1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №83 (16269) 17 қазан, сейсенбі 2017
17 қазан 2017
Шоң сайлаудың 9 сабағы

Айдос САРЫМ
арнайы «Жас Алаш» үшін

Айырқалпақты ел тұрғындарын ғана емес, қырғыз президенті Атамбаевтың аттанынан кейін барша қазақ жұртшылығын елең еткізген сайлау өз мәресіне жетті. Елдің жаңа президенті болып билік аянбай құлағынан сүйреген Сооранбай Жээнбеков сайланды. Бізге ұнасын-ұнамасын көршілес, еншілес елдің президенті осы кісі болады. Бұл, әрине, Атамбаев биліктен мүлдем кетіп қалды деген сөз емес. Осы сайлаудан бізге қандай сабақ алуға болады? Нені ұғынып, нені түсінуге болады?

Біріншіден, қырғыз халқы өз таңдауын жасады. Бұл таңдауды қазақ билігі, қауымы құрметтеуі тиіс. Президенттікке кімді сайласа да, онымен жұмыс істеп, есептесіп-санасуымыз міндет. Бұл – аксиома. Бұған ешкімнің дауы жоқ болар.
 

Екінші, сайлау бітті. Бірақ бұл сайлаудың өту барысы, елдегі жағдай елді тыныштандырып, алдағы алты жылды жайбарақат, бейбіт қылады деген сөз емес. Айналасы 10 жылда бір емес, екі президентті елден қуған қырғыз қоғамының ішіндегі күрделі мәселелерді бұл сайлау шеше алған жоқ. Ел бірлігі, татулығы, бүтіндігі мәселелері өз өзектілігін сақтауда. Мысалы, осы сайлауға ел сайлаушыларының 55 пайызы қатысқан. Сайлауға келген азаматтардың 54 пайызы С.Жээнбековке дауыс берген. Қарапайым қисынға салатын болсақ, жаңадан сайланған ел басшысын қырғыз қауымының төрттен бірі ғана қолдап отыр деген сөз. Осындай қолдаумен, атқарушы биліктің, президент Атамбаевтың қазаққа қарсы аттаны мен запыранының арқасында билікке келген Жээнбековтің мықты реформатор, аса күрделі қордаланған түйткілдер мен мәселелерді шеше алатын күшті саясаткер болады дегенге сену қиын.
 

Үшіншіден, көрші елде Қазақстанға, қазаққа деген наразылық, ашығын айталық, қазақофобия артып келеді. Барша қырғыз қазақты жек көреді деуден аулақпыз. Бірақ қазаққа деген көзқарастардың нашарлап бара жатқанын тек соқырлар ғана байқамауы мүмкін. Оның себеп-салдарын әлі де зерттеп, анықтау керек. Бірақ ашығын айтып, мойындайтын нәрсені мойындау керек: қырғыз қауымының біразы үшін қазақтар ашық жау болмаса да, жеккөрінішті халықпыз.
Президент Атамбаевтың жатып алып қайта-қайта қазақ билігіне, қазақ халқына, тарихына қатысты қатты-қатты айтқан сөздері қырғыз қоғамынан қолдау тапты десек болады. Қырғыздың бірде-бір партиясы, зиялы қауымы, кәсіби не басқа қауымдастықтары алға шығып, сіздікі дұрыс емес, сайлау өтеді-кетеді, екі елдің арасына от салуға болмайды, ағайын-бауыр халықтар бір-бірімен ұрсыспауы керек деп ешкім әңгіме қозғап, басу айтып, мәлімдеме жасаған жоқ. Белсенділерден Зейнеден Құрманов, Еділ Байсалов, Роза Отынбаева сияқтылар сөз айтты, бірақ олардың сөздеріне құлақ асқан билік не саяси партиялар болмады.
Есесіне қазақ жағынан Атамбаевтың өзін Қазақстанға президент сайлардай қолдап, шекараны ашуға үндеген талай азаматты, қоғам белсендісін, танымал тұлғаларды көрдік.
Ал қырғыз жағынан ағайын-бауыр халыққа кім ара түсті? Айналып келгенде, осы сайлау біздің елде кең тараған, жалпылама сөзге айналып кеткен «біртуғандық» туралы сөздердің, түсініктердің біржақты түрде жұмыс істеп отырғанын айқын көрсетті. Ұзақ мерзімді саясат, екі ел қатынастарын дамыту, аймақтық интеграцияны іске асыру тұрғысынан бұл үлкен қауіптің бірі болмақ.
 

Төртінші, Қырғызстандағы сайлауды әділ, шын өтті деушілер біздің елде жеткілікті. Бірақ қырғыздағы біраз ағайын сайлауда әкімшілік ресурсты аянбай пайдалану, қолдану, қорқытып-үркіту, сес көрсету болды деп ашық айтуда. Қырғыз бауырлар бұл сайлаудың «назарбаевша» өткенін айтып жатыр. Президент Атамбаев соңғы екі жылда өзіне қарсы келе алатын біраз тұлғаны «бүлік дайындап жатыр» деген айыппен соттап, түрмеге тықты. Қажет болатын болса, осы сайлауда екінші орын алған Өмірбек Бабановты да қамаймын деуден шаршамай келеді. Шынын айтса, бұл сайлауда Жээнбеков Бабановты жеңген жоқ, Атамбаев Бабановты жеңіп шықты.
Тағы бір маңызды мәселе, Жээнбековтің сайлануы Атамбаев биліктен мүлдем кетеді деген сөз емес. Жаңа конституциялық өзгерістер бойынша президенттің мүмкіндіктері мен пәрмені премьер-министрден әлдеқайда төмен. Елдегі негізгі билік парламентке, парламенттен жеңіске жеткен партия құратын үкіметке ауысқан. Олай болатын болса, Атамбаевтың алдағы уақытта премьер-министр ретінде ел басқаратын, өз саясатын астыртын болса да іске асыратын мүмкіндігі бар. Себебі Сооранбай Жээнбеков – таза соның адамы, оң қолы.
Бұл тұрғыдан қарасақ, Атамбаев Ресей мен Мексика елдерінің тәжірибесін қосып, біріктіріп, өз мүддесіне пайдаланып кетуі ықтимал. Мысалы, Путин кезінде билікті сақтап қалу үшін өзіне иттей адал Дмитрий Медведевті алып шыққан болатын. Немесе кезінде Мексиканы ұзақ уақыт билеген Порфирио Диас деген диктатор болған. Ұзақ билегені сонша – өз серіктестері құрған Институционалды-революциялық партия (ИРП) Мексиканың конституциясын өзгертіп, президентті тек бір рет алты жылға сайлауға болады деп ұйғарып, ХХІ ғасырдың басына дейін өктемдік құрып отырды. Елде алты жыл сайын жаңа президент басқарып отырса да, биліктің барлығы осы Институционалды-революциялық партия өкілдері парламент арқылы басқарып отырған. Замандастары бұл жүйені бір партияның ғасырлық диктатурасы деп атап кеткен. Парламентке басқа да партиялар өтіп отырған, баспасөзде айтысқан, бірақ бар саясатты ИРП жүргізген. Атамбаевтың көздегені осы типтегі билік болуы ықтимал.
Біздің елде де осындай жүйені аңсап, елді «ұжымдық Назарбаев билеуі тиіс» дейтіндердің саны жетерлік. Бұл топтың көздегені – осы мексикалық тәжірибе. Қырғызстанда осындай жүйе іске асатын болса, Қазақстандағы саясаткерлер де осыны іске асыруға тырысуы ықтимал деген күдік бар.
 

Бесіншіден, Қырғызстандағы сайлау Қазақстандағы демократия мәселесін тағы қыздырды. Бізде демократия жоқ, Қырғызстанда бесінші президент келді, ал біз жалғыз және тұңғыш президентімізбен әлі отырмыз деген әңгімелер қоғамды да, қазақ интернетін де жайлап кетті.
Расы – рас. Қазақстан – бір адамға табынған автократиялық мемлекет. Бізде әлі де биліктің ауысу дәстүрі болған емес. Ол үрдіс бізге де келеді, келетіні дау туғызбас. Осы арада қырғыз тәжірибесін ескеруімізге тура келері де анық нәрсе.
Менің жеке ойым: қазақ мемлекетінің, болашақ қазақ демократиясының басты міндеті – қырғыз болмау, қырғыз тәжірибесін қайталамау. Барынша осы жолды байыппен, парасатпен, ақылмен айналып өту.
Мемлекеттің демократиялық болу-болмауы – президенттердің санымен есептелмейді. Экономиканың дамуы, өсіп-өркендеуі премьер-министрлердің санымен өлшенбейтіні де анық. Мысалы, сол Қырғызстанда бүгінге дейін 30-дан астам премьер болды. Алайда бұл елдің экономикасын премьер санымен өлшеу, есептеу қиянат болар. Президенттердің ауысуы елде демократия бар екенін көрсете алады, бірақ оның жалғыз, дара критерийі емес.
Айтпақшы, халықаралық ұйымдардың есептеріне сенсек, Қырғызстан демократиялық елдер қатарынан «консолидацияланған авторитарлы мемлекет» қатарына өткен.
 

Алтыншы, қалай болғанда да ендігі күндері екі ел арасындағы шекара мәселесі алға шығады. Атамбаевтың сөздеріне ренжіп, шекараны жабу қай тұрғыдан қарасақ та ағаттық. Егер алдағы уақытта қырғыз қауымы сайлау нәтижесін қабылдап, ұлттық ымыраға келіп жатса, еш кикілжің, еш бүлік шықпаса шекараны ашуға міндеттіміз.
Осы ретте мынаны да ескеруіміз керек. Екі ел арасында көптеген келісімшарт пен келісім бар. Екіжақты, көпжақты, интеграциялық жобалар аясында дегендей... Алайда осы құжаттардың бірі де істемей қалды. Екі жақтың да өздеріне ұнаса шекараны ашуға, ұнамаса жабуға мүмкіндігі бар. Барлығы да, айналып келгенде, екі ел басшыларына, олардың өзара қарым-қатынасына барып тіреледі. Жалпы, екі елдің қатынастары жекелеген адамдар арасында емес, мүдделес, мұңдас ұйымдар мен қауымдар арасында емес, авторитарлы басшылар арасында жүріп отырғандай сыңайда. Бұл дұрыс емес. Екі ел басшылары арасындағы кикілжің екі ұлт арасындағы кикілжіңге айналмауы тиіс.
 

Жетінші, қызды-қыздымен президент Атамбаев Қазақ елі берген гуманитарлық көмектен де, техникалық көмек ретінде беріліп жатқан 100 миллион долларлық көмектен де бас тартамын деп мәлімдеді. Бұл, әрине, ақылды адамның сөзі емес.
Ендігі уақытта елдің жаңа басшысы Сооранбай Жээнбеков халық алдына шығып, осы мәселелердің барлығы туралы өз бағасын беріп, нақты шешімдерді айтуы тиіс. Тіпті алғашқы сапарын Қазақстаннан бастауы керек. Біздің дипломатия қырғыз ағайынды осыған итермелеуге, қажет болса мәжбүрлеуге де тиіс.
Егер жаңа басшы ол көмектен бас тартпаймыз десе, ол көмекті Қырғыз еліне сөзсіз көрсету керек. Және өз елімізде де осындай көмек туралы дұрыс, оң пікір қалыптастыра білгеніміз абзал.
 

Сегізінші, екі ел арасындағы қарым-қатынастарды ұйымдастыратындар, жүргізетіндер дипломаттар. «Елдестірмек елшіден» деп жатамыз. Бүгінде екі елдің де тағайындалған, қызмет етіп жүрген елшісі жоқ. Қырғыздан елші болып кім келетінін біз білмейміз. Ол қырғыздың өз шаруасы. Есесіне Қазақстаннан Қырғызстанға елші болатын тұлғаға мұқият болуымыз абзал. Реті келсе ол жаққа елші болып ресми де, бейресми де беделі бар, сөзі өтімді, екі елдің басшылығына сөзі өтетін, кез келген кабинеттің есігін аша алатын азамат баруы керек деп санаймыз.
Екі ел арасындағы кикілжіңді басу, тыныштандыру үшін екі араға үшінші тараптың қажеті шамалы. Бүгінгі дау-дамайды да екі тарап бір-бірінің бетіне тіке қарап отырып шешуі тиіс. Бұл да нағыз ағайыншылықтың, нағыз көршіліктің белгісі болмақ. Егер екі ел арасын біріктіру үшін үшінші тарап керек деп шешсек, екі елдің арасын сол үшінші тарап бұза алады, ағайынды бір-біріне айдап сала алады деген сөз болмақ. Бізге оның қажеті шамалы. Бүгінгі даудың өзі де «айта берейік, кейін Ресей бәрімізді табыстырады ғой» деген пайымнан туғаны айқын көрініп тұрды.
 

Тоғызыншы, қазақ пен қырғыз қанша жылдан бері көрші, ағайын десек те, біздің арамызда шешілмеген, кешірілмеген, айтыла бермейтін, айтылса дау тудыратын тарихи мәселелер бар екені көрініп тұр. Мұның өзі болашаққа үлкен қауіп.
ХХ ғасырда екі әлемдік соғыста аяусыз айқасқан елдер де татуласып жатты. Оның қасында қазақ пен қырғызды бөлетін тарих беттерінде оларды табыстыратын, жақындастыратын беттері көбірек деп санаймын.
Осынымыз рас дейтін болсақ, онда екі ұлтты табыстыратын, болашақта бөлмейтін аса ірі, егжей-тегжейлі есептелген үлкен екіжақты рухани, символикалық қадамдар жасалуы тиіс.
Екі ел айтыстары барысында ортақ тарихқа деген екіұдай, екі жаққа да қарсы, ерсі, тарихи шындыққа жанаспайтын жаңсақ пікірлер айтылды. Бір түркілер арасында бірі үлкен, бір жас бола алмайды. Олай болса екі ел арасында ғалымдардың өзара шаралары, өзара ортақ тарих кітаптары, тарихи концепциялары ауадай қажет. Кенесары ханға қатысты әңгімелер қазақтың ашық жарасы болмауы тиіс. «Аруақ риза болмай, тірі байымайды» деп жатамыз. Ол да рас. Алайда ұрпақтар өзара келіспесе, араз болса аруақтар да риза болмасы анық.
...
Қырғыз еліндегі сайлау нәтижесінде өрбіген дау-дамайды зерттей келе осындай тоғыз қорытындыға келдік. Бұдан да көп қорытынды мен нәтиже шығаруға болады. Бірақ осылар ең басты, негізгісі. Орталық Азия аймағында үлкен не кіші мемлекет, маңызды не маңызы жоқ мемлекет жоқ. Бір-бірімізсіз күніміз де жоқ. Осы бір қарапайым қағиданы түсіну үшін де әлі талай жұмыс, парасатты саясат қажет екенін енді түсініп келе жатқандаймыз.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (4)
Төре | 17 қазан 2017 12:12
Парасатты саясатты біз қазақ елі бастауы тиіс. Бізде де демократиялық сайлау өткізуге тиіспіз. Хватить, бір адамның аузына қарап, оның өтірігіне алдана беру. Сосын біз күштіміз, біз бәрәнің алдындамыз - деп кергуді қою керек. Жұдырықтай жүрек бар, көнбейді ол кемдікке дегендей, аз да болса кішіпейіл болып сәл де болса төмен түсуіміз керек. Қазіргі билік орнын босатқаны абзал. Бізге жаңа адамдар керек.
Тоқтар | 17 қазан 2017 23:00
Осы айтқаны дұрыс ."Ресей татуластырады ғой бәрiбiр" деп отырған адамдар бiздiң шендiлер, соған мөлиiп қараған шекпендiлер кiлең. Қайдағы ақыл, қайдағы парасат? Бiздiң билiктен осындай адам кездестiрдiңдер ма? Кiлең "жымың көз тiлалғыш" немесе "әпербақан ұрдажық". Торғай даласының "сынақ алаңы "болатынына ешқандай "әпербақан" бас ауыртып айқайлаған жоқ. Ұлт болып талап етейiк!
ермек | 18 қазан 2017 12:59
осы біздің басқада шаруамыз қанша. алдымен өзімізді реттеп алсақ
Бақыт | 19 қазан 2017 09:10
Біз бәрінің алдында емеспіз. Егер Орта Азиядағы кейбір елдерден алда болсақ, ол біздің саясаттың күштілігінен, басшыларымыздың мықтылығынан емес, жердің астындағы, үстіндегі ұшан-теңіз байлығымыздан.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар