1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №33 (15491) 27 сәуір, сейсенбі 2010
27 сәуір 2010
Қырғызстан: Келесi президент кiм?

«МӘСКЕУ ТӨҢКЕРIС ЖАСАУЫН ЖАСАДЫ-АУ, БIРАҚ САЛДАРЫМЕН КҮРЕСЕ АЛМАЙ ОТЫР»

Қырғызстанда президент сайлауы биыл 10 қазанда өтетiн болды. Конституциялық реформалар жасау үшiн маусымның 27-сiне референдум өткiзу белгiлендi. Бұл туралы Қырғызстан уақытша өкiметi басшысының конституциялық реформалар жөнiндегi орынбасары Өмiрбек Текебаевтың мәлiмдемесiне сiлтеме жасап, ИТАР-ТАСС хабарлады.
Мәскеу қазiр шабылып жатыр. Қырғыз жерiндегi саяси белсендiлiгiн бұрынғыдан да үдеткен. Алда — президент сайлауы. Әрине, Мәскеу қолына жаққан асығын сақа еткiсi келетiнi түсiнiктi. Кейбiр ақпарат көздерi «Ресейдiң қолайына жағып отырған — Темiр Сариев» дейдi. Т.Сариев қазiр уақытша өкiметтiң вице-премьерi. Оған қаржы мәсе­лесi сенiп тапсырылған. «Кремль Сариевтi қош көрiп отыр» деген сөздiң жаны бар. Өткен аптада ол Мәскеуге барып қайтты. Ресей бөлетiн қаржылай көмектiң жай-жапсарын анықтау үшiн.
Айтпақшы, Алмазбек Атамбаевтың да президенттiктен дә­месi зор деседi. Атамбаев төңке­рiс­тiң ыстық-суығы басылмаған елең-алаңда Мәскеуге бiр емес, екi рет барды. Және де Ресейден Қырғызстанға қаржылай көмек алу мәселесi бойынша Путинмен келiссөз жүргiзiп, iстi оңтайлы шешкен де осы — Алмазбек Атамбаев.
«Ендi негiзгi үмiткерлер Ре­сейдегi түрлi қаржылық топтардың ықпалы үшiн өзара қырқысады және Мәскеуге «жиналыс­қа» келудi жиiлетедi», — дейдi ТМД елдерi институты Орталық Азия бөлiмiнiң меңгерушiсi Андрей Грозин.
Көптеген сарапшылардың пiкiрiнше, 10 қазанда Қырғыз елiнде өтетiн президент сайлауы Мәскеу сызып берген сценариймен жүргiзiледi. Оның басты екi себебi бар.
Бiрiншiден, Ресей — Қырғызстанның ең iрi кредиторы. Төң­керiстен кейiн Ресей қырғыздарға 50 миллион доллар көмек бермекке уәде еттi. Оның 20 миллионы — қайтарымсыз көмек. Төңкерiс­терден әбден қалжырап, қалтасында тиын-тебенi ғана қалған Қырғыз елi үшiн бұл аз қаражат емес.
Екiншiден, Ресейден келетiн мұнай өнiмдерiнiң баж салығы мәселесiн шешуге ықпал ететiн — жаңадан тағайындалатын президент. Баж салығын алып тастаған жағдайда, Қырғызстан жылына 200 миллион доллар үнемдемек. Бұған қосымша Мәскеу Қырғызстанды кедендiк одаққа кiргiзудi де қолға алып жатыр. Осы мәселенiң бәрiн iске асыру үшiн айтқанын екi еткiзбей iстейтiн қолбала керек-ақ.
Ресей Украинаға қолданған әдiс-тәсiлдi Қырғызстанға да қолдануы мүмкiн. Қалай? Қандай жолмен? Грозиннiң пiкiрiн­ше, Кремль бiр ғана үмiткердi емес, бiрнешеуiн қолдайды. Үмiткерлердiң бәрiн тасқаяқтай қағыстырады да, «сүзгiнiң тесiгiнен» өтпей қалғанына астыртын көмек бередi. Сондай-ақ, 27 маусымда өтетiн референдумнан кейiн президент билiк тетiктерiнiң бiразынан айырылады. Ендеше, Ресей премьерлiкке үмiткердi де дұрыс таңдауы керек.
Қырғызстан «жел көтерген» етек-жеңiн қымтай алмай жатқанда бұрынғы президент Құрманбек Бәкиев Беларуссияда екi күнде екi рет баспасөз мәслихатын өт­кiздi. Алғашқысында отставкаға кету туралы жазған арызынан бас тартса, кейiнгiсiнде төңкерiс құпиясының сырын шетпұшпақтап айтып қалды. «Құр­манбек Сәлиұлы Қырғызстанда болған жағдайдың сырын ашық айтуға бекiнiп отыр», — деп мә­лiмдептi Бәкиевтiң төңiрегiнде жүр­ген бiреу «Интерфакс» агенттiгiне.
Ендi Бәкиев бiрдеңе айтса да одан келiп-кетерi шамалы. Қыр­ғызстандағы төңкерiстiң қалай болғанын, кiмдердiң ұйымдастырғанын бәрi бiлiп отыр. Қазiр бұл туралы батыс басылымдары жарыса жазып жатыр. Британдық The Guardian газетi былай деп жазды: «Бәкиевтi билiктен тайдыруда Кремльдiң ықпалы зор болды. Алайда, оның оңай шағылатын жаңғақ емес екенiн кеш түсiндi. Ресейдiң Қырғызстанға қатысты iс-әрекеттерi «түрлi-түстi төңке­рiстер» кезiндегi АҚШ-тың Грузия мен Украинаға қолданған тәсiл­дерiн еске түсiредi. Мәскеу Қыр­ғыз жерiнде төңкерiс жасауын жасады-ау, бiрақ салдарымен күресе алмай отыр».
 
***
Кеше Мәскеуде Қырғызстанның iшкi iстер экс-министрi Молдомусу Конгантиев тұтқындалды. Бұл туралы Қырғызстанның АКИpress ақпарат агенттiгi хабарлады. Бұл операцияны қырғыз елiнiң арнайы қызметi мен ресейлiк құқық қорғау органдары бiрлесiп жүргiзiптi. Кейбiр ақпарат көздерi Конгантиевтi Бiш­кекке әкеп, ұлттық қауiпсiздiк қызметiнiң түрмесiне қамағанын мәлiмдедi.
Тағы бiр елең еткiзерлiк мәлiмет: Құрманбек Бәкиевтiң бауыры Ахмад Бәкиев iз-түзсiз жоғалып кеттi. Бұл туралы Құр­манбектiң тағы бiр бауыры Қаныбек 24kg ақпарат агенттiгiне электронды поштамен хат жолдап айтыпты. «Сәрсенбi күнi Ахмад әлдекiмдермен кездесуге шығып кеттi. Шамамен кешкi сағат алтыда Ахмад маған телефон соқты. Бар айтқаны бiр-ақ сөз: «Бауырым...». Одан кейiн екi рет мылтық даусы естiлдi де, байланыс үзiлдi», — дептi әлгi хатта Қаныбек Бәкиев.
Ерiк РАХЫМ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті