1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №90 (16276)   9 қараша, бейсенбі 2017
9 қараша 2017
«Ақша тыққандар» ақталып әлек

«Жас Алаштың» өткен санында Журналистік зерттеулер халықаралық консорциумы салықтан жалтару үшін офшорлы аралдарда құпия фирмалар ашқан әлемнің танымал саясаткерлері мен олигархтарды әшкерелейтін «Жұмақ аралдары» құжаттарын жария еткенін жазған едік. Осы құжаттардың арасында «ҚазМұнайГаз» компаниясының басқарма төрағасы, бұрынғы мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов пен қашқындағы банкир Мұхтар Әблязовтің есімдері аталады. Ақпарат құралдары «Жұмақ аралдары» құжаттарына сәйкес, С.Мыңбаев – Бермунд аралдарында тіркелген Meridian Capital Ltd компаниясы иелерінің бірі, ал Бейбіт Атамқұлов Centraz Finance Ltd компаниясы директоры екенін жария еткен соң, Мыңбаев та, Атамқұлов та үкімет дәлізінде соңдарынан өкпесін ала жүгірген тілшілерге қашқақтап жүріп, әйтеуір, түсініктеме берді. Алайда Журналистік зерттеулер консорциумымен бірге «Жұмақ аралдары» құжаттарын зерттеуге қатысқан Жемқорлық және ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының (The Organized Crime and Corruption Reporting Project OCCRP) журналистері С.Мыңбаевтың журналистерге берген жауабына күмән келтіреді.

МЫҢБАЕВ пен АТАМҚҰЛОВТЫҢ ЖАУАБЫ
Тілшілерге берген жауабында С.Мыңбаев мемлекеттік қызметке ауысқанға дейін Meridian Capital Ltd компаниясы акционерлері қатарында болғанын, бірақ 2003 жылы мемлекеттік қызметке шақырылған соң, компания акцияларын өткізіп бергенін мәлім етті. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметкер ретінде тапсырған салық декларациясында компаниядағы үлесі мен одан көрген пайдасын толықтай көрсеткен. Бұдан бөлек, бұрынғы мұнай және газ министрі аталған компанияға Қазкоммерцбанк жетекшілері Нұржан Субханбердин, Нина Жүсіпова, Асқар Алшынбаев, Евгений Фельд және Ян Коннормен бірге иелік еткенін мойындаған.
Өз кезегінде журналистерге түсініктеме берген Б.Атамқұлов Мальтада 1998 жылы тіркелген Centraz Finance Ltd компаниясының құрылтайшысы болғанын, оған 3,5 мың доллар қаржы құйғанын растады. Алайда Қазақстанда дағдарыс басталған соң, тұрғын үй құрылысына инвестиция тартумен айналысатын компания жұмысы тоқтап қалғандықтан, оның құрамынан шығу жөнінде хат жібергенін түсіндірді. Бұл компания акционерлері құрамында әлі күнге дейін бар-жоғынан хабарсыз министр бұл мәселені шешу үшін заңгер жалдайтынын жеткізді.

OCCRP ЭКС-МИНИСТРДІҢ СӨЗІНЕ КҮМӘН КЕЛТІРЕДІ
Мыңбаевтың жауабынан кейін «Жұмақ аралдары» құжаттарын өңдеуге қатысқан және Атамқұлов пен Мыңбаевтың офшордағы компаниялары жайлы жазған Жемқорлық және ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы «Бұрынғы мұнай министрі аяқ астынан «есіне түсіре қалыпты» атты мақала жариялады. Онда өткен аптада «Жұмақ аралдарының» құжаттарын өңдеген тілшілер С.Мыңбаевтың офшорлы компаниядағы үлесіне қатысты ресми сауал жолдағанда «ҚазМұнайГаз» компаниясы «С.Мыңбаев Meridian Capital Ltd-ның негізін қалаушыда, акционеріде емес» деп жауап бергені айтылған. «Алайда жексенбі күні «Жұмақ аралдары» құжаттары жарияланған соң, Мыңбаев аяқастынан өзінің аталған компания акционері болғанын есіне түсіре қалыпты. Бірақ, Мыңбаев өзі айтқандай, Meridian-дағы үлесін декларацияда жария еткен күннің өзінде, мұнай компаниясы акционері бола тұра, мемлекеттік қызметкер ретінде Қазақстан атынан мұнай саласындағы келісімшарттарды жасасып жүргені – мүдделер қақтығысы. Өйткені OCCRP тілшілері құжаттар легін өңдеген кезде 2002 жылы Мыңбаевпен ықпалды банкирлер құны көптеген миллиард долларға жететін Meridian Capital Limited компаниясын құрған тұста Мыңбаев мұнай министріне ұлттық мұнай компаниясы атқарушы директоры болғанын анықтаған», – делінген OCCRP сайтында.
Мыңбаевтың «акцияларды өткізіп бердім» дегеніне қарамастан, OCCRP «құпия құжаттар экс-мұнай министрі 2006 жылыда Meridian-ның 18,75 пайызына иелік еткен екінші ірі акционер болғанын» баяндайды.
OCCRP құны 3 миллиард долларға жететін компанияның қалған алты акционері Қазкоммерц банкте жетекші қызмет атқарғанын тізіп, Meridian өз жобаларын қаржыландыру үшін банктен несие үстіне несие алғанын әйгілейді. «Тіпті жоба іске аспай қалған күннің өзінде, олар мұны банктің теріс балансына шығара салар еді. Банктің іске аспай қалған жобаға нақты қанша ақша жұмсағаны көпшілікке белгісіз күйінде қала бермек. Банк құлдыраған кезде Meridian өсіп-өркендей берді. Компанияның құрылғанына үш жыл өткен соң акционерлерге миллиондаған дивиденд төленді».
OCCRP Мыңбаев компаниядан миллиондаған доллар табыс тапты деп есептейді. Себебі тағы бір акционер – Ян Коннер 2005 жылы HSBC банкімен өткізген кездесуі кезінде компания активтерін 1,2 миллиард долларға бағалап, өзінің 9 миллион доллар пайда тапқанын мәлімдеген.
«Meridian иелері Бермунд аралдарында ақшасын құпия түрде ұстауды құп көргені содан. Бермунд аралдары компания иелері туралы мәліметті ашуды талап етпейді. Мыңбаевтың өткен сәрсенбі күні ғана Meridian-ға қатысым жоқ деп жалтарып, артынша құпия құжаттар жарияланғаннан кейін екі күн өте салысымен компания иесі болғанын «еске түсіре қалғаны» содан шығар», – деп түйеді OCCRP.

Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті