1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №97 (15867) 5 желтоқсан, бейсенбі 2013
"Жас Алаштың" спорт беті.
5 желтоқсан 2013
Арман Оспанов, самбодан әлем чемпионы: Қажымұқанға жетер мықты жоқ

Арман Оспанов тек самбо емес спорттың бiрнеше түрiн меңгерген нағыз сегiз қырлы бiр сырлы жiгiт. Ол әскери самбодан Қазақстанның екi дүркiн чемпионы және әлем кубогының күмiс жүлдегерi, Панкратионнан әлем чемпионатының қола жүлдегерi, ережесiз жекпе-жектен халықаралық жарыстың чемпионы, джиу-джитсудан Азия чемпионы атанған. “Алаш Прайд” кәсiпқой клубының мүшесi, спорт сүйер қауымға “Сұңқар” атты лақап атымен танымал. Ресейден олжалы оралған Арманмен тiлдесудiң сәтi түсiп едi.

– Арман, әлем чемпио­ны атануыңмен құттықтаймыз. Самбодан басқа спорттың бiрнеше түрiн серiк етiпсiң...
– Туып өскен жерiм Төле би ауданында төртiншi сынып оқып жүргенiмде қазақ күресiмен шұғылдана бастадым. Бiлiктi бапкер Жан­пейiс Жабаев ағамыздың қолында жаттығып, дзюдо, самбомен де айналысып, спорт шеберi атандым. Алтын ұямен қоштасқан соң жоғары оқу орнына түсiп, сол арада үйленiп, отбасылы болдым. Екi жылдай күн көрiстiң қамымен спорттан қол үзiп қалдым. Кейiннен тұрмыс-тiршiлiк түзелiп, боз кiлемдегi белдесуге қайта оралдым. Шымкенттегi Қа­жымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда жаттығып, жекпе-жек түрлерiмен, оның iшiнде джиу-джитсу және қоян-қолтық айқаспен де айналыстым. Қазақ елiнiң атынан бiрталай жарыстар­ға қатысып, жеңiс тұғырынан көрiндiм. Ал ережесiз жекпе-жекке ден қоюыма   “Алаш прайд” клубының басшылары себепшi болды. Қабiлетiмдi байқаған олар ұсыныс жасады. Мен келiсiмiмдi берiп, жаттығумен үздiксiз айналыса бер­дiм. Алғашқы сайыстарда жеңiлiс тапқаныммен, төрт кездесуде жақсы нәтижеге қол жеткiздiм. Алматыда өткен жарыста молдовалық Михаил Цырбо мен шешенстандық Руслан Худаевты нокаутқа түсiрсем, әзiрбай­жандық Вугар Мамадзадеден ұпай санымен басым түстiм. Сочидегi жарыста да қарсыласымды айқын басымдылықпен ұттым.
– Көпшiлiкке таңсық болып тұрған джиу-джит­судың ерекшелiгi неде?
– Бұл спорттың түрi бiздiң облысымызда пайда болғанына небәрi екi жылдай уақыт болды. Джиу-джитсу – жапондардың қа­русыз өзi-өзi қорғану өнерi. Әскери самбомен ұқсастықтары көп. Ереже бойынша жекпе-жек барысында қылқындыру, ұру, лақтыру әдiстерiн қолдана аласың. Қазiр джиу-джитсумен шұ­ғылдануға ниет еткен жастардың қатары көбейiп ке­ледi. Елiмiзде Қазақстан джиу-джитсу федерациясы да бар. Санаулы уақыт iшiн­де осы спорт түрiнен бiр­неше чемпиондар шықты.
– Әлем чемпионатында қарсыласың Руслан Гасанхановтың боз кi­лемнен жекпе-жектi тастап кеткенi саған қалай әсер еттi?
– Жарыстың алдында Ресейдiң палуаны жайлы бiраз ақпараттарды жинадым. Оның ұру, қорғану тәсiлдерiн бiлiп, одан қалай қорғану керектiгiн, айламды асыру үшiн бiраз жаттықтым. Сайыста оны айқын басымдықпен ұтып келе жаттым. 7:3 есебiне жетiп, жекпе-жектiң аяқталуына 23 секунд қалғанда ол боз кiлемдi тастап кеттi. Же­ңiлiсiн мойындағысы келмеген болу керек, қазылар алқасының қойған бағаларына наразылығын бiлдiрдi. Бiрақ төрешiлер әдiл шешiм қа­былдап, жеңiстi маған бер­дi. Гасанхановтың әрекетi маған ешқандай керi әсерiн тигiзген жоқ. Ол өзiнiң тә­каппарлық мiнезiмен осындай қылық көрсеттi деп ойлаймын. Ал чемпионатқа Қазақстан президентi Н.Назарбаевтың арнайы қатыс­қаны бiздiң спортшыларға қуат бергендей болды. Үлкен жауапкершiлiктi се­зiнiп, қазақ елiнiң көк байрағын желбiретуге барымызды салдық.    
– Әр адамның үлгi тұтатын, елiктейтiн тұл­ғасы болады. Сен кiмдi үлгi тұтасың?
– Жас кезiмде Брюс Лидiң фильмдерiн көрiп, сол секiлдi мықты болуды армандадым. Ер жеткен соң кәсiпқой палуандар, аралас жекпе-жектiң шеберлерi Андерсон Силва, Рэнди Кутюрге елiктедiм. Әлемде талай мықтылар болса да күш атасы Қажымұқан Мұ­ңайтпасовқа ешкiм тең келмейдi деп ойлаймын. Менiң өмiрдегi үлгi тұтатын тұлғам – Қажымұқан атамыз.
– Жас болсаң да спорт­тың бiраз биiгiне шықтың. Ендi алдағы уақытқа не жоспарлап отырсың?  
– “Генерал болуды армандамайтын солдат болмайтыны” секiлдi чемпион болуды армандамайтын спортшы жоқ шығар. Алдағы уақытта бұған дейiнгi жеңiстерге тоқмейiлсiмей, қазақ ұлтының мықты екенiн жер-жаһанға мойындатқызып, ел   мерейiн өсiру жо­лын­­да аянбай күш-жiгерiмдi жұмсауды жалғастырсам деймiн.
Сұхбаттасқан Ғ.ЕЛШIБАЙ,
Шымкент қаласы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар