1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №13 (15991) 17 ақпан, сейсенбі 2015
17 ақпан 2015
Келiсiм күшiне енсе де, атыс тоқтамады

Өткен аптада Минскiде 16 сағатқа созылғ­ан келiссөздерден кейiн жасасқан қақтығысты тоқтату жөнiндегi келiсiм күшiне ене салысымен бұзылды. Уағдаластық күшiне енбестен ресейшiл серапатистер Дебальцевоның Минск келiсiмдерiне қатысы жоқтығын алға тартып, онда қақтығыс жалғаса беретiнiн мәлiм еткен. Киев сепаратистiк күштердiң үкiмет әскерiне қарата оқ жаудырып жатқанын хабарлады.

КЕЗДЕСУДIҢ ҚЫЗЫҒЫ МЕН ШЫЖЫҒЫ
Минскiде сәрсенбi және бейсенбi күндерi өткен келiссөздер әлi де жұрттың аузында. “Нормандиялық” төрттiктiң қол алысқанынан бас­тап iшкен кофелерiне дейiн сөз болды. Онда да оны ерекше әңгiмелеген – осы кездесудi ұйымдастырушы Беларусь президентi Александр Лукашенко. Әдетте әдеп бойынша қабылдаушы тарап қонақтардың не iшiп, не жеп кеткенiн тiзiп жатпайды. Алайда Беларусь президентi қатысушыларға тартылған дәмге дейiн жайып салды. Ол түнi бойы ұйықтамай, келiссөз жүргiзген кездесуге қатысушылар бiрнеше шелек кофе iшiп кеткенiн айтты. Бұдан бөлек қуырылған жұмыртқа, сыр, сүт өнiмдерiн жегенiн мақтанышпен жеткiздi. Тiптi өзi де төрт елдiң жетекшiлерiне кофе берiп отырғанын     баяндады.
Кездесу бастала бергенде қол алысып амандасқан төрт ел жетекшiлерiнiң орындыққа жайғасқан сәтi де қызық шықты. Германия канцлерi А.Меркельге әлдене сыбырлаған А.Лукашенко Путин отыра берген орындықтың арқалығын ұстап тұр. Анадай жерде Оланд диванның үстiне жайғасып жатыр. Порошенко диванның жанындағы жұмсақ креслоға отыруды құп көрiптi. Осы көрiнiстi керi айналдырып монтаждағандар “Лукашенко Путиндi орындыққа отырғызбай, тартып алып тұр” деген видеоны ғаламторға салыпты. Расында да, Путиннен орындықты жылжытып тұрғандай көрiнетiн бейнеролик лезде youtube-тегi танымал бейне­лердiң бiрiне айналды.
Кейiн өзге басшылар жұм­сақ диван мен креслоға жай­ғасқанда, Ресей президен­тiнiң жай орындыққа отырғанының өзi сан-саққа жүгiртiлдi. Бұған Лукашенконың баспасөз хатшысы Наталья Эйсмонттың өзi түсiндiрме бердi. Оның айтуынша, келiссөздер хаттама бойынша белгiленбеген жерде өтiптi. “Порошенко, Олланд пен Меркель және Путин келдi. Амандасты. Осы жерде бiз оларды арнайы залға алып кiруiмiз керек едi. Бiрақ олар өздерi жиһаз жылжытып, тағы бiр диванды жақындатып, сонда қалып қойды”.
Бұл аздай, “нормандиялық төрттiктiң” жетекшiлерi өздерi қалаған бөлмеге кiрiп кеткен, келiссөз өткiзген. Ал бұл бөл­ме­де дәретхана болмағандықтан, мемлекет басшылары кiре­берiсте жиынның нәти­жесiн күтiп, еденде отырған журналистердiң жанынан өтуге мәжбүр болған.
Кiм не десе де, бұл кездесуден ұтқан бiр адам болса, ол өзге емес, А.Лукашенконың нақ өзi. Еуропаның басшылары “Еуропаның соңғы диктаторы” деп атаған Беларусь президентi Минскiнi келiссөз алаңына айналдырып, бiтiмгер болып, сүйкiмдi тұл­ғаға айналып шыға келдi.
 
112 РЕТ ОҚ ЖАУДЫРДЫ
Келiссөздер нәтижесiн сарыла күткен тiлшiлердiң төзiм­дiлiгiнiң өзi жеке тақырып. Әне-мiне шығып қалады деп есiк торуылдаған БАҚ өкiл­дерiнiң алдына келiп түсiн­дiрме берген жалғыз В.Путин болды. Меркель, Олланд пен Порошенко уағдаластықтың мән-жайын өз елдерiне барған соң ашты. Уағдаластық бо­йынша, 15 ақпаннан бастап Украинаның шығысындағы атыс тоқтауы тиiс едi. Қақтығыс аймағынан қару-жарақ, ауыр артиллерия әкетiлiп, 50 шақырым жерде буферлiк аумақ құрылады. Келiсiм күшiне енгеннен кейiнгi үш күнде екi тарап та тұтқындарды босатып, бiр-бiрiне қайтарады дескен.
П.Порошенко Ресей түрме­сiнде аштық жариялағанына екi айдан асқан украиналық ұшқыш Надежда Савченко елге қайтарылады деген қуанышты хабарды жеткiзгенi сол едi, Кремль мұны жоққа шығарды. Ресей президентiнiң баспасөз хатшысы П.Порошенконы терiстеп, Минск кез­десуiнде Путин Савченко босатылады деген уәденi берме­генiн кесiп айтты. Айтуынша, украиналық ұшқышқа қатысты тергеу шаралары жүрiп жатыр, оның кiнәлi-кiнәсiздiгiн тек сот анықтайды.
Ең алаңдатарлығы, Минск келiсiмдерi 15 ақпанда күшiне енгенiне қарамастан, Украинаның шығысындағы атыс әлi де тоқтамай тұр. Олай болатынын күнi бұрын болжаған сарапшылар келiсiмдердiң орындалатынын күтудiң қажетi жоқ дескен. Өйткенi iс жүзiнде бұл жолғы уағдаластық күзде Минскiде өткен кездесу нәтижесiнде қабылданған келiсiмдердi қайталайды. Ал ол келiсiмдер сол кезде-ақ iске аспай, әуеде бос қалықтап қалған едi.
Айтса айтқандай-ақ, бұл жолғы атысты тоқтату жөнiн­дегi келiсiмнiң күшi бар болғаны 3 сағатқа қана жеттi. 15 ақпанның өзiнде сепаратистер үкiмет әскерiнiң позицияларына 60 рет атыс ашты. Әсiресе, Дебальцево төңiрегiнде атыс тоқтамай тұр. Бiтiмнiң сақтал­уын қадағалау үшiн Дебальцевоға барған ЕҚЫҰ-ның бақылау тобын сепаратистер кiргiзбей қойған. Өзiн-өзi жариялаған Донецк халықтық республикасының ресми өкiлi Денис Пушилин ЕҚЫҰ бақылаушылары Дебальцевоға кiру үшiн рұқсат алмағандарын сылтау еттi. Бұған дейiн сепаратистердiң тағы бiр өкiлi Эдуард Басурин “Дебальцевоны өздерiнiң аумағы болғандықтан, атқылауға құқы бар” екенiн айтқан. Өзiн-өзi жариялаған Донецк халықтық республикасының жетекшiсi Александр Захарченко Дебальцевода қоршауда қалған үкiмет әскерi бүкiл қару-жарағын тас­тап шықсын деген талап қойды.
Дебальцеводағы атыс АҚШ пен Еуропа елдерiн ғана емес, БҰҰ-ны да алаңдатып отыр. БҰҰ-ның бас хатшысы кеше мәлiмдеме жасап, екi жақты да атысты тоқтату жөнiндегi келiсiмдi орындауға шақырды.
Киевтiң дерегiнше, екi тәу­лiктiң iшiнде сепаратистер 112 рет үкiмет әскерiне қарсы оқ жаудырған, Дебальцевода 88 рет атыс ашқан.
Келiсiм күшiне енгеннен кейiн атыс тоқтамаса, Украинада соғыс жағдайы енгiзiле­тiнiн Украина президентi Петр Порошенко ескерткен. “Ешкiм бос қиялға берiлмегенiн қалар едiм. Өзiм де аңғал адам емес­пiн. Бiзге бейбiт күнге жету әлi қайда... Минскiдегi уағдаластық сақталады дегенге нық сенiм ешкiмде жоқ”, – дедi ол.
Айтпақшы, Минскiдегi кездесуден тағы бiр қызық дерек. “Нормандиялық төрттiкпен” қатар сепаратистер – ЕҚЫҰ мен Украина тарапының кездесуi өткен. Сол кездесуде сепаратистер “нормандиялық форматта” қабылданған құжатқа қол қоймаймыз деп сес көрсе­тiптi. Сөйтсе, Ресей президен­тi В.Путин оларға қысым көр­сетiп, әлгi құжатқа қол қоюға көндiрген. Мұны Германия канцлерi А.Меркель айтқан едi. Сепаратистердiң Путиннiң тiлiн алғанының өзi Мәскеудiң ара ағайыннан гөрi қақтығысқа қатысушы екенiн әйгiлеп бердi.
Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті