1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №91 (15861) 14 қараша, бейсенбі 2013
"Жас Алаштың" спорт беті.
14 қараша 2013
Ардақ НАЗАРОВ, “Әлем файтерс” кәсiпқой спорт мектебiнiң бас директоры: Құлқынның емес, ұлтыңның қамын ойлау керек

Ережесiз жекпе-жектен үш дүркiн әлем чемпио­ны Ардақ Назаровтың кәсiпқой спорт мектебiн ашатынын бұған дейiн де жазғанбыз (“Жас Алаш”№34, 3 мамыр). Спорт мектебiнде бұл күнде қажыр-қайратын шыңдағысы келетiн жастар тәлiм алып жүр. Ашылғанына көп бола қоймаған мектеп ұжымының табысы да қомақты. Мәселен, “Әлем файтерс” кәсiпқой спорт мектебiнен қанаттанып, АҚШ-та кәсiпқой бокстан аламанға түсiп жүрген Жанқош Тұраров абырой туын арқалап, чемпион атанды.

Халықтың отыз пайызы спортты серiк етуiне үлес қосып, кейiнгi буынға жол көрсетiп, жөн сiлтеп келе жатқан Ардақ өзi ашқан мектепте келешекте Жанқош сынды талай бұлақтың көзi аршылатынына сенiмi мол. Әңгiмемiз де жаңадан ашылған спорт мектебi туралы өрбiдi.
– Кейбiреулер саусағын қимылдатқаны үшiн қаржы сұрайтын заманда спорт мектебiн ашуға демеушi, қолдаушы қажет екенi анық.
– Не сұрағыңыз келгенiн түсiндiм. Бiздiң мектеп ашуымыз­ға қазақ спортына өзiнiң үлесiн қосып, өркендету жолында көмек қолын созып, жанашырлық танытқан – Ғалымжан Әбдiрайымов, Мұрат Омаров сынды ағаларымыз. Iнiлерiнiң игi бастамасына көмек­тескенi үшiн атымтай-жомарт азаматтарға көп алғыс айтамыз.
   Кәсiпқой спорт мекте­бi­нiң салтанатты ашылу шарасы өткенiне де бiраз күннiң жүзi болды.
– Салтанатты рәсiмге тек спортта биiк белестен көрiнiп, әлем, олимпиада ойындарында топ жарған саңлақтармен қоса қоғам қайраткерлерiн, ел басқарып жүрген азаматтарды арнайы шақыртып, батасын алдық. Бiздiң игi шарамызға ақ жарылқап пейi­лiмен құтты болсын айта келген барша ағайынға алғыс айтамын. 
– Кiм де болсын ойдағы шар­уасын белгiлi бiр мақсатпен атқарады емес пе? Мектеп ашпаққа бекiнiп, мiнеки жоспарыңыз жүзеге асты. Ненi мұрат тұттыңыз?
– “Әлем файтерс” спорт мектебi тек бiздiң ғана мақтанышымыз емес, қазақтың қуанышы болса екен” деген тәттi арманмен ашылды. Осы спорт мектебiнен қанаттанып ұшқан iнi-қарындастарымыз байрағымызды биiкке көтерiп, ұлт намысын ұлықтаса – мақсатымыздың орындалғаны. Кейбiреулер ойлағандай бiз спорт мектебiн ашу арқылы нәпақа тауып, пайданың көзiне айналдырудан аулақпыз. Әрбiр ер азамат тек құлқынның ғана емес, ұлтының қамын ойлауы керек.
“Денi сау ұрпақ – ұлт болашағы” дейдi. Жастарымыздың арасында iшкiлiкке, нашақорлыққа әуестенетiндерден туған бала ертеңгi күнi елдiң тұтқасы бола ала ма? Әскер қатарына шақырылған түбiт иек бозбаланың көбi медициналық сұрыптаудың сынынан өте алмайды. Неге? Себебi қазiргi жастар үшiн уақыт өткiзудiң түрлi амалы бар. Компьютердiң алдынан шықпайтын баланы бiз тән саулығының кепiлi – спортқа баули бiлуiмiз керек. Қазақтың шыбық мiнiп ша­уып жүрген кез келген ұланы есейгенде Отанын, өзiнiң отбасын, түптеп келгенде, өзiн қорғай алуы тиiс. Әлжуаз адамды кiм басынбайды? Жаңадан ашылған спорт мекте­бiнде тәлiм алған әр бала да күнi ертең Отанына қорған бола алса, бiз үшiн үлкен сауапты iс болмақ.   
– Ережесiз жекпе-жектен үш дүркiн әлем чемпионы ашқан мектепте тек жекпе-жекке ғана баулиды деп түсiне­тiндер де бар.
– Жоқ, керiсiнше, бұл спорт мектебiнде олимпиадалық спорт түрi саналатын бiрнеше үйiрме бар. 20-ға жуық спорт түрiнен бапкерлерiмiз қатарымызға қо­сыл­ған балаларды баптайды. Бiзге келген әрбiр бала күрес, дзюдо, бокс, таэквондо, каратэ, грепплинг, джиу-джитсу сынды спорт түрiнiң iшiнде қай спортты қалайды, соған сай бейiмделедi.
“Әлем файтерс” кәсiпқой спорт мектебiне бес жастан жоғары қарай қабылданады. Жастардан бөлек зейнет жасына жақын қалған “шәкiрттерiмiз” де бар. Бiзге кейде ата-аналар   төрт жастағы жеткiншегiн жетелеп келiп, спортқа баулысаң деп қолқа салады. Қыздардың арнайы үйiрмесi жұмыс iстейдi. Таэквондо, дзюдо және муайтай (тай боксы) спорты бойынша қыздардың жеке тобы бар.
– “Ақынға қара сөзден өлең оңай, балыққа таяз судан терең оңай” демекшi, өзiңiз диiрменнiң тасындай айналдырып, бiрнеше жылдан берi шұғылданып келе жатқан кәсiпқой спортқа, әсiресе, ережесiз жекпе-жекке бұл мектепте көзқарас алабөтен шығар?
– Жоқ, бiз мынау кәсiпқой спорт, мынау олимпиадалық спорт түрi деп бөлiп-жарсақ жараспас. Рас, жекпе-жек спорт түрлерiнен елiмiздiң намысын абыроймен арқалап, жай отындай жарқылдап жасын ойнатқан жiгiттер шығып жатыр. Аралас жекпе-жектiң К1 нұсқасынан, муайтайдан табысымыз қомақты. Кәсiпқой бокстан Жанқош Тұраров бауырымыз АҚШ-та жүрiп, аз ғана мерзiм iшiнде бiрнеше жекпе-жек өткiзiп, Латын Америкасының чемпионы атанды. Ендi бiз тек қана аралас жекпе-жекке, кәсiпқой боксқа ғана күш салмай олимпиадалық спорт түрiне де ерекше мән беруiмiз қажет. Сондықтан да осы спорт мектебiн ашып, әлем чемпионы деген атақ пен Олимпиада ойындарының алтын медалi қазақ баласының кеудесiнде жар­қырасын деп еңбектенiп жүрмiз.
– Құптарлық шаруа екен. Тәуелсiздiктен берi қарай жаз­ғы Олимпиада ойындарында күрес түрлерiнен, дзюдодан, таэквондодан алтын медаль қазаққа жалынан ұстатпай келедi. 1980 жылғы Мәскеу олимпиа­дасында грек-рим күресiнен жампоз Жақсылық Үшкем­пiров пен саңлақ Шәмiл Се­рiков алтын медаль жеңiп алғалы да отыз жылдан асты. Еркiн күрестен әлем чемпионатының, Олимпиада ойындарының жеңiмпазы атанған бiрде-бiр қазақ жоқ. Себебiн қайдан iздеуiмiз керек? Спортқа мемлекет қазанынан қаражат аста-төк бөлiнедi. Әлде бiз iстiң тетiгiн таба алмай жүрмiз бе? Мәселен, орыс­тар дзюдодан ұлттық құраманың бас бапкерлiк қызме­тiне итальяндық Эцио Гамбаны бекiтiп едi, 4 жылдың iшiн­де орыстар дзюдо күре­сiнен шыр­қау биiкке көтерiл­дi. 
– Себеп көп. Өзiмiздi-өзiмiз қақтай бергеннен, бұғынып алып бұйығы жатсақ, ешкiммен тә­жiрибе алмаспай жүре берсек, iлгерi басу болмайды.
Тек орыстар ғана емес, кез келген ел әлемдегi бiлiктi бап­керлердi аттай қалап шақыртып, қалтасын қалыңдатып ақы тө­лейдi. Содан кейiн сығымдап қы­сып сөлiн алғандай бапкердiң бiлiмi мен бiлiгiн үйренедi, тә­жiрибесiмен бөлiседi.
Бiз де мектебiмiзде шыңдалатын спортшыларды шет мемлекетке шығарып, сыртта сынақтан өткiземiз. Елiмiзге өзге елдiң бiлгiр бапкерлерiн шақыртып, тәлiмiн аламыз. Солардың бап­керлiк саладағы сарабдал iсiн үйренiп, жастарымызға үйрете­мiз.
Бұдан өзiмiз бапкерге зәру екенбiз деген түсiнiк тууы мүмкiн. Құдайға сансыз шүкiрлiк айтуымыз керек, өз елiмiзде де талай дарынның талабын қайрап, қайыс­тай илейтiн бапкерлер бар. Бiрақ кейбiр спорт түрiнен ұстазға жарымай жүргенiмiз тағы ақиқат.
Шетелден бапкерлердi тек нәтиже, көзбояу көрсеткiш үшiн шақырту – қате. Бiз олардың бiлiгiн үйрену үшiн ғана қызмет беруiмiз керек.
– Бапкер демекшi, ауыл-аудандағы спорт мектебiн айт­пағанда жоғарғы оқу орындарында бапкерлiк қызмет ат­қаратындардың табысы төмен.
– Солай екенiне көзiмiз жетiп тұрса да, бiз оларға табандап тұрып талап қоямыз. Айлық жалақысы бала-шағасының жоқ-жiтiгiне жетпейтiн қамкөңiл бапкер алаңдап жүрiп қалай әлем, олимпиада чемпионын тәрбиелей алады? Өз елiнде “қадiрiнiң қашып, қарнының ашқанынан” кейбiр бапкерлерiмiз шетелде жүр. Олардың бар бiлгенiн өзгеге емес, өзiмiзге үйретуi үшiн сырт­қа жiбермеуiмiз керек. Тұлпарды құлынында-ақ түстеп-танып, баптауын келiстiрiп беретiн мамандардың тұрмысы түзелгенде ғана нәтиже де жақсарады.
Сұхбаттасқан Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар