1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №90 (16276)   9 қараша, бейсенбі 2017
9 қараша 2017
Гамбург шоты

Әміржан ҚОСАНОВ арнайы «Жас Алаш» үшін
Осы аптада екі оқиға тұспа-тұс келді: Петерборда болған Қазан большевиктер төңкерісінің 100 жылдығы мен... президент «партияны жаңғырту керек» деп ұран тастаған «Нұр Отанның» кезекті жиыны. Былай қарасаң, бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын оқиғалар. Бірақ тереңірек үңілсек, екеуінің арасында белгілі бір ұқсастықтар бар екенін аңғаруға болады. Алдымен төңкеріс туралы айтайық.

«Ұлы Октябрь социалистік революциясы» деген атпен тұтас бір ұрпақтың санасына сіңіп кеткен, оның тарихи себептері мен салдары догмаға айналып кеткен бұл оқиғаның толық әрі объективті мән-жайын біздің тарихшылар әлі де ашып берген жоқ. Қарапайым адамды шыбын құрлы көрмеген, оның құқы мен ар-намысын таптап, миллиондаған қазақты құрбандыққа шалған осы жүйеге деген өркениетті көзқарас әлі де қалыптаса қойған жоқ. Басқасын айтпағанда, оның геосаяси бір себебі тағы бар: көрші Ресейде Ленин, Сталин, Бериялар саяси және моральдық-психологиялық реабилитациядан өтіп жатқаны белгілі, осы күндері Ресей телеарналарын қосып қалсаң болды – құдды бір өткен ғасырдың 80-жылдарына оралғандай әсерде қаласың. Ал ресейлік ақпарат құралдарының Қазақстандағы экспансиясын ескерсек, күнделікті қанша ағайынның санасы осы необольшевиктік идеологиямен уланып жатыр десеңізші. Ал билік арасында оған тосқауыл қойғысы келетіндер көрінбейді: я сол идеялармен іштей келіседі, я Кремль жаққа тәуелді.
Жетпіс жыл бойына советтік әлемді билеп-төстеген жүйенің негізгі саяси құралы партия болатын. Оның аты өзгеріп тұрса да, заты сол болып қалды: КСРО Конституциясы бойынша ол қоғам мен мемлекеттің жетекші күші ретінде танылып, басқа партияларға тыйым салып тастады. Ол партиялар болған да жоқ, өйткені ресми түрдегі «жетекші күшпен» кім тайталаса алады?!
Бізде болса, әрине, сөз жүзінде көппартиялық жүйе қалыптасқан. «Нұр Отанға» қоса, аты мен заты, олардың жетекшілері елге беймәлім бірнеше партиясымақ бар. Жыл он екі ай бойына қалғып-мүлгіп жатқан олар арагідік, әсіресе, сайлау науқандары кезінде аяқастынан оянып кетіп, «сұмдық» белсенділік танытып жатады. Көсемдері күні-түні ел аралап, теледидар төрінен түспей қояды. Сайлау бітті, қу кетті: науқан аяқталған соң, сол баяғы саяси-летаргиялық ұйқы құшағына еніп кетеді.
Менің билік партиясына деген сыни көзқарасым елге мәлім. Оның бәрін қайталай бермей-ақ қояйын. Бірақ осы күні президенттің өзі өзекті етіп жіберген бір мәселені айтпасқа болмас.
Президент әрі «Нұр Отанның» төрағасы: «Бүгiн бiз партияны жаңғырту қажеттiлiгiне байланысты маңызды тақырыпты қозғамақшымыз. Себебi елiмiз жаңғырту жолына түстi. Ал экономика мен саяси күштер осыған сай болуы керек. Өздерiңiз бiлесiздер, бiз биыл қоғамның экономикалық, саяси, рухани салаларында жаппай жаңғыртуға кiрiстiк», – деп мәлімдеді.
Осыған байланысты айтарым бар. Әрине, ол партияға менің еш қатысым жоқ, керек десеңіз, әртүрлі сайлаулар кезінде оған қарсы шығып, додаға түскенбіз, оны аяусыз әшкерелегенбіз. Ол партия күл болмаса, бүл болса да маған бәрібір. Бірақ қазіргі Қазақстандағы партиялық тақырыпта дәл осы «Нұр Отанға» қатысты бір маңызды жайт бар. Оның мәнісі мынада: президент қанша мақтаса да, дәл осы партия қазіргі қоғам өмірін, соның ішінде саяси тұрмысты жандандырып, қайта жаңғыртудың ең басты кедергісіне айналып отыр. «Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі» демекші, қайда барсаң, шөп қорыған иттей ешкімді саяси өмірге жолатқысы жоқ, жан-жағын мопополияландырып алған «Нұр Отан»!
Оның ішкі, бюрократиялық себептерін баяғыдан-ақ айтып келе жатырмын: бүгінгі таңда бұл партия шын мәніндегі саяси күш емес, ол – тек президенттің беделі мен қолдауының арқасында ғана күн көріп келе жатқан құрылым, биліктің идеологиялық көлеңкесі, таптаурын шенеуніктік қалыптан шыға алмай келе жатқан демократиялық емес, бюрократиялық ұйым. Ондай диагнозбен ол ешқашан да қоғам көшбасшысы бола алмайды.
«Сорлының зары арлыға кездескей» демекші, басқасын айтпағанда, дүйім жұрт қиналып, ақша құнсызданып, не бензин іздеп сабылып жүргенде, жұмған аузын ашуға жарамаған партиядан не қайыр? Ел үшін сай-сүйегі сырқырап жатса, неге дабыл қағып, қатарында жүрген министрлерді жерден алып жерге салмайды?! Немесе сот «айыпты» деп таныған бірде-бір жоғары шенді қылмыскерді жария және ресми түрде өз қатарынан шығара алмаған партиядан не сұрайсың?! Осыдан кейін оның ел алдында қандай беделі болмақ?!
Бедел мәселесінің төмен түсіп кеткені соншалықты – егер де «Нұр Отан» сондай белсенділік танытып жатқанның өзінде, оның сөзіне, «саудыраған жезіне» ешкім сене қоймайды: бір партиядағы қарғалар бір-бірінің көзін шұқымайды.
Әрине, президент соқырға таяқ ұстатқандай түсіндіріп, талап етіп жатқан соң, енді партия ішінде белгілі бір өзгерістер, заманауи жаңалықтар орын алар. Уақыт талабына сай менеждментте, бұқарамен қарым-қатынаста «новациялар» енгізілер.
Олай болмаса, партия төрағасының орынбасары «Facebook желісіндегі партия жақтастарының саны 5,8 есе, Instagram-да 3,1 есе, ал Twitter-де 1,6 есе өсті» деп есеп бермес еді ғой.
Бірақ, шынымды айтсам, оның «партияның әлеуметтік желілердегі парақшаларына жазылушылардың саны 6 миллионға (!) жетті» дегеніне сенудің өзі қиын: ол көрсеткіш неден, кімдерден құралғанының өзі белгісіз әрі күмәнді.
Бірақ мұның бәрі сыртқы әлемге, қоғамға еш қатысы әрі әсері жоқ ішкіпартиялық өзгерістер болып қалмақ. Оның үстіне көп жағдайда ол тірлік «сайда саны, құмда ізі жоқ» болып жатады. Ал билік басындағы партия шын мәнінде жаңғырып, шынайы бәсекеге бейім болуы үшін екі-ақ нәрсе қажет. Біріншіден, оның саяси алаңда лайықты, «сен тұр, мен атайын» спарринг-әріптестері болуы шарт. Спортта да шеберлігі мен дайындығы өзінен анағұрлым төмен қарсыласпен жаттығып, бойы үйреніп қалған адам өзімен тең қарсыласқа тап болғанда жеңіліп қалатыны рас емес пе?
Мәселен, күрес сықылды спорт түрінде «Гамбург шоты» деген ұғым бар. Бұрындары осындай жарыстар кезінде палуандар қарсыласын жеңіп тұрса да, өздерінің демеушілерінің тапсырмасы бойынша жығыла салып жүрген. Сөйтіп, кім шын мәнінде күшті екенін ешкім білмеген. Сол үшін олар жылына бір рет Гамбургтің бір трактирінде жиналып, есік-терезені қымтап тастап, көрерменсіз жарыс өткізіп тұрған. Бұл кезде күрес шынайы болып, нағыз жеңімпаз анықталып отырған. Соны «Гамбург шоты» деп атап кеткен.
Қазір «Нұр Отан» өз қолымен жасап алған, билікке тәуелді әрі санда бар да, санатта жоқ, сойып қаптағандай бір-бірінен аумайтын партияларды сайлауларда жеңіп жүр. Ал егер күндердің бір күнінде партияға «Гамбург шоты» келгенде оның жағдайы не болмақ?! Мұның өзі еліміздегі партиялық тұрмыста түбегейлі қайта қарауды талап етеді. Партиялардың өзара бәсекесі, өркениетті жарысы қыза түскен сайын қоғамдық өмірдің де қарқыны мен сапасы арта түсері хақ. Еліміздің бәсекеге қабілеттігі партиялардың бәсекеге қабілеттігіне тікелей байланысты. Меніңше, бүгінгі билік, әсіресе оның идеологтары, осы аса маңызды қағиданы ұғынып, азаматтық қоғам ішінен туған қозғалыстар пен партияларға «саптыаяқтан ас құйып, сабынан қарауыл қарап», кез келген бастамадан ішкі жау іздеуді доғаруы тиіс. Екіншіден, «Нұр Отан» сияқты саяси монополистің бар жетістіктері оның басшылығындағы президентке ғана байланысты болып отырғанын айттым. Осы партияны шын мәнінде тірілту үшін елбасы бейпартиялық болуы тиіс деп санаймын. Міне, сол кезде саяси өмірдің көрігі қыза түсіп, партияаралық бәсеке орын алады. Оның өзі «Нұр Отанның» ғана емес, басқа партиялардың жандануына жол ашады. Сөйтіп, қоғамдық-саяси өмір жаңаша сапаға ойысып, жаңа сатыға көтеріледі. Одан плюралистік қоғам, қала берді, мемлекетіміз ұтпаса, еш ұтылмайды.

ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар