1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №68 (15838) 29 тамыз, бейсенбі 2013
"Жас Алаштың" спорт беті.
29 тамыз 2013
Ұзақ күттiрген күмiс жүлде

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында дзюдодан ересектер арасында (ерлер және қыздар) әлем чемпионаты басталды. Әлемдiк аламанның ал­ғашқы күнi татамиге ерлерден екi спортшымыз шыққан. Өкi­нiш­ке қарай, бiрiншiлiктi тәп-тәуiр бастап, бiрнеше қарсыласын алып та, шалып та жеңген Елдос Сметов 60 келi салмақта күресiп, алғашқы айналымда швейцариялық Нкулуеко Сихлонянгты жығып, екiншi белдесуiн қытайлық Хуолинг Тиангты тiзерлетiп, үшiншi кезекте поляк Лукаш Киелванскийдi сүрiн­дiрдi. Бiрақ ширек финалда жапон Наокиса Такатаның шең­гелiнен шыға алмай қалды. Елдосқа қола жүлде үшiн күре­судiң сәтi туып едi, әзiрбайжан балуаны Орхан Сафаровқа жол бердi де, әлем чемпионатын 7-орынмен аяқтады. Осы салмақта әлем чемпионатына Асхат Телманов та қатысқан-ды. Iрiктеу кезеңiндегi үш белде­суiн­де австриялық, қытайлық, әзiрбайжандық қарсыластарын ығыстырып, ширек финалда грузин балуанының алдында тiзер­ледi. Асхатқа да қола жүлде үшiн күресуге мүмкiндiк туған, күшiнiң бәрiн сарқып алған Телманов моңғол спортшысынан өте алмай, 7-орынға тұрақтады. Қыздар арасында әлем чемпионатының жүлдесi үшiн күрескен Айгүл Байқұлова (48 келi) Бразилияның беткеұстар балуан қызы, олимпиада чемпионы Сара Менезестен жеңiлiп қалса, Александр Подрядова жапон спортшысы Асами Нарухадан ұтылды. Сайыстың екiншi күнi құра­ма қанжығасына көптен күткен күмiс медаль байланды. Ұлттық құраманың бас бап­керi Ермек Иманбеков 66 келi салмақта екi бiрдей балуанды әлем чемпионатының бәйгесiне қосты. Сергей Лим мен Азамат Мұқанов ел намысын ту етiп, белдесуге шыққанда, көпшiлiк Лимнен жүлде күттi. Осы салмақтың әлемдiк рей­тингiнде 3-сатыда тұрған Сергей былтыр Азия чемпионатында жеңiске жеттi, биыл да өзiнiң бабына әбден енгенiн дәлелдеп, олимпиада мен әлем чемпионатынан кейiнгi iрi жарыс саналатын “әлемдiк шеберлер” турнирiнде топ жарды. Бiрақ спортта жеңiс үнемi жазыла бермейдi ғой, Лим алғашқы айналымда өзбек спортшысына жол берiп, жарыстан шығып қалды. Есесiне, Азамат ер екен. Iрiктеу сынында кiлең мықтылармен жолы түйiскен Мұқановтың жiгерi мұқалған жоқ. Ширек финалдық белдесулерге дейiнгi қарсыластарының бәрiн “иппон” (таза жеңiс) әдiсiмен ұтты. Бiрiншi белдесуiнде ресейлiк Алим Гадановтың жауырынын жер иiскеттi. Еуропа чемпионы деген атағы бар балуанды тiзерлеткен Азамат екiншi айналымда сингапурлiк Джоэль Ценгтi бiрiншi минутта-ақ алып ұрды. Жерлесiмiздiң құрасуынан үшiншi айналымда ағылшын балуаны Колин Оатс та құтыла алған жоқ, бар-жоғы 19 секундта тiзерлеттi. Ширек финалда дзюдо күресiн ойлап тапқан жапон елiнiң балуанымен белдескен жерлесiмiз Масаки Фокуоканы сүрiндiрдi. Жартылай финалда 2009 жылы украин халқын қуантып, әлем чемпионы деген атаққа ие болған Георгий Зантараяның өзiн жықты. Финалда Мұқанов 2011 жылы Париж қаласында өткен әлем чемпионатында топ жарған Жапонияның жампозы Масаси Эбинумамен күрестi. 23 жастағы Эбинума былтыр Лондон олимпиадасының қола жүлдесiн иеленген өте әккi балуан екенiн көрсеттi. Дегенмен де Азамат қарсыласының атағынан ыққан жоқ, белдесу басталған сәттен әдiске салып, әбден састырды. Масаси­дiң мазасын қашырып, қолын да қайырып сiлiкпесiн шығарды. Бес минуттық бел­десудiң төрт минутын басымдықпен өткiзiп, екi “шидо” ұпайымен алда тұр­ған. Жанкештi жапон ауырған қолын ойлаған жоқ, ұлтының намысы үшiн күресiп, жерлесiмiздi алып ұрып, “иппон” әдiсiмен ұтып кеттi.

Тәуелсiз Қазақ елiнiң тарихында дзюдо күресiнен 2001 жылдан берi ересектер арасында бiрде-бiр қазақ балуаны жүлде ала алмай келiп едi. 2001 жылы Асхат Жiткеев пен Асхат Шахаров әлем чемпионатының қола жүлдесiн олжалаған, содан кейiн 2009 жылы Максим Раков әлем чемпионатының алтын медалiн, 2011 жылы күмiс жүлде алды.
Олимпиада чемпиондары мен әлем бiрiншiлiгiнiң жеңiм­паздарының көптiгi сондай, үнемi бiр-бiрiн шатастырып алатын Жапония емеспiз ғой, сондықтан да Азаматтың күмiс медалi алтынның құнымен пара-пар. Мұқановтың жеңiсi белдесуге түсетiн өзге де балуандарымызға жұғысты болғай.
Қуаныш БАЖАҚ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар