1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Хабар» телеарнасын көріп, «Казахстанская правда» газетін оқысақ, сыпыра мақтану мен лепірме сөздерден басың айналады. Осы айтылып жатқанның барлығын өмірде неге байқамайтындығыңа қайран қаласың. Олардың айтуларына қарағанда Қазақстанның керемет табыстарға жеткендігі сондай, америкалықтар, жапондар мен шведтерге бізге қызыға да қызғана қарайтын уақыт болып қалыпты. Ал, азиялықтар, латынамерикасы мен африкалықтар қызғаныштан жарылып өлсе де болады.
www.azattyq.org
Автор: Герольд Бельгер, жазушы, аудармашы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №88 (16274) 2 қараша, бейсенбі 2017
2 қараша 2017
Тасмағамбетов сөзін тәпсірлегенде...

Ресейдегі елшіміз Иманғали Тасмағамбетов Мәскеуде өткен «Қазақстан – Ресей: дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда баяндама жасап, сондағы бір сөзінде «Туысы жақын жақын емес, қонысы жақын – жақын» деген мақалды тіліне тиек етіпті. Елшінің осы сөзі 2003 жылдың жазында Мәскеудегі Брежневтің бұрынғы саяжайында өзім куә болған бір отырысты есіме түсіргені.
Нақтырақ айтсам, сол кездегі мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай бастаған депутаттар парламент пен дума достастығы аясында үш күндік іссапармен Мәскеуге барып, сапар соңында дума төрағасы Г.Селезневтің қала шетіндегі мемлекеттік саяжайында кешкілік қонақасы берілген еді. Ол кезде шетелдік іссапармен жаңадан шыға бастаған, барған елді өз бетіңмен қыдырып кетудің қулығын білмейтін сарыауыз тілші едім, кірген-шыққан жерде адасып қалмау үшін ат төбеліндей топ депутатқа желімдей жабысып, журналист атаулыдан (өзгелері қала аралап кеткен-ді) жалғыз өзім қалқайып қалғандықтан, дөкейлер мені жарты жолда Мәскеудің бір бұрышына жалғыз тастап кетудің еш ретін таппағандықтан, арнаулы шақырудағы ресми тізімде жоқ болсам да, дума төрағасы жайған дастарханнан дәм татудың реті бұйырды. Совет көсемі Лениннің жеке аспазының немересі даяшылық қызмет жасаған дастарханда орыс арағы молынан құйылып, «Парламент» темекісі тоқтаусыз шегілді (дума депутаттары «Парламент» тартатындарына мақтанып отырды). Әлбетте, большевиктерден, коммунистерден қалған әдет – тост жарыса айтылды. «Совет Одағын құлатпауға барын салған Н.Назарбаев үшін бәріміз түбіне дейін алып қоялық» деді орыс депутаттары. «Ресейді алға сүйреген аса қадірлі В.Путин үшін» деді қазақ депутаттары. Оңаша отырыс тез қызды. Құлап қалған Совет Одағын сағынышпен еске алысты, сосын орыстар жағы «сұңғыла президенттерің аман болса, көп кешікпей Қазақстан бұрынғыдай Ресейге қарайды. Біз әрқашан біргеміз!» дегенге дейін барысты. Кейбір қазақ депутаттары бұл тостқа көтеріп те, түбін қалдырмай ішіп те үлгерді. Араларында орнынан өре түрегелген Амангелді Айталы ғана болды. Өзін Астраханның тумасы ретінде таныстырған «оралман» депутат ресейлік әріптестеріне Қазақстан тәуелсіз мемлекет екенін, енді бодандыққа ешқашан түспейтінін түсіндіріп шыққандай болды. Оның бұл сөзіне стакан көтерген, соңына дейін алып қойған ешкім болмады. Сонда «Туысы жақын жақын емес, қонысы жақын – жақын» дегенің бос сөз болғаны ма дедім ішімнен. Қателеспеген сияқтымын.
Күні кеше Астанаға Ресей депутаттары келіп, көршілік тату қатынас туралы жылы-жылы сөздер айтып тарқасты. Мәртебелі деген меймандарды думадағы қорғаныс комитетінің төрағасы Владимир Шаманов пен депутат Константин Затулин бастап келіпті. Біздің назарымыз осы К.Затулинге ерекше ауды. Оған себеп – бұл кісі Ресей телеарналарының бірінде Қазақстанның латын қарпіне көшуіне қыжылын жасырмай төккен еді. Сонда К.Затулин қазақтанып бара жатқан Қазақстанның латын қарпіне өтуін ұлттық қулыққа балап, онысын Ресей Федерациясынан болуы мүмкін, бірақ әлі де болжанбаған басымдығынан болашақта сақтанудың амалына теңейді. Сөйтеді де, Ресейге қайтарылған Қырымды қолдауға қорқақтап қалған Қазақстанды жазғыра сөйлейді. Онысымен қоймай, 90-жылдардың басында қазба байлыққа толы жер қойнауын жаппай жекешелендірген Н.Назарбаев ханталапайында, яғни науқанында Ресей инвесторларына дым бұйырмағанын (ол кезде бізге қарауға шамасы жоқ ресейліктердің өздері шетелдік инвесторға зәру еді – ред.), АҚШ, Түрік, Араб елдерінің оңай жолмен олжаға батқанын қызғана айтады. Латындандыруды орыстандыруға қарсы жасалған екпе деп бағалаған К.Затулин тәуелсіз Қазақстандағы орыстар мен қазақтарды ажырата қарауымыз керек (!) деп ойын бір түйіндейді.
Еуразия экономика одағының Еуроодақ сияқты саяси байланыстары тығыз, тіпті бірігіп-кіріккен ұйым болуына Қазақстанның кедергі келтіріп тұрғанын ашына баяндаған ол осы тосқауыл болмаса, Еуразия экономика одағында және оған мүше елдердің саяси және ұлттық мәселелерін шешу ісінде алып Ресейдің үлесі айқын басым болмағын талдап түсіндіреді (Еуразия экономика одағы саяси одақ емес дегендері қайда сонда?).
«Ресей мен Қазақстан арасындағы ұлтаралық қарым-қатынастың шын мәнінде қалай жүріп жатқанын нақтылау керек» деген депутат «Қазақстандағы орыстілді халықтың қобалжуы негізді» деп қайырады. Тіпті «90-жылдардың басында Н.Назарбаев орыс тіліне мемлекеттік мәртебе беруге уәде берген, содан бері қаншама жылдар өтті, Қазақстанда орыс тілі қазақ тілі сияқты неге мемлекеттік мәртебеге жетпеді?» деп сұрақ тастайды. «Мәселен, Швейцарияда мемлекеттік тілдің төртеу болғаны кедергі емес. Қазақстанға сонда не кедергі?» деп өз сұрағын өзі тұздап қояды. Онысымен қоймай, жер атауларының өзгеріп жатқанына алаңдап, «әлемге «кашасымен» танымал Гурьев қаласы бірнеше жылдан бері Атырау деп аталады. Біз қазір Гурьевтің емес, «атырауленная кашасын» (осы сөзді әдейі бұрмалап айтқаны анық байқалады – ред.) жеп жүрміз» деп қамығады. Бұл аз десеңіз, «Қазақстанда үйде кім қожайын дегенді көрсетуге арналған ұлттық саясатты» шемішкедей шаққан ол «Қазақстандағы орыстілді азаматтарда қос азаматтық алуға құқықтары жоқ. Өйткені қазақстандықтардың көбі Ресей азаматтығын алып аларына қорқады» деп, «Ал егер әңгіме этникалық қазақтарға келсе, онда бұл жағдайда олар қос азаматтық алуға құқылы. Олар, мысалы, Еуропада өмір сүріп-ақ Қазақстан азаматтығын ала алады. Ал қазақстандықтарға Ресей азаматтығын алуға болмайды. Мінекей!» деп отқа май құя түседі. Әрине, айтылған ойға қатысты әркімнің, оның ішінде саясатта жүрген депутаттың өз пікірі бар дей салуға болатын да шығар. Бірақ Константин Затулин деген сабазыңыз тележәшіктен түспейтін жалдамалы сайқымазақ саясаткер немесе «атың шықпаса жер өрте» дейтін қара табан, қара жаяу жан емес. Ол думадағы еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс істері жөніндегі комитет төрағасының бірінші орынбасары. Яғни оның кез келген сөзі Ресей билігінің ресми ұстанымы. Басқаша қабылдануы, түсіндірілуі мүмкін емес. Ал енді қарасаңыз, оның еліміздегі ұлтаралық қарым-қатынасқа, мемлекетаралық татулыққа сызат түсіретін, шындыққа келмейтін жалған мәліметіне қатысты Қазақстан сыртқы істер министрлігі қарсы нота жарияламай тып-тыныш отыр. Ресейдегі елшіміз И.Тасмағамбетов басқаратын елшілік Қазақстанға қатысты айтылған алабөтен пікірлерге құлақтарын түріп, министрлікке жеткізіп отыруы тиіс емес пе?
Өз аяғымен Астанаға келген К.Затулинге кездесу тізгінін ұстаған мәжілістің вице-спикері, «Қазақстанға қажетті жас мамандарды Ресейден жағдай жасап шақыру керек» деп жүрген В.Божко, сенатор Д.Назарбаева «Мұныңыз не? Неге өтірік айтып жүрсіз?» дей алды ма? Ресми дерекке қарасақ, Астана төрінде екі ел депутаттары Сириядағы жағдай, Ауғанстандағы ахуалды кеңінен талқылап, халықаралық терроризм
мен экстремизмге қарсы күресті басты назарға
алыпты. Әрине, ресми
жиын соңы бейресми дастарханға ұласқаны бесенеден белгілі. Ондай жерде нендей әңгіме айтылғанын білмейміз. Бірақ сондай отырыста К.Затулинді сабасына түсіріп қоятын А.Айталы сияқты депутаттың болмағаны, тіпті қазіргі парламентте ондай депутаттың қалмағаны анық-ау.
 

P.S.
Ж.Тұяқбай бастаған депутаттардың үш күндік сапары бітіп, ұшаққа жайғастық. Негізі, ресми жиындар мен кездесулерде бастан-аяқ ары кетсе он шақты депутат ғана қатысып жүрген еді. Бірақ қайтар жолдағы арнаулы ұшақ депутаттарға лық толды. Олар ұшақ Астанаға жеткенше Мәскеудегі әйелдері, бала-шағалары, бауырлары, туған-туыстары туралы әңгімелерін айтып тауыса алмады. Ресей мен Қазақстан қатынасына қатысты айтылатын «Туысы жақын жақын емес, қонысы жақын – жақын» деген мақалды бір түсінсе, Астана мен Мәскеу арасында сабылып жүретін осы депутаттар жақсы түсінеді-ау.

Руслан ЕРБОТА

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Лұқпан | 7 қараша 2017 19:09
Билік транзитіне дайындық. Қолдаймын.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар