1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №97 (15867) 5 желтоқсан, бейсенбі 2013
"Жас Алаштың" спорт беті.
5 желтоқсан 2013
Мырзахметовтiң мырзалығы…

БОКСШЫЛАР БIРЖАН МЕН ҚАЙРАТҚА ДА, БАПКЕР МЫРЗАҒАЛИҒА ДА ПӘТЕР СЫЙҒА БЕРIЛМЕК

Өзiмiз сүйiп оқып өскен ертегiде Ерназардың “Тоғыз ұлым бiр төбе, Ер Төс­тiгiм бiр төбе”дейтiн тұсы бар емес пе едi. Сол айтпақшы, спорттың iшiнде бокс түрi, әсiресе, қазақ хал­қы үшiн “Ер Төстiк” екенi ешбiр талас тудырмаса керек. Жұмыр жердiң жұртшылығын Қазақстанға қызыға да, қызғана қарауға ерiксiз мәжбүр етiп жүрген жұдырығы алтын қыз-жiгiттер жетерлiк. Осы орайда оң­түс­тiкқазақстандық былғары қолғап шеберлерi елiмiз­дiң абыройын асқақтатып, даңқын дүркiретуге айрықша үлес қосып келе жатқанын атап айту қажет. Айталық, 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасынан кейiн сол байрақты бәсекеде топ жар­ған бiртуар балуан Жақсылық Үшкемпiровтiң ерлiгiн ұлты қазақ ұлдың қайталауы арада қаншама жыл жылжыса да ешбiр сәтi түспей-ақ жүр едi. Түркiстанннан тү­леп ұшқан даңқты дарабоз Бекзат Саттархановтың 2000 жылғы Сиднейдегi дүбiрлi додада бағы мен бабы келiсiп, небәрi 20 жасында күллi қазақ 20 жыл бойы асыға күткен Олимпиа­да алтынын алақанға салғаны бүгiнде көрген түс сияқты. Сол Сиднейдегi шаршы алаңда шымкенттiк боксшы Мұхтархан Дiлдәбеков­тiң мықтылығын мұқым дүниеге мойындатып, алтынға пара пар күмiс медаль алуының өзi неге тұрады? 2008 жыл­ғы Бейжiң олимпиадасында оңтүстiкқазақ­стан­дық боксшы Еркебұлан Шынәлиев қоржынға қола медаль салды. Бұдан бөлек әлемдiк бiрiншiлiктерде шымкенттiк боксшылар кү­мiс пен қолаға бiр емес, бiрнеше дүркiн ие болды. Бұлардың арасында Олимпиада ойындарында олжа салу пешенесiне жазылмапты демесеңiз, кезiн­де көп­шiлiктiң көзқуанышына айналған бiтiм-болмысы бөлекше боксшы Нұржан Сманов әлемдiк бәсекелерде талай мәрте топ жарды. Бiрақ, бiр өкiнiштiсi, оған әлем чемпионы атанудың сәтi түспедi. Мiне, осы биiктi бағындыру, көптен берi қоржындағы жетiспей жүрген бас жүл­деге қол жеткiзу, Оңтүстiк Қазақстан облысынан шыққан ересектер арасындағы тұңғыш әлем чемпионы ретiнде тарихтың таза парағына қолтаңба қалдыру белгiлi боксшы Бiржан Жақыповтың еншiсiне бұйырыпты. Ол жуырда Алматыда аяқталған әлем чемпионатында өз салмағындағы қарсыластарын айқын басымдылықпен же­ңiп, бас жүлденi қанжығасына байлағанда жүрегi жарыла жаздап қуанған жұрт­шылық нарқасқа жiгiттiң бұл ерлiгiне, елге сiңiрген ең­бегiне лай­ық жергiлiктi ат­қарушы би­лiктегiлер қандай сый-құр­мет көрсе­тетiнiн тағатсыздана күтiп жүрген болатын.
Күнi кеше Оңтүстiк Қа­зақстан облысы әкiмi аппараты басшысының орынбасары – баспасөз қызметiнiң басшысы Берiк Құрманғалидан сүйiншi хабар алдық. Қызметтiк хатта жазылған дерекке жүгiнсек, Алла жазса, алдағы Тәуелсiздiк күнi мерекесi қарсаңында Бiр­жан Жақыповқа екi бөлмелi пәтердiң кiлтi табысталмақ. Онымен бiрге Алматыдағы әлем бiрiншiлiгiнде Кубаның атақты боксшысы, Олим­пиа­да ойындарының жеңiм­пазы Робейси Рамирестi қирата жеңiп, “айды аспан­ға шығару” арқылы қола жүлдегер атанған тағы бiр оңтүстiкқазақстандық талантты былғары қолғап шеберi, келешегiнен үлкен үмiт күттiретiн Қайрат Ералиевке де бiр бөлмелi баспана берiлмекшi. Осындай боксшылардың талантын тап басып танып, бақтары жанатындай дәрежеде баптай бiлген бiлiктi жаттықтырушы, тiзгiн ұстағалы Қазақстан ұлттық құрама командасының тасын өрге домалатудан танбаған Мырзағали Айтжановқа да жерлес­терiнiң атынан бiр бөлмелi пәтердiң кiлтi сыйға тартылмақ. Бұл пәтерлердiң бiреуi демеушiлердiң қолдауымен алынады. Мұндайда бiрiншi кезекте ел сүйсiнетiн игi iске ұйытқы болып отырған, оңтүстiк спортының асығы алшы тұруына барынша жанашырлық танытуға қашанда дайын тұратын облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтi айрықша атап айту қажет-ақ. Одан кейiн оның командасындағы спорт саласына жауапты орынбасары Әли Бектаевтың, осы салаға iс­керлiкпен тiкелей басшылық жасап келе жатқан, жас та болса бiлiктiлiгi байқалатын Әлiбек Нұртаевтың еңбегi орасан.
Жалпы Әлiбек Нұртаев Оңтүстiк Қазақстан облыстық дене тәрбиесi және спорт басқармасының басшылығына келгелi өңiр хал­қы көптен күткен толағай табыстармен қауышып, қадамы құтты болуда. Жақында шымкенттiк жас шахматшы Жансая Әбдiмәлiк кiлең әлемнiң озық ойлылары жиналған жарыста бас жүлде иелендi. Ал таяуда Санк-Петербург қаласында самбодан өткен Әлем чемпионатында оңтүстiкқазақ­стандық Арман Оспанов алтыннан алқа тақты. Бұл да – облыс спортының тарихындағы тұңғыштардың тiзiмiне тiркелетiн тамаша факт.
Ғалымжан ЕЛШIБАЙ,
Оңтүстiк Қазақстан облысы
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар