1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №88 (16274) 2 қараша, бейсенбі 2017
2 қараша 2017
Көрген-баққан

Ұлы Отан соғысының алдында, одан кейін туғандар аса дарынды толқын. Ақ сөйлеу парыз, қазақ әдебиетінің алтын ғасырын солар жасады. Қай жанрда да! Құрметтеуіміз керек. Бірақ уызына жарымай өскен соң ба, қатал адамдар еді. Кітаптың қалыңы, ақшаның молы, атақ, абырой, пәтер, көлік – бәрі-бәрін солар иемденді. Олар соңымыздан келе жатқан жал-құйрығымыз ғой деп бізге көп ықылас білдірмеді. Өз-өздері болып жатты.
Біздің әлжуаздау боп қалғанымыздың бір себебі осында жатыр деп білемін.
 

***
«Қазақ әдебиеті» газеті – 120 мың, ал «Жалын» журналы 115 мың данамен тарай­тын. Екеуінде де қызмет атқардым. Бір мақаламыз шықса бір ме­даль таққандай қуану­шы ек. Ұлы бақыт­тың ішінде жүріппіз. Әт­тең, аңдамаппыз.
Шерхан Мұртазадай редактор бұрын-соңды қазақ баспасөзінің маң­дайына біткен жоқ. Біз де сол Алашқа әйгілі шек­пен­нен шыққанның біріміз.

***
Кезінде әлемнің әр тілінде айтылып кеткен «Арал тағдыры – адам тағдыры» менің сөзім еді. «Қазақ әдебиеті» газетіне мақалалар циклын жарияладым. Үлкен қозғалыс, тіпті дүрбелең әкелді. Осы мақалалардың негізінде Мұхтар аға Шаханов Аралды экологиялық апаттан құтқару комитетін құрды. Қоғамдық негізде. Қызылсирақ боп қыр кездік. Арал, Аманөткел, Бөген, Қаратерең, Көзжетпес, Баянды, Барсакелмес... Ниетіміз оң еді.
Бір күні Фариза апам Оңғарсынова көшеде көріп қалып ұрысты.
– Шаханов екеуің Аралды сиіп толтырайын деп жүрсіңдер ме? – деп.
Ғазиз бастан талай нәрсе өткен.

***
Жас кезімде қаһарлы сыншы атанып, біраз ағаларымның шығармаларын сойып салғанмын. Мұны халтурамен күрес деп ойладық. Әдебиетке адалдық деп сендік. Отқа тамызық тастап, айдап салушылар да болмай қалмаған шығар. Қазірде сол әрекетіме қымсынамын.

***
Уақытында Шерхан ағаны, Шахановты, сосын Айтматовты жек көрген қаламдастары маған да жауықты. Әртүрлі сыбыс, өсек өрбітті. Жан-жағымды қазды. Сосын құрып кетсін деп қолдарын бір сілтеп, жайыма қалдырды. Өйткені қысымға шыдай алмай не ішіп кетпедім, немесе жазу-сызуды тастап кетпедім. Бетбақ адамға не істеуге болады?
Мықтыларға іні, дос болудың өзі бір қиямет!

***
Шыңғыс ағаға (Айтматов) ылғи да таңғалатын едім. Өте жайлы, салмақты, тіпті болбыр, бос деуге келеді. Ал атақ, абырой қандай! Әлемнің әр түкпірінен құйылып, төгіліп жатады. Әбден еті үйренген. Елең қылмайды.
Алла өзінің жеке қамқорлығына алған тұлға!

***
Горькийдің Октябрь төңкерісіне дейін жазған әңгімелері теңдесі жоқ классика. Кейіпкердің жан әлемін, қоршаған орта мен табиғаттың бояуын қалай үйлестіріп кестелеген десеңізші! Сөз жетпес сұңғылалық. Кішкентай ғана «Страсти-мордасти» әңгімесін он рет оқыған шығармын. Оқыған сайын жетім бала, жесір де жүргіш әйелдің тағдырын аяп ойға батамын.
Ал кейінгі жазғандары... Әрине, жақсы-ақ. Бірақ бұрынғыдай емес, бояуы солғын. Демек, революцияны бар болмысымен қабылдай алмаған. Сырты қуаттағанмен, ішкі дүниесі қарсыласып жатқан. Әйтпесе көл-көсір талант иесінің алақолдығын немен түсіндіруге болады?
 

***
Кезінде әжептәуір лауазым иесі атанған бір ақсақал кітап жазыпты. Өз еркі. «Оқып шық, інім, пікіріңді айт» деп алдыма қойды. Және кетіп бара жатып жыныма тиді.
– Зейнетақыға шықтық. Ермек керек. Сосын да жазғаным. Әйтпесе уақыт өтер емес.
Өз басым қырық жыл бойы қара сия, ақ қағазбен айтысып келемін. Шамасы, ермек үшін екен ғой. Немесе басқа кәсіп қолымнан келмеген соң...
Араға аз мерзім салып үлкен дәмемен келген. Сөз қысқа қайырылды.
– Ақсақал, мына шатпағыңыздан ештеңе түсінбедім. Пеш түбінде көтеніңізді күлге көміп отырыңыз. Шайға қаныңыз. Ұйықтап алыңыз. Сонда уақытыңыз тез өтер. Хош тұрыңыз.
– Қырсыққа жолықтырған Құдайды айтсаңшы, – деп есігімді тарс жапқан. Икемге келмейтін өзіме де обал жоқ.

***
Ұзын дәме, қысқа қолмен бір ғұмырды тауысар ма екенмін?

***
Баяғы жас кезде бір ағам «көлемді етіп көп жаз, сонда қаламақыны мол аласың» деп ақыл айтқан.
Жақында тағы бір ағам «алысқа шаппай қысқа қайырайық, бәрібір қаламақы төлеп жатқан жоқ» деп жөн сілтеді.
Сонда ой, қиял, шабыт – бәрі-бәрі ақшаға тіреліп тұр ма?
 

***
Кейде ақшаны судай шашамын. Қалтамда қара бақыр қалмайды. Ондай сәтте өткен шақтың отына жылынып, рахат кешіп отырамын.

***
Арал тағдыры үлкен ауқымда көтерілді. Жыл сайын айдын беті ортайып, негізгі арнасынан 60-80 шақырымға дейін кері шегініп кеткен. Теңіз табанынан көтерілген құм Бөген, Қаратерең сынды ауылдарды басып жатты. Тіпті аты аңызға айналған Барсакелместің өзі Үстіртпен қосылып, құлан біткен қашып жатты. Аралдан ұшқан тұздың Солтүстік мұзды мұхиттан табылғаны және бар. Жергілікті тұрғындар экологиялық апаттың зардабын адам айтқысыз тартты.
Осындай алмағайып шақта шалқар дария – Обьтың бір арнасын Есілге бұрайық, Есілді Аралға жеткізейік. Сібір онсыз да судың көптігінен зиян шегіп отыр. Сөйтіп, тартылған теңізді толтырайық деген жоба көтерілді.
Сол сол-ақ екен, орыстың зиялы қауымы, әсіресе Залыгин, Распутин сынды жазушылары үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Табиғи үйлесімді бұзуға болмайтынын, ол табиғатқа жасалған қарақшылық екенін дәлелдеп жазды. Аралды құтқарамыз деп ұлан-байтақ Сібірді де құртатынымызды ғылыми дәлелдеді. Алайда шовинистік көзқарас деп оған өзімізше өкпе тақтық.
Қазір ойласам, өте дұрыс шешім болған. Адам қолы араласқан табиғаттың бүлінбеген жері қалды ма?
 

Рахымжан ОТАРБАЕВ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті