1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №89 ()16275) 7 қараша, сейсенбі 2017
7 қараша 2017
ҚАРFА ТЫШҚАН КҮН

Екі жол полициясының қызметкері үлкен қаланың үлкен көшесін әрі-бері кезіп өтті. Көшенің әрбір бұрышында құлағы қалқиып тұратын бейнебақылау бұлардың басына бәле болып жабысты. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, жүргізуші біткен әбден қу болып алған, сауысқаннан да сақ, қарға құсап бір шоқып, бір қарайды. Жол тәртібін бұзбайды-ау, бұзбайды. Сәл қит етсе қуып жетіп, анау деп, мынау деп бес-алты мың теңгелерін қағып алар еді ғой. Өкінішке қарай, екі сағат бойы бірде-біреуі бұлардың «қармақтарына» ілікпей-ақ қойды.

– Әй, Инелік, – деді жуан қарын старшина, – мына түрімізбен бүгін аш қаламыз. Жүр, қаланың шетіндегі көлік көп жүретін, бейнебақылау жоқ бір көшеге барайық.
– Барсақ барайық, – деді жіңішке келген, мойны қылқиып қалған сержант көлігінің басын бұрып, – сенің жолың ауыр-ау деймін, бүгін алақанымызға қарғаның тышатын түрі жоқ. Анау ұзынтұра Жәутікпен бірге жүрсең теңге жарықтық өзінен-өзі келіп қалтаңа құйылып жатады. Кеше ойнап жүріп әрқайсымыз 100 мың теңгеден таптық. Кез келген мекеменің алдында мүгедектерге арналған машина қоятын орын бар емес пе? Қулығы екеумізден әлдеқайда асып түсетін қалалық жүргізушілер сауысқаннан да сақ, өліп бара жатса да ол жерге көлігін қоймайды. Өйткені салынатын айыппұл мөлшері анау-мынау емес, бақандай 110 000 теңге.
Ауылдан келген ағайындарға бәрбір, машинасын кез келген жерге қоя береді. Өзің де білесің, біз жол тәртібін сақтаудан гөрі өз қалтамызды, өз құлқынымызды көбірек ойлаймыз. Көлігін қойып, талтаңдай басқан көкемізді қалт жібермей күтіп отырамыз. Ар жағы айтпаса да белгілі ғой, көз қысты, бармақ басты дегендей... Үкіметке 110 000 теңге төлегенше, бізге 30 немесе 40 мың теңге бергені оған да, біз үшін де тиімді. Кеше үш-төрт сағаттың ішінде осындай бес-алты «операцияны» ойдағыдай өткізіп, қолымызға қарға тышып, өзіміз де, бастықтарымыз да қарық болып қалдық. Тікелей бастығыңның тілін таппасаң болмайды, оның да тамағы тесік... «Жадность губит фрайера» деген орыстың мақалын білесің бе? Біз тұрмақ, қарғалар да тапқан боқтығын бөлісіп жейді. Біздің де сол қарғалардан айырмамыз шамалы, бөліспей көр – жұмыстан қуылып, қаңғырып, қоңыз теріп кетесің.
Жуан қарын мен инелік қаланың сыртындағы көлік біткен құмырсқадай быжынаған үлкен көшенің бойындағы бір асханаға бұрылды. Құдай берем десе бере салады. Мүгедектерге арналған орында дөңкиген қымбат шетелдік көлік тұр. Екеуі алақ-жұлақ етіп асхананың ішіне кірді.
– В 418 нөмірлі машинаның иесі кім? – деді жуан қарын дауысы гүрілдеп.
– Мен.
Бір бұрышта тамақ ішіп отырған қасқабас кісі асын тастай салып, орнынан ұшып тұрды.
– Машинаңызды рұқсат етілмеген жерге неге қоясыз? Құжаттарыңызды беріңіз!
Әлгі кісі сасқалақтап, қолдары дірілдеп қара портфелін аша берді...
Инелік жол полициясының шегір көздері жартылай ішілген стаканға түсті.
– Жолдас старшина, мына көкеміз арақ ішіп отыр, – деп әйелі ұл туғандай қуанып кетті.
– Түсінікті, – деді жуан қарын, – жүріңіз, сізді арнайы жерге апарып, ішкен-ішпегеніңізді тексереміз. Бұл не деген безобразия? Мәшинеңізді қоймайтын жерге қоясыз, рульде жүріп арақ ішіп отырысыңыз мынау. Тұрыңыз орныңыздан!
– Шырағым, келесі көшеде тұратын едім. Үйдегі жеңгелерің жолсапарда еді. Жолшыбай шай іше салайын деп осында соғып едім, әбден шаршап, жүз грамм ішкенім рас. Інімдей жігіттер екенсіңдер, бір жолға кешіріңдер енді...
Кішігірім танкідей машинаның иесі қызыл жағалы «інілерінен» әрең құтылды. Бірақ көлігін рұқсатсыз жерге қойғаны үшін, елу грамм ішіп, аузын «былғағаны» үшін қалтасын біраз қағуға тура келді.
– Үш-төрт сағаттың ішінде 100 мың теңге таптым, алақаныма қарға жата кеп тышты деп мақтанасың. Ал менің қолыма ала қарға он минуттың ішінде сенің алақаныңа қарағанда үш есе көп тышты, – деді жуан қарын кеудесін керіп, – жұмыс істесең – мендей істе, бала!
– Иә, сенен үйренетін нәрсе көп, – деді инелік сержант алақанын ысқылап, – менің алақаным біртүрлі қышып тұр. Тездетіп келесі көшедегі кафеге барайық. Алақанымызға тағы да қарға тышып қалар.
– Болашақта тозаққа бірге баратын әріптесім, – деді жуан қарын старшина, – жұмыста жүрсек бұта-бұтаға тығыламыз, тойға барсақ елдің алдында сөйлей алмай қатындарымыздың етегіне тығыламыз. Адам құсап мына асханадан дұрыстап тамақ ішіп алайықшы, ар жағын сонан соң көре жатармыз.
Жуан қарын мен инелік сылқия тойып, көліктеріне отырып, келесі көшедегі кафеге асықты...
 

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
Алматы қаласы
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті