1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №86 (15856) 29 қазан, сейсенбі 2013
"Жас Алаштың" спорт беті.
29 қазан 2013
Топ жарды қазақ қырандары!

Алматыда бокстан әлем чемпионаты өттi. Өткен аптаның сенбiсiнде түс ауа дүйiм қазақ Алашқа сауын айтып сүйiншiледi. Себебi тарихта тұңғыш рет Қазақ елiнiң боксшылары әлем чемпионатында 4 алтын, 2 күмiс, 2 қола медаль олжалап, әлемде көш басына шықты. 1993 жылдан берi қарай елiмiздiң ұлттық құрамасы әлем бiрiншiлiктерiне үздiксiз қатысып келедi. Дүниежүзiнiң жұдырығы жуан жампоздары топқа түсетiн додада командалық есепте топ жару былай тұрсын, бiздiң елге екi алтыннан артық жүлде бұйырмаған едi.

Қазақ даласына Шоқыр Бөлтекұлы қадаған бокс шыбығы бүгiнде мәуелi бәйтерекке айналды. Ел боксының сексен жылдық тойына ғаламат сыйды көлденең тартқан сегiз оғланның ерлiгi мен өрлiгi – үлгi мен өнеге. Ең бас­тысы намысы сынбайтындай, туы құламайтындай көрiнетiн кубалықтар қазақ боксшыларының жұдырығы тасты да үгiтiп жiберетiнiн ұғынды.
Бiздiң жiгiттердiң тола­йым табысын сөз етпестен бұрын бокстан өткен әлем чемпионаттарындағы жетiс­тiктердi тағы бiр електен өткiзiп көрсек. 1974 жылы Кубаның Гавана қаласында ең алғаш рет бокстан әлем чемпионаты ұйымдастырылды. 45 елдiң 280-ге жуық боксшысын жинаған кубалықтар 4 алтын, 1 күмiс, 2 қола медаль иеленiп жалпыкомандалық есепте бiрiншi орынға шықты. Әлем чемпионаттарында алтын медальдi көсiп алып, алдыңғы орынды ешкiмге бермей келген кубалықтарды тек 1997 жылы Венгрияның Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында Ресей боксшылары тоқтата алған. Осы әлем чемпионатында ресей­лiктер 4 алтын, 2 күмiс, 1 қола медаль иелендi. Куба боксшылары болса, 3 алтын, 4 кү­мiс, 3 қоланы қанағат етiп, командалық есепте екiншi орын­ға сусыды.
Куба боксшыларын әлем чемпионаттарында ығыстыр­ған екiншi ел – АҚШ. 1999 жылы Хьюстонда өткен әлем бiрiншiлiгiнде америкалықтар 4 алтын алды, Куба боксшылары 2 алтын, 3 күмiс жүлде олжалап, тағы да бұрынғы биiгiне көтерiле алмады.
Сөз басында кубалықтарды Ресей һәм АҚШ боксшылары “жуасытқанын” айттық. Әуесқой бокс сөз бола қал­ғанда әлемнiң аузына алдымен түсетiн Куба құрамасын 2011 жылы Әзiрбайжан астанасында өткен әлем чемпионатында Украина боксшылары да атынан аударды.
1974 жылдан берi әлем чемпионаттарын әлемнiң 13 мемлекетi өткiздi. АҚШ-та бiр емес үш мәрте әлем чемпионаты ұйымдастырылды: 1986 жылы Рено қаласында, 1999 жылы Хьюстонда, 2007 жылы Чикагода. Чикагода әлем чемпионаты күтпеген жерден өттi. Себебi осы жылы әлем чемпионаты Ресей астанасы Мәскеуде өтуi тиiс болатын. Бiрақ ресейлiктердiң әлемдiк сынның жөн-жоралғысын ат­қаруға келгенде дайындығы мәз болмай АIВА әлем чем­пио­натын АҚШ-та өткiзудi ұйғарды. Мұндай оқыс ше­шiмге шарт кеткен кубалықтар әлем чемпионатына қатысудан үзiлдi-кесiлдi бас тартып, бойкот жариялады.
Бокстан әлем чемпионаттарын бұған дейiн азуын айға бiлеген, төрт құбыласы түгел мемлекеттер өткiздi, бiрақ өз жерiнде өткен әлем бiрiн­шiлiктерiнде жалпыкомандалық есепте қара үзiп, топ бас­таған ел қадау-қадау ғана. 1974 жылы Гавана рингiнде әлем боксшыларының зәресiн ұшырған Куба боксының табысын айтатын, 1999 жылы Хьюстонда тайлы-тұяғымен қолдау көрсетiп, финалға шыққан төрт боксшысын да чемпион атандырған америкалықтардың төбесiн көк тiрете мақтайтын мамандардың аузына ендi Қазақ елiнiң боксшылары өз жерiнде ұйымдастырылған әлем чемпионатында топ жарған үшiншi ел болып оралады. Әйтпесе, бiз өткiзген бiрiншiлiктi 1978 жылы Югославия мемлекетi сән-салтанатын келiстiрiп ұйымдастырды да, 6 боксшысын финалға шығарып, бiрде-бiр алтын жүлде иелене алмады. 1982 жылы Мюнхенде және 1995 жылы Берлинде әлем чемпионатын өткiзген немiстер де жалпыкомандалық есепте топ жара алған жоқ. 1991 жылы Сиднейде өт­кен әлемдiк сында австралия­лықтар бәйге төбе басына шығу былай тұрсын, әлем чемпионатының 2 қола жүл­десiн зор табыс санады. 1993 жылы Финляндия елiнде болған әлем чемпионатында фин боксшылары 1 ғана күмiс медальға қол жеткiздi. 1997 жылы Мажарлар Будапештте салмағы сансыз атанның белiн қайыстыратын доданы өткiзiп, 2 алтын медальмен жалпыкомандалық есепте үшiншi орынды қол көрдi. 2001 жылы Солтүстiк Ирландияда өткен әлем чемпионатында көкпарға түскен 48 медальдан ринг иелерiне ештеңе бұйырған жоқ. 2003 жылы Тайландтағы әлем бiрiн­шiлiгiнде де тайландтық бокс­шылар 1 алтын, 1 күмiстi мiсе тұтты. 2005 жылы Қытайдың Мяньян қаласын дүбiрге бөлеген әлем чемпионатында миллиардтан аса халқы бар ханзуларға бар болғаны 1 алтын медаль ғана тидi. 2009 жылы Италияда өткен әлем чемпионатында итальяндық боксшылар 2 алтын медальға қол жеткiзiп, жалпыкомандалық есепте Ресей құрамасынан қалып қойды. Екi жыл бұрын Бакуде әзiрбайжандар да 1 алтын, 1 күмiс жүлденi иеленiп, өз жерiнде топ бастау мүмкiндiгiне қол жеткiзе алмады.
ЖАНАРЫ ЖАСЫН, ЖҮРЕГI  ЖАНАРТАУ ЖIГIТТЕР
 Алатаудың етегiне жеңiс жалауын төрт мәрте қадап, әнұранымызды шырқатқан жiгiттердiң толайым табысын таңнан таңға жалғап жырласақ та жарасады.
Отызында орда бұзған Бiржан Жақыповтың жанарында қуаныштың жасы мөл­тiлдеуi заңдылық. Талайдан берi тауанын шаққан ханзу Зоу Шиминнiң шеңгелiнен шыға алмай келген жерлесiмiз ақыры әлем чемпионы атанды.
“Астана арландары” клубының бас директоры Болат Манкенов бiр сөзiнде Мерей Ақшалов “арлан” боп жүргенде Қазақ жерiнде өткен барлық жекпе-жектерiнде жеңiс­ке жеткенiн, туған елiнiң қолдауы аруақтандырып жi­беретiнiн айтқан едi. Мерей күллi қазақтың мәртебесiн кемерiнен асырып, әлем чемпионы атанды.
Ұлттық құраманың капитаны Данияр Елеусiновтiң әлем чемпионы атанарына тек туған халқы ғана емес, AIBA-ның президентi доктор Чинг Куо Ву да кәмiл сендi. Қой бастаған серкедей ойқастаған Данияр дүйiм елiнiң де, доктордың да сенiм үдесiнен шығып, әлем чемпионатының бас бәйгесiн иелендi.
Жиырма жасында әлем чемпионы атанған Жәнiбек Әлiмханұлының да жанартаудай атқылап, ринггiде жасын ойнатқаны қуантты.
2011 жылы әлем чемпионатының финалында кубалық боксшыдан өте алмаған Әдiлбек Ниязымбетовтiң еншiсiне жазылған күмiс те, аса ауыр салмақта әлем чемпионатының күмiс жүлдегерi атанған Иван Дычконың да табысы мақтануға татиды. Берiк Әбдiрахманов пен Қайрат Ералиевтiң де әлем чемпионатының қола жүлдесiн қанжығалауы – зор көрсеткiш.
ЕҢБЕГIНIҢ ЖЕҢГЕНI
Екi жылда айналып соғатын аламанға он ноянын салып, сегiзiн жартылай финал­ға, алтауын финалға жет­кiзiп, 4 алтын, 2 күмiс, 2 қола медаль алып берген бас бапкер Мырзағали Айтжанов бастаған ұлттық құрама бап­керлерiнiң еңбегi өтелiп, Мырзағали Құланұлы AIBA-ның ұйғарымы бойынша жылдың үздiк бапкерi атанды. Құраманың капитаны, 69 келi салмақта әлем чемпионы атанған Данияр Елеусiновтiң де еншiсiне жылдың үздiк бокс­шысы деген марапат жазылды. 
ТУҒАН КҮНГЕ АЛТЫН МЕДАЛЬ
Алматыда өткен әлем чемпионатында әзiрбай­жандық боксшы Джавид Челябиев 56 келi салмақта әлем чемпионы атанды. Әзiрбай­жан боксының тарихында әлем чемпионы атанған екi-ақ боксшы бар болатын: Агаси Мамедов пен Магомедрасул Меджидов. Солардың қатарына есiмiн ел тарихына алтын әрiппен жазып, Джавид те қосылды. Жартылай финалда жерлесiмiз Қайрат Ера­лиевтi тiзерлеткен Челябиев финалда 143 миллион орыстың жiгерiн құм етiп, Владимир Никитиндi ұтты. 20 жасында әлем чемпионы атанған боксшы: “Мен туған Отаныма алтын медаль арқалап оралсам деп армандадым. Моңғол Ньямбаярды жарыстан ығыстырған соң-ақ екiншi тынысым ашылғандай сенiмiм беки түстi. Финалда ресейлiк боксшыға қарсы шығатын бол­ғандықтан жаттығу тәр­тiбiн өзгертiп, дайындықты екi еселедiк. Азулы қарсы­лас­тың тақымынан суырып алған алтын ме­далiмдi 26 қазанда туған әкеме тарту етемiн”, – дедi.
 
ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖЕҢIМПАЗДАРЫ ҺӘМ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРI
49 келi
1.Бiржан Жақыпов (Қазақстан)
2.Мохаммед Флисси (Алжир)
3.Йосвани Вейтия (Куба), Давид Родригес (Коста-Рика).
52 келi
1.Миша Алоян (Ресей)
2.Жасурбек Латипов (Өзбекстан)
3.Эндрю Селби (Уэльс), Чатчай Бутди (Тайланд)
56 келi
1. Джавид Челябиев (Әзiрбайжан)
2. Владимир Никитин (Ресей)
3. Қайрат Ералиев (Қазақстан), Николай Буценко (Украина).
60 келi
1. Лазаро Эстрада (Куба)
2. Робсон Консейсао (Бразилия)
3. Доменико Валентино (Италия), Берiк Әбдiрахманов (Қазақстан)
64 келi
1. Мерей Ақшалов (Қазақстан)
2. Ясниэль Толедо (Куба)
3. Эвертон Лопес (Бразилия), Эрдэнэ Уранчимэг (Моңғолия).
69 келi
1. Данияр Елеусiнов (Қазақстан)
2. Ариснойлис Деспейн (Куба)
3. Араик Марутян (Германия), Габриэль Маэстре (Венесуэла).
75 келi
1. Жәнiбек Әлiмханұлы (Қазақстан)
2. Джейсон Квигли (Ирландия)
3. Артем Чеботарев (Ресей), Энтони Фоулер (Англия).
81 келi
1. Хулио Пераза (Куба)
2. Әдiлбек Ниязымбетов (Қазақстан)
3. Ойбек Мамазулунов (Өзбекстан), Джозеф Уорд (Ирландия).
91 келi
1. Клементе Руссо (Италия)
2. Евгений Тищенко (Ресей)
3. Теймур Мамедов (Әзiрбайжан), Ямиль Перальта (Аргентина).
91 келiден жоғары
1. Магомедрасул Меджидов (Әзiрбайжан)
2. Иван Дычко (Қазақстан)
3. Роберто Каммарелле (Италия), Эрик Пфайфер (Германия). 
Дайындаған Қуаныш БАЖАҚ. 
 ***
ОБАЛЫ ТӨРЕШIГЕ
Алматыда өткен әлем чемпионаты көп нәрсенiң басын ашып бердi. Қазақ елiнiң ұлттық құрамасында Лондон олимпиадасынан кейiн бiршама өзгерiстер болғанын, жастардың жалындай жанғанын көрiп қуанып қалдым.
Бiрақ аса ауыр салмақтағы боксшымыз Иван Дычконың рингiде кескен теректей құлағаны көңiлiмдi құлазытты. Құраманың бас бапкерi Мырзағали Айтжанов Иванды келесi жылдың сәуiр айына дейiн жаттығуға салмайтынын, денсаулығын түзейтiнiн айтыпты. Менiңше, Дычконың обалы рингiдегi шотландиялық рефериге. Төрешi Әзiрбайжанның алыбы Магомедрасул Меджидовтiң жартылай финалда үш бiрдей олимпиада ойындарында жүлде алған итальяндық Роберто Ка­марел­ленiң есiн аударып жiбергенiн ескерiп, Дычко алғашқы құлағанда-ақ са­йысты тоқтатуы қажет едi. Керiсiнше, “әлем чемпионатында нокаут тiркелсiн” дегендей көзiнiң алды қарауытып, құлауға шақ қалған Иванның жұдырықтасуына рұқсат бердi. Жұрт алдында құлатпаса төрешiлер жеңiстi Дычкоға ұстатып жiберетiнiн сезген Меджидов көстите соғып, нокаутқа түсiрдi де, екi дүркiн әлем чемпионы атанды.
 
Қ.Әлiмбаев,
Алматы қаласы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар