1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №89 ()16275) 7 қараша, сейсенбі 2017
7 қараша 2017
Бозаңға біткен боз жусан

Қазіргі қазақ ақындарының ішінде мәңгілікпен сырласа отырып, келер ұрпақтың жүрегіне де жол тапқан, Дантенің сөзімен айтқанда, «Әке, Бала және Қасиетті Рухты» үйлестіріп, поэзияны фәни мен бақидың алтын көпіріне айналдыра алған сондай бір ірі суреткер бар болса, сөз жоқ, ол таланттың – Есенғали Раушанов екеніне мен еш күмәнданбаймын.

Көктем кешiктi
Көңiл жабырқау. Көктайғақ
Көше талдары көкке қол жайған көп бейбақ
Көп керек емес Алматыға да, маған да
Сәл ғана мейiрiм, азғана шуақ жетпейдi-ақ.

Шаршаңқы көңiл, шашыраған ой тарыдай,
Өтер ме екенбiз жылылыққа бiр жарымай.
Қадекең кеттi, Тұмағаң кеттi өткен жыл,
Түсiм болса екен осының бәрi, а, құдай...

Ақын болуды да біреулер бақытқа теңеп жүр-ау, адасып. Керісінше, Алланың мына жарық дүниедегі ең бақытсыз бейбағы да ақын емес пе екен, осы? Сыздаған бүкіл жараның аузында жүріп, жалғыздықтан басқа досыңның болмай, жүрегіңді өлеңмен ғана жұбату да бақыт болып па екен, мына фәниде? Жұрттың кейде ашықтан-ашық кінәлағанына қарамастан, осы тұрғыдан алғанда мен Есенғали ағамның әйелдерге ақындықты қимаған көңілін түсінгендей боламын. Жо, жоқ, әйелдер өлеңдерін жаза берсін, бірақ нағыз ақындық әйелдер түсуге тиіс тозақ емес.

Тасырқағанда тас жауған,
Тау болды ұйықтар айлағым.
Қасқырдан анау,
Қас жаудан
Тартып ап апан жайладым.
Жетіп бір құлан қайырып,
Желкеден алдым жеміт деп.
Тағыдан олжа айырып,
Тарпаңды міндім көлік деп.

Батырша күліп түрегеп,
Отырдым жылап ақынша.
Жанымды тостым «міне» деп,
Жолбарыс-тағдыр атылса.
Өлеңді оқи отырып, бір жағынан, ақынның өжеттігіне ырза боласың, екінші жағынан, садақша атылған жолбарыс-тағдырға жанын тосқан оны аяйсың. Есенғалидың бүкіл ақындық кредосы, өмірлік ұстанымы, ешкімге ұқсамайтын дара мінезі өте сәтті көрініс тапқан осы туындыны оқып шыққан соң, ақындық пен жалғыздықтың бір ұғым екеніне тағы бір мәрте көзің жете түскендей болады.

Суықта суыр асым боп,
Сусыным бастым мұзбенен.
Жатыры мұның асыл деп,
Жандастым қабылан қызбенен.

Қасқайып өстім шыңымда
Қара да беріш қайың боп,
Ендігі қалған ғұмырда.
Езілетұғын жайым жоқ.

Ақыры барып жатам бір,
Сен айтпа маған тамұқты.
Тапқан екенсің,
а, тағдыр
Талқыңа көнер ғаріпті.
Кетеді шәһит сорласа,
Несі бар қорқар заты ұлдың,
Ып-ыстық жасы болмаса
Ана бір қабылан қатынның.
«Адамның жалғыздық шынжырымен кісенделіп, өлім жазасына кесілген» пенде екенін, ұмытпасам, Толстой айтты. Дегенмен осы тұрғыдан бағаласақ, әлемдегі ең бақытты адам да ақын болып шықпай ма, қалай? Себебі ұлы жаны бар ақын қарапайым адамның басын жиі-жиі мұнарлайтын пенделік жалғыздықты аса қатты сезіне қоймайды. Ол үшін фәни мен бақидың арасында ешқандай шекара жоқ. Артына мәңгі өлмейтін сөзін қалдырып кеткен ұлылардың бәрі де оның – сырластары, еш уақытта сатып кетпейтін, қателігін түсінетін, кемшілігін бетіне баспай, кешіре білетін – адал достары. Нұрлары пейіштен күлімсіреген, рухтары мәңгі жасайтын олардың бәрі де күні кеше ғана дәл осы Есенғалидай қателескен, адасқан, тіршіліктен тірек таба алмай Жаратушыға мұңын шағып, кешірім сұрап жалбарынып, ақыр соңында туған жерінің топырағын жамылып, тыныштық тапқан абзал жандар.

Несiн қазбаладың,
Өшкем де жоқ, жоқ және маздағаным,
Қателердi жасауға мен жасаған
Бiр кiсiнiң ғұмыры аз, қарағым.

Ақталам не деп бүгiн,
Бақа уайымым көп болды, бөлек мұңым.
Жаңсағым мен мiнiмдi түзетерге,
Мен бiлмеймiн қанша өмiр керектiгiн.
Сатпаған құстар ғана,
Әсiресе бозторғай ұшқан дара.
Менiң ессiздiктерiмдi қайталауды
Тiлемеймiн дос түгiл, дұшпанға да.

Көлден өтiп, көлденең шөлден өтiп,
Өлмегенмен өзiңдi өлмелi етiп,
Ел жадынан тезiрек ұмытылсаң,
Ешкiм бiлмес, танымас жерге кетiп.

Бiзде нендей алысқа самғар күш бар,
Бәрi өтпелi – арзу, ой, арман құштар.
Қалатыны түк те емес – бiр құлпытас,
Қонып ұшар қанаты талған құстар.

Бірақ... иә, бірақ талантты ақынды көзі тірісінде бағалай алғанға не жетсін, шіркін. Ондай мәдениетке қол жеткізу үшін қазақ қоғамына әлі талай уақыт керек-ау, шамасы. Әсіресе дәл бүгінгідей құлдық сана бүкіл ерік-жігерімізді билеп алып, әркім өз ауылының ақындарын ғана асырадәріптейтін қоғамда оны бүгін, ертең жүзеге асыру мүмкін еместей болып көрінеді маған. Сол себептен де Есенғали Раушановтай қазақ поэзиясының классигі алпысқа келіп жатқанда, бір ауыз жылы лебіз білдіруге де жарамаған, ең құрығанда Астана төрінде ақын кешінің қалай өткені туралы ақпаратты да беруге қимаған басылымдарға өкпелеудің реті де, жөні де жоқ. Бұл – мына біздің, яғни халық екенін ұмытып, тобырға айналып кеткен, жаман ағаларына телміріп көзін сатып жүріп мансапқа қолы жеткен бүгінгі ұрпақтың бейшара болмысы. Дәл осындай менсінбеушілік Есенғали творчествосына берілген баға емес. Ақынның жеке басын, мінезін жек көруге, ұнатпауға, арқасына шапан жаппауға толық қақыңыз бар. Бірақ халыққа танылған, әдеби орта мойындаған классиктің талантын сыйламау – барып тұрған надандық, Есенғалиға емес, қазақ өлеңіне жасалған қиянат. Ақиқатында, Есенғали – әдебиетімізге алпысыншы жылдардан кейін келген соқталы буынның жаңалығын бойына сіңіре отырып, қазақ поэзиясын өзгеше түрлендірген, дүниетанымын кеңейтіп, өлеңінің рухымен халықтың бойындағы өліп бара жатқан ұлттық сезімдерін қайта тірілткен қайталанбайтын құбылыс. Біз аспанға қарап жаңалық ашып отырған жоқпыз. Мұндай пікірді бізге дейін де ұлттық әдебиетіміздің классигі Қадыр Мырза-Әлі де шегелеп тұрып айтып кеткен. Бұрын-соңды естімеген болсаңыз, есіңізге салайын: «ХХ ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап, күні бүгінге дейін қазақ өлеңіне толқын-толқын боп жамырай келіп жатқан жас лириктерге толайым қозғау салып, соңынан шәкірт ерткен, өз мектебін ашқан шайырлар бізде көп емес. Қазақ поэзиясының классигі Есенғали Раушанов сол аз шоғырдан – санаулылар санатынан.
Бұл орайда, оны мәдениеті зор ұлттық ақын деуге болады. Мәселе қара өлеңге «шекпен жабуда» емес. Алдымен ұлттық бояуы, нәр-нақышы, суреткерлік сыр-сипаты дәстүрлі фольклорлық, жыраулық қайнарлардан қайнап шығып, әлем әдебиеті үдерістерімен әдемі қойындаса келіп, әрі қазақтың, әрі адамзаттық асыл сөз сомдау даралығында».

***
Ақын әдебиетке үйрену үшін ғана келмейді. Үйрену үшін де, үйрету үшін де келеді. Үйрену үшін ғана келетіндер әдетте өлеңде өз қолтаңбасын таныта алмай өтеді. Шығармашылық шеберліктің жазу мәнері төселе келе шыңдала түсетініне қарамастан, өлең өлкесіндегі балауса үні енді-енді естіле бастаған жас ақынның тырнақалды туындыларынан-ақ оның үйренгісі келген жаңалығы мен үйреткісі келген тағылымын жазбай тануға болады. Әрине, әдебиеттегі сан алуан мектептің соқпағынан өтіп, кейіннен қалыптасатын ақындар да толып жатыр. Әйткенмен сеңдей сапырылысқан ондай ақындардың ішінен санада сілкініс туғызып, топты жарып, тыңнан түрен салатындар шыға қоймайды. Шын тұлпардың мінезі алғашқы шабысынан-ақ байқалады. Қазақ поэзиясында ә дегеннен-ақ өзіне тән қолтаңбасымен танылып, еліктеп-солықтаумен ауырмай, өнердегі ешкімге ұқсамайтын дара жолын омбылап сала келген сондай сирек таланттардың бірі Есенғали Раушанов екені дау туғызбайды. Ақынның жаңа түскен келіндей, қазақ әдебиетінің босағасынан аттауға рұқсат алған тырнақалды туындыларының өзінде көркемдігіне көңілің тойып, көз сүйсінетін тосын суреттер мен жүректі елжіретіп жіберетін жылы ағыс мол еді.

***
Желін қап тартқан інгендер,
Ботасын іздеп боздайтын,
Түтіндік салған түндерде,
Түйекеш бір сыр қозғайтын.


***
Ақ бұлақ ақпаушы еді тулап алмай,
Ақ маңдай жатпаушы еді суға бармай.
Күркіреп бұлттар желер әрлі-берлі,
Жараған жазғытұрым буралардай.
***
Сырласқысы келмейді-ау, сірә тұрып,
Сәйкі бұлақ күледі бұратылып.
Құс жолы анау – құдаша есіп берген,
Ақ шылбырдай созылған шұбатылып.


***
Ай нұрына шомылған қарашаш-түн,
Тас үңгірдің қойнына кетті кіріп.

***
Көк мұз қатып сабаудай кірпігінде,
Алысқанын тығардай құртып інге.
Келді ауылға сары бура күндік жерден,
Ақ боранды дәлудің бір түнінде.
(Бастау)

Есенғалидың тұңғыш жыр жинағының кез келген жерінен теңіз түбінде жатқан маржандай қылып теріп алған осы өлең жолдары-ақ әдебиеттегі жылт ете қалған жаңалық атаулының бәріне де құлақ түріп жүрген мына біздерге, ұлттық поэзиямызға, тіл байлығы мол, көркемдік әлемі бай нағыз жыр жампозының келгенін қапысыз танытты. Сонау сексенінші жылдардың орта шенінде арман қуып Алматыға келіп, таланымызға университетке оқуға түсу бақыты бұйырған бізді Есенғали жырлары тау суындай таза да табиғи қасиетімен баурады. Ақынның алғашқы лирикалық өлеңдерінен-ақ ізгілікке ынтызар жанның жүрек лүпілін сезіп, жырларын құныға оқып, ашыған көже ішкендей шөлімізді қандырып едік; табиғат жырларына сүйсініп, Ф.Бэконның «Ақиқатты тұрақты болып табылмайтын уақыттан емес, мәңгілік болып қалатын табиғаттан іздеген ләзім» деген сөздерінің шындық екеніне иланғанбыз. Тілінің бояуы қырғауылдың қанатындай құлпырып тұрған ақын, табиғаттың сүгіретін салып қана қоймай, оған жан бітірді.

Көбелек қар,
Сенің күнің туды енді, себелеп қал.
Орағытам алды-артын Құбақанмен,
Қыстау жақта шұбырып келеді аттар.

Қарауытқан жалпақ дөң алыс мүлде,
Сар желіске ауысып шабыс бірде,
Шалыс ұйқас тәрізді шатыр іздер
Қалып жатыр жосылып қар үстінде.
Аттан түсе айырды қолыма алам,
Ұйпалапты-ау түндегі долы боран.
Үрпиеді қыз емшек шөмелелер
Шаштары қобыраған...

Әлбетте, Есенғалидың да ақын болып қалыптасуына, кемелденіп, талантының толысуына игі ықпалын тигізген суреткерлер аз емес. Жүрек қылын шертетін туындыларындағы жаңашылдықты көңілімізге тоқи отырып, біз одан Ілияс пен Мағжан жырларындағы еркіндіктің, Қасым табиғатындағы қайсарлықтың, Сырбай ғазалдарындағы жылылықтың, Мұқағалиға тән шынайылықтың, Жұмекендегі тамырын тереңге жіберген ойшылдықтың, Ғафу, Өтежан мен Қадырда жиі ұшырайтын тапқырлықтың, жыр кестесін сұлу өретін Қуандықтағы шеберліктің, Сағи лирикасындағы биязылықтың, Тұманбай табиғатында тұнып тұрған сыршылдықтың оның поэзиясына игі әсерін тигізбей қалмағанын анық көреміз. Әсіресе ұлттық тіл бояуын түрлендіруде Есенғалидың өзінен бір итжейдені бұрынырақ тоздырған Кеңшілік пен Жұматай поэзиясынан мол тағылым алғаны тайға таңба басқандай көрініп тұр. Дегенмен Есенғали ұлтымыздың қадау-қадау ақындарынан көп дүниені үйренгенімен, олардың көлеңкесінде қалып қойған жоқ, өлеңдегі өз жолын таба біліп, қазақ поэзиясына көп жаңалық әкелді, батыс пен шығыстың ұлы шайырларымен сөз жарыстыра отырып, адамзаттық ойдың кеңістігіне де шығып, өнердегі өз биігін жасады. Белгілі әдебиет зерттеушісі Сауытбек Абдрахманов бір сөзінде Есенғалидың лирикалық туындыларының ішкі қуатын күшейтіп, оны өзгелерден дараландырып, шоқтығын биік етіп тұратын жырларындағы осы бір қасиеттің, ақынның тырнақалды туындыларының бірі «Шықтың өлуі» өлеңінен-ақ байқалғанын жақсы айтқан болатын. «Әр нәрсені өзінің атымен атаған жөн десек, табиғатпен туыстықтың адам жанын тазартар құдірет-қуатын келісті көрсетіп, ғаламның шетсіз-шексіз кеңістігіндегі кез келген нәрсенің өзіне тән қасиеті, өзіне тән қасіреті боларын тамылжытып тұрып танытатын мұндай жырлар Уитменнің «Шөп жапырақтарындағы» ғажайып суреттерден бір де кем түспейтініне дес берер едік».
Есенғали қазақтың қара өлеңі мен халқымыздың ғасырлар бойы тірнектеп жинаған сөз байлығы – тұнып тұрған фольклорын да өз туындыларында ұтымды пайдаланды. Жыраулар поэзиясындағы кесек турайтын көркем жырдың келісті мақамын да ол емін-еркін игеріп әкетті.
Уа, жалт еткен, жалт еткен!
Жай түссе де жасқанбас
Қарағай – менің қарт әкем
Қарағайға қарсы біткен сан бұтақ
Алағайда сыр бермейтін мәрт екен.

Мен айтайын мәрттігін,
Көне Алматы бойында,
Көркем Медеу ойында,
Көк-даңғыра қақты күн,
Көл-дария ғып шат түбін,
Қарлы нөсер құйғанда,
Қара оранды ақ түнім.

Шөгіп қалған нарбас тау,
Нарбас таудың алдында
Меймілдене толды астау.
Қарағайға қарасам,
Су тигізбей тамырына көп бұтақ,
Көлдеңдеп жазылды.
Бұтақ демей,
Қанат десем болмас па-ау?

Нөсер өтті,
бұл жерге
не кетпеген, не келіп.
Арысым тұр беткейде,
Тамыры сау –
Қысы-жазы көгеріп.

...Бері таман келелік,
Қарындас жұрт – қара орман,
Қарағайдай қалың өскен ел едік,
Тамырыңды көрелік...

Ақын бір сөзінде: «Шал мен кемпірдің баласымын. Жаңашылдыққа аса құмар емеспін. Сүйіп оқитыным – ертегі мен фольклор», – деген екен. Дей тұрсақ та, Есенғали – ұлттық поэзиямыздың тұнығы лайланбаған қайнарынан қанып ішіп, оған келісті көрік беріп, оны әлем әдебиетінің поэзиясымен әдемі ұштастыра білген нағыз жаңашыл ақын. Ақын өлеңдеріндегі сананың ағысы да асау толқындардың қуатты екпініндей күшті болып келеді. Оқығаны мен көңілге тоқығаны мол, қазақтың тағы бір талантты шайыры Байбота Қошым-Ноғайдың дәл байқағанындай, ежелгі эпос пен жыраулық поэзияның тұмадай тұнық кәусарынан нәр алып, ұлттық үрдіске қайтадан бетімізді бұрған Есенғалидың таңғажайып туындылары көркемдігі және көтерген проблемаларының ауқымдылығы, мәңгілігі, көкейкестілігі жағынан әлем ақындарының алтын қорға лайық жыр жиһаздарымен шоқтық таластырып бір сапта тұр. Ендеше, Данте әулиелікпен айтқанымен, Гете мойындамай қойған «Әке, Бала және Қасиетті Рух» үштігін үйлестіру, яғни көнені де ұмытпай, бүгінгі күннің де рухын түсініп, келешекпен де сырласып, мәңгіліктің сәулесіне айналу ақындардың пешенесіне жазылған тағдыры болып шықты ғой.
Бозаңға біткен боз жусан,
Боқыраудың күні болғанда
Бозарып барып солар ма,
Мен бозаңды құшып көз жұмсам,
Қара жер қойның толар ма?!
Сөгіле қыстың көбесі
Желкілдеп шығар көк өскін,
Мен неге, тәңірім, неге осы
Боз жусан ғұрлы емеспін.
Жүрегім толы өлеңмен,
Ояна алмаймын ақ таңда,
Бұлттар мен жылдар төбемнен,
Бұрқырай көшіп жатқанда.
«Ақын болып тумағандар, барлық күш-қайратын салып, мың жерден тырысса да ақын бола алмайды», – деген екен орыс поэзиясының тағы бір классигі Валерий Брюсов. Ақиқатында, ақындық – Құдайдың үлкен сыйы емес, қайта, керісінше, адамның пешенесіне жазылған ауыр тағдыры, Алланың қатал сыны.
Елу жыл бұрын ауылда қой бағып жүріп, көк төріне шығып алған Есенин жұлдызына тамсанып, оған қызыға қарап, ұлы шайыр болуды армандаған Есенғали алпысқа келген шағында сөз өнерінің дерт, ал ақын болудың ұлы азап екенін түсінген шығар. Кім біледі, мүмкін, жүз жылдан кейін қазақ әдебиеті әлемді мойындатқанда, халқымыз жалғыздығымен арпалысып, мына жалғанға сыя алмай кеткен ақынын есіне алып, аспан төрінде жарқыраған жұлдыздардың біріне Есенғалидың да атын беріп қалар. Дегенмен ағымыздан жарылып, жүрегімізден шыққан сөз тасқынын тоқтата алмай жатқан біздің әңгімемізге қарап, Есенғали жақсы жырларын халқына беріп үлгерген бақытты ақын деп ойлайтындар қатты қателеседі. Келесі ғасырда қазақ халқы ақынын сағынышпен есіне алғанда оқитын, мүлде жаңа жырларын жазуды ол әлі бастаған да жоқ.
Көк өскін,
Кеше ғана күтті қалай ертеңді,
О, сенбеңдер, мен жыр жазған емеспін,
Оны жазған біреу еді. Ерте өлді.

Таңдарымды таңға ұрам,
Ұзатпақ боп көшті алға.
Сәл қалғысам, тереземнің алдынан
Өтеді бір сықырлаған ескі арба.

Атып тұрып қара түнге үңілем,
Арба түгіл, сайтан жоқ.
Арпалысам түнімен,
Кімге барып, жан сырымды айтам деп...
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Тоқтар | 7 қараша 2017 23:08
Менiңше қазақтың қиын қыстау кезеңде айтқан екi өлең бар, бiрiншiсi "Қаратаудың басынан көш келедi"(Халық әнi), екiншiсi "Қара бауыр қасқалдақ" (Есенғали Раушановтiкi). Мерей тойы құтты болсын, аман болсын!
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті