1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №88 (16274) 2 қараша, бейсенбі 2017
2 қараша 2017
«Биiм менiң – биiк шың»

Қазақтың ән, күй, айтыс сияқты дәстүрлі өнерінің қатарында би де бар және олар бір-бірімен сабақтас. Мәселен, күйдің өзі би ырғағына тұнып тұр. Әйгілі биші Шара Жиенқұлова «Өмірім менің – өнерім» кітабында Көкайырық жайлауында көргенін былай сипаттайды: «Ортаға қапсағай бойлы, қарасіңір, шүңірек көздері жарқылдаған ер адам шықты. Шапанының етегін қайырып қайыс белбеуіне қыстырған, басында қызыл барқытпен тыстаған түлкі тымақ, аяғында ұзын қоныш етік. Ортада аңтарылып тұрды, домбырашыға қарады. ... жауырыны, білектері еріген қорғасынша балқып, майысып, ирелеңдеп, көз ілеспес небір ғажап қимылдар өрнегін сызды», – деп, биді алғаш қалай көргенін әсерлі жеткізген. «Жайлаудағы сауық кештерде күйші Жұмабай домбырада «Қара жорға», «Келіншек», «Айжан қызды» дөңгелеткенде өзіңнің де қалай дөңгеленіп кеткеніңді білмейсің. Күй ырғағына қарай ат боп шабам, ұршық иірем, киіз басам, күбі пісем – не керек, көрген-білгенімнің бәрін жұрттың көз алдына келтірем...»
Қазақ биінің негізін қалаған Шара апамыз осы жазбасы арқылы-ақ көп жайттан хабар береді. Өзіне дейін де бишілер болғанын, олардың өнерін бала жасынан көріп өскенін, соларға еліктеп биші атанғанын айтады. Сөйткен шебер биші, қазақ биінің бастау бұлағын ашқан Шара апамыздың өнерін жалғастырушылар қазақта саусақпен санарлықтай десек қателеспейміз. Осы орайда, атақты Жиенқұловаға тікелей шәкірт болмаса да, биші апамыздың ізін жалғастырушымын деп жүрген дара дарын иесі Перизат Омарбекованың шығармашылығына тоқталғым келеді.
12 жасында Тараздағы «Айша бибі» би ансамблінің жетекші бишісі атанған Перизат – қазақтың ұлттық биін насихаттап жүрген үлкен өнер иесі. Перизаттың «Биім менің – биік шың» атты концертінде әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев: «Перизат – отандық бишілердің арасында Шара Жиенқұлова билерінің түп-тамырын жоғалтпай, бүгінгі күнге дейін сақтап, кеңінен насихаттап келе жатқан жалғыз биші», – деген еді. Аталған концерті, шынында да, Перизат шығармашылығының жан-жақты қырын ашып көрсетті. «Бақсы», «Тұмар ханша», «Айша бибі», «Айжан қыз», «Келіншек», «Алтынай», «Атамекен», «Өз елім» қойылымдары оның би өнерінің шыңына шыққанын айғақтайды. Перизат биінің өзегі – ұлттық дәстүр. Он саусағы майысып, сахнада шыр көбелек айналғанда қазақтың бүкіл ғұмыры, тұрмыс-тіршілігі, өмір сүру салты көз алдыңа келеді. Ол қимыл-әрекетімен бірде үдере көшкен керуенді, енді бірде жайлаудағы жаз өмірді, енді бірде қыз ғұмырды, келіншек күйді асқан шеберлікпен сахналайды. Мәселен, бақсылық қазақта болмаған деп ешкім айта алмайды. Оның «Бақсы» биін тамашалай отырып шын мәнінде бақсы ма деп қаласың. Жанып тұрған отты айнала жүріп, буын биі ырғағында билегенде оның әлде бақсы, әлде биші екенін айыра алмай қаласың. Ал модерн-балет үрдісінде қойылған «Тұмар ханша» –сақ дәуірінде өмір сүрген Тұмар ханшайым өмірін үш минуттық би тіліне аударған драма. Бұл биге жайма-шуақ, тыныш жатқан елге соғыс ашып, елдің берекесін кетірген жауға қарсы қол бастап шыққан Тұмар ханшайымның ел мен жерді қорғаған батыр тұлғасы арқау болған.
Перизат билерінің ішінде шоқтығы биік би – айдай жарқыраған «Алтынай». «Ер Тарғын» операсындағы «Алтынай» – Шара апамыздың биіне арналған қойылым. Сол «Алтынай» биі бүгінде Перизаттың еншісінде. Бұл бидің техникасы күрделі, сүйемелдейтін күй де, бидің табиғаты да жылдам. Перизаттың «Алтынайы» – қазақ қызының бүкіл болмыс-бітімін шынайы ашатын ерекше би. Қазақ қызының сұлулығы, ақыл-парасаты, нәзіктігі мен қайсарлығы, бидегі шалт қимыл – бәрі бір-бірімен әдемі үйлесім тапқан. «Келіншек» биіндегі ана бейнесі де ұлтқа тән өрнегімен көрерменін разы еткен Перизат шығармашылығының бір белесі. Биші қандай биді билесе де, бет әлпет, көзқарас-қимыл арқылы драма ұсынады.
Күні бүгінге дейін қазақ биі жөнінде түрлі көзқарас, сан мың пікір айтылып келеді. Осыған орай, биші Перизат өзінің бір сұхбатында: «Менің айтарым, қазақ биінің түп-тамыры Қазақстанда. Ұлттық биіміздің бізге басқа елден жаңалық болып келуі мүмкін емес», – деп түйінді ойын айтқан.
Рас, кешегі Шара апамыз бен бүгінгі Перизат Омарбекова аралығында айтулы дара бишілер болды. Алайда осы күні ұлттық биді ұлықтап, арнайы үлкен бағдарлама жасап, алыс-жақын шетелге апарып жүрген де – Перизат. Ол ешқашан «болдым, толдым» демейді. Қашан көрсең ізденіс үстінде жүреді. Қойылымдарын жетілдіреді, кемшін тұсы болса дамытады. Перизатты ұлттық би өнерінің бүгіні мен болашағы толғандырмай қоймайды. Саф өнердің табиғаты кейінгі ұрпаққа тұнық күйінде жетсе деген ниет-тілегі бар. Осы мақсатпен өзі де өмірін өнерге арнап, ұлттық биді биік шыңға шығарды.

Алма МҰРАТБЕКОВА
Алматы қаласы
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті