1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №90 (16276)   9 қараша, бейсенбі 2017
9 қараша 2017
Мұнайы көп елдің соры қалың, мұңы көп

Әлеуметтік желілердің бірінде елеусіздеу бір сурет жарияланды. Суретте жалмауыз кемпір кейпінде бейнелеген алып құбыжықтың қолында бөтелкеден мұнайды қомағайлана ішіп жатқан адам бейнеленген. Солайша автор суретте мұнайға тәуелді елдердегі қара алтынның маңындағы қалыптасқан жағдайды шенейді. Фотосуретті көргенде жыл сайын қайталанатын жанармай тапшылығы еріксіз еске түседі. Өйткені Қазақстан – мұнайға тәуелді ірі елдердің бірі һәм бірегейі.
Бірақ сол мұнай және мұнай өңдейтін үш бірдей зауыт ішкі нарықты ширек ғасырдан бері бензинмен қамтамасыз ете алмай келеді. Жылдағы әдетінен жаңылмай биыл да елде бензин тапшылығы болып, жанармай іздеген жұрт сең соққан балықтай болды. Желі біткен ұлардай шулады. Сөйтіп, энергетика министрі Қанат Бозымбаев сөгіс алды. Вице-министр Әсет Мағауов қызметінен алынды. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевқа ескерту жасалып, компания басқарма төрағасының орынбасары Данияр Берлібаев міндетін ойдағыдай атқара алмағаны үшін жұмысынан босатылды. Осылайша Сағынтаев шара қолданып, жанар-жағармай дауынан басын арашалап алғандай болды. Сөгіс, ескерту, қызметтен алу, жұ мыстан қуу мәселені шешпейді. Себебі жанар-жағармай жырының түп мәні тым-тым тереңде жатыр.

МӘСЕЛЕНІ ШЕШПЕУДІҢ ЕСКІ ӘДІСІ
Президенттен сөгіс алған министр Қанат Бозымбаев «Павлодар мұнай химиялық» зауытының бас директоры Данбай Шухратты орнынан алып тастады. Себеп – жоғары сапалы бензин мен дизель отынын өндіруге қажетті құрылғыларды қосу мен зауытты техникалық жаңғыртудан өткізуді уақытында аяқтамаған. Сөйтіп, ежелден келе жатқан ескі әдіспен сөгіс алған министр зауыт басшысын жұмыстан шығарды.
Жаңа басшыға зауытты жеделдетіп іске қосуды тапсырды. Энергетика, мұнай-газ саласында басшылық қызметте жүргеніне 20 жылға жуықтаған Бозымбаевтың бензин мәселесін реттеуде қолынан келетіні зауыт директорын қызметінен алу ғана деп топшылаймыз. Өйткені мұнай-зауыт-бензин дейтін үштағанның үстіндегі қазанның иесі де, қожасы да Қанат Бозымбаев емес. Ол – бар болғаны жай ғана министр. «Министр болған маған ұнайды» деп өзі айтқандай, сүйікті қызметі.

ҚҰБЫЖЫҚТЫҢ ҚОЛЫНДАҒЫ МҰНАЙ ЕМГЕН КІМ?
Елдегі үш мұнай өңдеу зауытына жыл сайын жөндеу жүргізіледі. 2000 жылдан бері қарай есептесеңіз, 17 жыл бойы жанар-жағармай мәселесі қайталанып келеді. Мәселен, 2015 жылы кезекті рет бензин тапшылығы болғанда сол кездегі вице-министр Бақытжан Сағынтаев: «Егер осылай жалғаса берсе, қыркүйек айының соңына қарай бензин тапшылығына тап боламыз», – дей келіп, «тапшылықты жоюдың жалғыз жолы – бензин бағасын нарық реттейтіндей етіп еркіндікке жіберу» деген екен. Сөйткен Сағынтаев премьер-министр болғанда бензин тапшылығын шеше алмай, тағы да пұшайман халге түсіп, жоғарыда айтылғандай әрекетпен басын арашалап қалды. Үкімет басшысы Сағынтаевтың да қолынан келері сол ғана. Ол – бар болғаны премьер-министр. Бақытжан Әбдірұлы бензин тапшылығын жойғысы келсе де, бұл іс оның қолынан келмес еді. Неге десеңіз, Қазақстанның жанар-жағармай нарығын нарық заңына бағынған нарық атауға келмейді. Ашық дереккөздерде жарияланған материалдарға қарағанда, солай деуге келетіндей. 2015 жылы ratel.kz сайтында Олег Червинскийдің бензин тапшылығы мен жанар-жағармай мәселесіне қатысты мақаласы жарық көрген. Онда автор: «Мұнай өнімдері бағасын реттеуді әдеттегідей жанар-жағармай тасымалдау, жеткізу және мұнай өңдеу саласын басып алған әрі қылмыстандырып жіберген олигархтар жүргізеді», – дей келіп, әр мұнай өңдеу зауытының ұзақ мерзімге шартқа отырған сатып алушылары бар екенін әрі олардың саны төрт-бесеу ғана дейді. «Осы төрт-бес компания зауыттан шығатын мұнай өнімдерін сатып алуды монополияландырып алған» делінеді мақалада. Осы бір дерекке қосымша мынандай қызық дүние бар. Сырттай 20 жылға сотталған, қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов «КазМунайДиаз» деп аталатын youtube видео желісі арқылы таратқан фильмінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес компаниясы «ҚазМұнайГаз» сауда үйі» «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы тобынан жанар-жағармайды арзан бағада сатып алып, өзіне тәуелді компаниялар арқылы нарықтағы бағамен сатып келгенін айтады. Әблязов айтып отырған «ҚазМұнайГаз» сауда үйі» 2010 жылы атауын өзгертіп, «ҚазМұнайГаз – өңдеу және маркетинг» АҚ болып өзгертілген. Компанияның сайтында «компанияның активінде – «Атырау МӨЗ» ЖШС (99,53%), «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС (49,7%), «Павлодар МӨЗ» ЖШС (100%), «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС (100%), «ҚазМұнайГаз – Аэро» ЖШС (100%) «Caspi Bitum» БК ЖШС (50%)» деп көрсетілген. Және компания қызмет тізіміне мұнай және өңделген мұнай-газ өнімдерін тарату кіреді екен. Демек, мұнай өңдейтін зауыттар, өңделген мұнай өнімдері және оны тарату аталған компанияға тиесілі. Логикаға салсақ, мұнай өңдеу мен мұнай өнімдерін тарату саласында бір ғана компания әрекет еткен жағдайда нарық заңы бензин бағасын ешқашан реттей алмайды. Сондықтан да Сағынтаев мәселенің шешілмейтінін екі жыл бұрын да, биыл да білген. Оның қолынан келер қайран жоқ. Міне, картинаны құрастырып шыққанда-ақ мәңгілік елдің мәңгілік проблемасына айнала бастаған жанар-жағармай мәселесінің түп-төркінін ептеп түсінуге болады. Бүгінгі жағдай осындай болғанда болашақ қалай болады дерсіз, болашақ ұрпақ мәселесі тіптен қиындау. Сөзімізге дерек келтірелік. Халықаралық валюта қорының Таяу Шығыс және Орталық Азия бойынша департамент директорының орынбасары Юха Кяхконен 2015 жылы Орталық Азия және Қапқаз экономикасы туралы баяндама жасап, сонда былай депті: «Қазақстанда мұнайдан түскен пайдадан жұмсалатын шығын көп. Егер осылай жалғаса берсе, болашақ ұрпаққа мұнайдан келетін пайда аз әрі тиімсіз болады». Ал, ендеше!
Айтпақшы, 2009 жылдан бері «Павлодар мұнай химиялық» зауытының бас директоры қызметінен тапжылмай отырып, кеше қызметінен кеткен Данбай Шухраттың төрт орынбасары бар екен. Оның екеуінің фамилиясы тым таныс көрінді: Имашев Әлжан Берікұлы және Шабдарбаев Арлан Амангелдіұлы. Әлжан Имашев орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтің баласы болуы ықтимал. Ал Арлан Шабдарбаев президенттің қасында түрлі әскери лауазымды қызметтер атқарған, қазір зейнеткер Амангелді Шабдарбаевтың ұлы болуы бек мүмкін. Екі орынбасардың белгілі адамдардың балалары екеніне ашық дереккөздердегі өзге де мәліметтер меңзейді. Жалпы, мұнай саласында билікте болған, әлі де билікте жүрген лауазымды тұлғалардың балалары, туыстары көп екені ел ішінде жиі айтылады. Бірақ олар мұнайы көп елдің сорын баққа, мұңын қуанышқа айналдыра ала ма? Әй, қайдам... Мұнай мәңгілік елдің мәңгілік мұңы болмаса жарар еді...
Айтпақшы, салаға жауапты мемлекеттік қызметкерлер, лауазымды тұлғалар және сарапшылар жыл соңына дейін елде дизель отынының тапшы болмағын жарыса хабарлап жатыр. Енді қайтсін?

Таңатар ТАҒАН

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар