1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №87 (16273) 1 қараша, сәрсенбі 2017
1 қараша 2017
Құрбандық халі

2016 жылы Атыраудағы жер реформасына қатысты халықтық ереуілге шығып, артынша істі болып сотталған Макс Боқаев сол жақ аяғы ауырып, бастырмай қалғанын туыстарына хабарласқанда айтыпты. Туыстары жан ұшырып жоғары-төменге хат жазып жүріп, ақыры Макс отырған түрмені бақылайтын органнан «денсаулығы қанағаттанарлық, дәрігер тексеруінен өтіп, емделіп жатыр» деген хабар алыпты.
Міне, ұзына тарихтың бойындағы қазақ жері үшін құрбан болған азаматтардың бүгінгі бейнесіндегі Макс Боқаевтың жағдайы осындай екен. Бұл – қазақ қоғамының басқа, басқа жер үшін қасқайып қарсы тұрып, ереуілдеген еріне қорған бола алмағанының тағы бір көрінісі. Қауқарсызбыз. Ұмытшақпыз. Былтыр «жер үшін я бел кетеді, я белбеу кетеді» деп білек сыбанып, белсеніп шыққан мыңдаған адам қазір тым-тырыс. Сайда саны, құмда ізі жоқ. Тағдырлы істе табандап тұрып, мұратына жетпеген ел кім-кімнің де илеуіне көнгіш келеді. Иленіп те жатыр. Былтыр бірнеше аймақта ел ереуілдеп шыққанда биліктің зәре-құты қалмады. «Біткен жерім осы екен» деді. Бірақ айла-шарғысына салып, көпе-көрінеу қолдан, әдейі ұйымдастырылған іс екенін «дәлелдеді». Ал Макс Боқаев пен Талғат Аянды «қарсы шыққанның, аттандап, ереуілдеткеннің баратын жері – түрме» екенін меңзеп, тұтас қоғамды қорқытып, үрей құшағында ұстау үшін соттай салды. Жер мәселесі ұшынып тұрғанда президент Н.Назарбаев: «Бір жағынан, ағайынға ризамын. Жерге деген көңіл осындай болса, халқымыз қасық қаны қалғанша оны қорғайды деп сенемін», – деп те мәлімдегені белгілі. Одан кейінгі жер реформасы жөнінде құрылған комиссияға топ-тобымен кірген талай қоғам қайраткерлері, қазақтың сөзін сөйлейді дейтін небір мықты не тындырды? Түк те бітірген жоқ. Қыл аяғы жерді қорғағаны үшін жазықты болған екі азаматқа араша түсіп, ашық түрде билікке жариялы сөз айтуға жарамады. Бар бітіргендері шырылдатып шындықты айтқансып, халықтың сөзін сөйлегенсіп, көшпелі отырыстың бәрінде көпіріп-көпіріп қойды.
Сол мықтылар қазір биліктің рухани жаңғыру дейтін кезекті жобасын елге насихаттап, қазақтың болашағына «қызмет» етіп жүр. Не сөзде, не істе пәтуа жоқ. Ал Атырауда атойлап шыққан екі азаматты билік әуелі Төлешевтің ісіне кіргізіп, қоғамның ойын ботқа қылып алып, жеме-жемге келгенде «әлеуметтік араздықты қоздырды», «жалған ақпарат таратты», «қоғамдық тәртіпті бұзды» деген айыптармен бес жылға соттап жіберді. Көзіқарақты қазақтың бәрі екі жігіттің жер үшін сотталғанын біледі. Ал сол кезде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: «Митингіден кейін ешкім қудаланбайды», – деп еді. Ереуілшілердің ортасына өз аяғымен келіп, өз аузымен айтқан-ды. Сол әкім өткенде: «Ешкімді алдаған жоқпын. Митингтен соң ешкім қудаланбайтынын айттым. Қудаланған жан болған жоқ. Олар Төлешевтің ісімен тартылды. Өз басым ешкімді алдаған жоқпын. Айтқан сөзімде тұрдым. Сәуірдің 24-інде Атырауда болған митингіге ешқандай санкция болған жоқ. (....) Ешкімді алдаған жоқпын», – деді. Авторитарлық режимдегі елдердің сот істеріндегі сау адамды жынды қылатын шешімдері болатыны туралы жүздеген саяси кітапта бізге дейін айтылып, жазылған. Ондай билік жүйесі өзін ақтау үшін, қоғамды қорқыту үшін және де билікті ұзарту үшін неге де болса баратынын әлемнің талай саяси жүйесін зерттеген сарапшылар бүгін де жазып, айтып келеді. Сол үшін де Ноғаевтың сөзі жаңалық емес.
Ел болып ереуілдеп, атойлаған азаматтары істі болған жер мәселесіне билік уақытша мораторий жариялаған еді. Бір жылдан бері құрылған комиссия мәселені талқылады. Газеттің өткен санында жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі, экономист Мұхтар Тайжанның пікірін бергенбіз. Онда Мұхтар Болатханұлы заң жобасында «бес жылға дейін жер шетелдіктерге де, қазақстандықтарға да – ешкімге жалға берілмейді, сатылмайды» деп көрсетілгенін айтқан еді. Бес-ақ жыл. Бес жылдан соң қазақ жерінің мәселесі қазақтың алдынан тағы да шығады. Былтырғымыз – анау, биылғы жүрісіміз – мынау. Сонда бес жылдан соң қайтпекпіз? Құрбандық халі тұтас ұлттың халіне айналмасына кім кепіл?!
 

Таңатар ТАҒАН

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (3)
Қазақ үні | 2 қараша 2017 09:25
Таңатар батыр, есіміңді АЛЛА ТАҒАЛА тура қойған сияқты!!! Мың жаса, Қазақтың шыншыл ұлы!!! Жазғаныңа 200 пайыз қосыламын! Бабам ҚАЗАҚ "Ерім дейтін елі болмаса, елім дейтін ұл қайдан тусын" деген емес пе. Мәңгілік ештеңе жоқ, АЛЛАның есебі түзу, талай боздақтарын өз қолымен қанды қасапқа салған, "мың өліп мың тірілген" бұл қазақтың да АРАЙЛАП ТАҢЫ АТАТЫН КҮНІ де болатын шығар алда!? "Халқының ниетіне сай, басшысын берем" деген дейді Жаратушы Иеміз! ("кешіре гөр, РАББЫМ АЛЛА") Халқымның ниетін т
МИрболат | 2 қараша 2017 10:42
Ертең тарих қайта жазылады!
егесбай | 2 қараша 2017 13:22
бізде муха-дан басқа шын билікке қарсы ешкім жоқ бәрі сол биліктің тапсырмасын орындаушылар. оған алматыдағы митингте көзім жетті келіп тұрған халықты бастарын қоспай әрқайсы әр жаққа тартып қор қылды.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар