1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №71 (15841) 10 қыркүйек, сейсенбі 2013
"Жас Алаштың" спорт беті.
10 қыркүйек 2013
Спорт ақпарат

ТҮТIП ЖIБЕРДI

Астаналық “Барыс” клубы құрлықтық хоккей лигасындағы биылғы алғашқы ойынын жеңiспен бастады.
“Қазақстан” спорт кешенiнде өткен ойын 10:1 есебiмен “Барыстың” пайдасына шешiлдi. Череповецкiнiң “Северсталь” командасын жүндей түткен астаналықтар алғашқы шайбаны 9-минутта соқты. Содан кейiн-ақ қақпаның құлпы ашылып сала бердi де, “Барыс” хоккейшiлерi       10 шайба соғып бiр-ақ тоқтады. Қонақтар сапынан Лааксо ғана 23-минутта жалғыз шайба соға алды.
“Барыстың” ойыншылары тек жарысты ғана емес, төбелестi де сағынып қалыпты. Джош Грэттон мен Пахрудин Гимбатов жаға жыртысып, астаналық хоккейшi қарсыласын көк мұз үстiнде әбден төпеледi.
 
ТҰҢҒЫШ ЧЕМПИОНАТ
Бүгiн Астанадағы “Қазанат” атшабарында көкпардан 1-ашық Азия чемпионаты басталды. Қазақ спортының тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған шараға елiмiздiң бас командасымен бiрге Қырғызстан, Ауғанстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей құрамасы қатысуға ықылас танытыпты.
Азия чемпионаты аптаға созылады.
 
КЕЛIМСЕКТЕР ҚИНАЛМАЙДЫ
Түрiктiң ajansspor.com.tr басылымы қарағандылық “Шахтердiң” қақпашыларының бiрi Валерий Фомичев­тiң түркиялық клубпен екi жылдық келiсiмшартқа қол қойғанын жазды.
Ендi Фомичев Түркияның бiрiншi дивизионындағы “Ордуспор” клубының қақ­па­сын қорғайтын болады.
Беларусь елiнде туған қақпашы осы жылдың басында қарағандылық “Шахтерге” ауысып келген сәт­тен көп өтпей-ақ Қазақстан азаматтығын алды. “Шах­тердiң” бас бапкерi Виктор Кумыков бұл ойыншыны үнемi қосалқы құрамға қосып, алаңға шығарған жоқ.
Өз елiнде жүрiп, өгейдiң күйiн кешкен кейбiр қандас­тарымыздың қолы жет­пейтiн, айдағы дүние саналатын азаматтықты Фомичев сынды келiмсектер оп-оңай ала салады.
 
ТIЗГIН БОСАТТЫ
8 қыркүйекте Украина астанасы Киев қаласында бокстан жасөспiрiмдер арасында әлем чемпионаты басталды. 12 салмақ дәре­же­сi бойынша медальдар сарапқа салынатын бiрiншi­лiктiң бәйгесiнен елiмiздiң боксшылары да дәмелi.
Алғашқы айналымда 46 келiде Әлiмжан Бескемпiр америкалық Жордан Уайттан басым түссе, 54 келi салмақта Сабыржан Әбiлев бахрейндiк Кинли Гилет­сендi, 75 келi салмақта Жұ­магелдi Раев даниялық Сеан Ларсендi айқын басымдықпен ұтты.
Кеше 50, 57, 66 келi салмақтағы үш бiрдей боксшымыз рингке шығып, әлем чемпионатындағы алғашқы жекпе-жектерiн өткiздi.
Әлемдiк сынға нүкте 15 қыркүйекте қойылады. 2011 жылы жасөспiрiмдер арасындағы әлем чемпионатын Астана қаласында өткiзiп, елiмiздiң құрамасы 1 алтын, 1 күмiс, 2 қола медаль олжалап, командалық есепте 4-сатыға тұрақтаған болатын. Сол аламанда өзбек боксшылары бiзден бiр бас жоғары тұрған едi.
 
ТОКИО ТӨРIНЕ ШАҚЫРАДЫ
Халықаралық олимпиадалық комитеттiң (ХОК) Аргентина астанасында өткен 125-сессиясында көптеген маңызды мәселенiң түйiнi шешiлдi. Соның бiрi – 2020 жылғы жазғы олимпиада. Бұған дейiн осынау дүбiрлi доданың сән-салтанатын асырып, жасау-жабдығын келiстiрiп өткiзуден үш қала дәмелi болды. Ақырғы да­уыс беру нәтижесiнде же­ңiс­ке жеткен Жапония астанасы – Токио қаласының қанжығасы майланды.
Буэнос-Айрес қаласында өткен сессияда олимпиада ойындарын өткiзуден дәмелi Токиодан өзге екi қала болды. Алғашқы iрiк­теу­де Испания астанасы Мадрид қаласының кандидатурасы өтпей қалды. Одан кейiн Түркияның Ыстамбұл қаласы мен Токионың мүмкiндiгiн саралаған сарапшылар жапондардың бас қаласына 60 дауыс бердi де, түрiктердiң тарихи шәрiне 24 дауыс тидi. Түрiктер олимпиада ойындарына өткiзуге осымен 5 мәрте өтiнiш берiп, тауаны шағылды. Токиода 1964 жылы жазғы олимпиада ойын­дары өткен.
 
АТАҚТЫ ҚАРА ҚЫЗ
Теннистен АҚШ-тың ашық чемпионатында сынға түскен қыздардың арасында америкалық теннисшi Серена Уильямстың бағы жанды. Ол былтыр да US Open сайысының кубогын ие­ленген болатын. Финалдық сында Серена белорусь теннисшiсi Виктория Азаренконы екi сетте тiзерлеттi.
Үлкен дулыға санатындағы төрт турнир­дiң бiрi саналатын АҚШ ашық чемпио­натына бiздiң де қыздар қатысқан. Екi бiрдей теннисшiмiздiң де шамасы осы Уильямсқа жетпей қалды. Серена екiншi айналымда Галина Воскобоеваны, үшiншi айналымда Яро­слава Шведованы шаң қаптырып кеткен болатын.
 
ЖОЛДАМА ДА ҚОЛДА
Алматыда регбиден Азия чемпионаты өттi. Қыздар арасындағы құрлық бәйгесiнде елiмiздiң құрамасы топ жарып, Азия чемпионы атанып қана қоймай, 2014 жылы Франция елi ұйымдастыратын әлем чемпионатына қатысу мәртебесiне ие болды.Төрт құрама сарапқа салған чемпионатта бiздiң қыздар алдымен Сингапур қыздарын 97:7 есебiмен жеңдi. Одан кейiн Гонконг құрамасын ұтқан Жапония регбишiлерiн 25:23 нәтижесiмен тiзерлеттi.
 
СОЛ САРЫН
Волейболдан ерлер арасындағы әлем чемпио­наты келесi жылы Поль­ша­да өтедi. Елiмiздiң ұлттық құрамасы Австралияда өткен iрiктеу сынында сүрiндi. Таиланд, Кувейт, Австралия һәм бiздiң елдiң жiгiттерi жал­ғыз жолдаманы көк­парға салған. Геннадий Паршин баптайтын құра­ма Таиланд пен Кувейт құрамасын айқын басымдықпен жеңдi де, ше­шушi тұста австралиялықтардың қақпанына түсiп қалды. Сөйтiп, әлем чемпионатына қатысу мүмкiндiгiнен айырылды.
74 жастағы Геннадий Паршин баптайтын ұлт­тық құрама тағы да әлем бiрiншiлiгiнiң аламанынан қол үздi. Қазақ волейболының тарихында жiгiт­тер әлемдiк сынға екi-ақ рет қатысты: 2002 жылы 19-орын алса, 2006 жылы 24-сатыны мiсе тұтты.
 
Дайындаған Қуаныш БАЖАҚ.    
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар