр­лерi бойынша (ММА) әлем чемпионы атанып, елi­мiздiң көк байрағын биiк­ке көтеру, – дейдi Дәулет Өсербай.
Дәулет қазiр Қазақ ұлттық аграрлық универ­ситетiнде өсiмдiк қорғау және карантин мамандығы бойынша бiлiм алып жүр.
 
КҮМIС ЖҮЛДЕ IЛДI
Кореяның Кенджу қаласында таеквондодан халықаралық «Корея Оупен» турнирi өттi. Биыл 10-рет ұйымдастырылған турнирге әлемнiң 70-тен аса елiнен спортшылар қатысып, мәртебелi сайыстың жүлдесiн бөлiске салды.
Ел намысын ту етiп көтередi деп сенiм арт­қан саңлақтарымыздың арасынан Феруза Ергешова жүлделi болды. 73 келiде сынға түскен Феруза iрiктеу кезеңiнде бiр емес, үш бiрдей кәрiс таеквондошысын тiзерлеттi. Ширек финалда француз спортшысынан, ал жартылай финалда АҚШ-тың абыройын арқалап келген қарсыласынан басым түстi. Финалда Ергешованы Лондон олимпиадасының чемпионы сербиялық Мандич Милица ғана тоқтатты. 
 
ДАҢҚЫҢ АРТСЫН ДЕСЕҢ...
Қызуы әлi басыла қоймаған Бразилиядағы әлем чемпионаты талай таланттың қолтығын сөгiп, тасада жүргендерi жарыққа алып шықты. Мәселен, Коста-Рика құрамасының қақпашысы Кейлор Навас. Навас Бразилиядағы әлем чемпионатына келгенге дейiн испандық “Леванте” сапында көптiң бiрi болып жүрген. Кейлордың қазiр түкiрiгi жерге түспейдi. Өйткенi ол Бразилияда өткен ХХ әлем бiрiншiлiгiнде Коста-Рика құрамасының кақпасын асқан шеберлiкпен қорғап, талайдың таңдайын қақтырды. Нәтижесi мiнеки, бұл қақпашыны сатып алғысы келiп мюнхендiк “Бавария”, мадридтiк “Атлетико”, португалдық “Порту” және ағылшынның “Ливерпуль”, “Арсенал” клубтары арағайындыққа адам салып, келiссөз жүргiзбекке ынтық.
Бiрақ Навас корольдiк “Реалға” тоқтаған секiлдi. Испандық Marca басылымы 27 жастағы қақпашыны “Леванте” “Реалға” 10 миллион еуроға сатты деп жазды.
 
ӨРЛЕГЕНI НЕКЕН-САЯҚ
Дзюдоның әлемдiк рейтингiнде жерлесiмiз Максим Раков 100 келi салмақтағы саңлақтардың тiзiмiнде 6-сатыға орнығыпты. Әлемнiң үздiк дзюдошыларының ондығына 60 келiде белдесетiн Елдос Сметов те енiп, 9-сатыға тұрақтаған. Ал былтыр әлем чемпионатының күмiс жүлдесiн олжалаған   Азамат Мұқановқа 66 ке­лiдегiлердiң арасынан 15-орын бұйырыпты. Өзге жiгiттер рейтингтiң жуан ортасында тұр.
Қыздардан 78 келiден жоғары салмақта белдесетiн Гүлжан Исанова әлемдiк рейтингте 13-сатыда. Моңғолияда өткен гран-при сайысының соңғы кезеңiнде қола жүлде алған Мариан Урдабаеваға 35-орын бұйырыпты.
 
ЖАСТАР ЖЕТIЛДI
19-20 шiлде күндерi Еңбекшiқазақ ауданы, Бәйтерек ауылындағы “Бокстан олимпиадалық даярлау орталығында” ауыр атлетикадан Анатолий Храпатыйды еске алуға арналған республикалық турнир өтедi. Бұл сынның маңыздысы Лондон олимпиадасының чемпиондары ұзақ уақыт үзiлiстен кейiн жарысқа қайта қосылмақ. Қыздар арасында Зульфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедова өздерiнiң бабын сынаса, екi дүркiн олимпиада чемпионы Илья Ильин де сайысқа түседi.
Жарыста осы уақытқа дейiн жасөспiрiмдер мен жастар арасында додаға кiрiп, жүлделi оралып жүрген   Надежда Ноғай, Карина Горичева, Анна Нұрмұханбетова, Жазира Жаппарқұл, Рүстем Сыбай, Альберт Линдер сынды кейнгi толқын өкiл­дерi де шеберлiгiн көр­сетедi.
Биыл ауыр ателет­тердiң алдында екi үл­кен дода тұр: қыркүйек-қазан айларында өтетiн жазғы Азия ойындары (Инчхон, Корея) мен қарашада Алматыда өтетiн әлем чемпионаты. Анатолий Храпатый атындағы турнирде бапкерлер осы екi сайысқа баратын атлет­тердiң шама-шарқын байқап көрмек.
Дайындаған Қуаныш БАЖАҚ.
 
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар