1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №88 (16274) 2 қараша, бейсенбі 2017
2 қараша 2017
Сағи – сағыныш

Танымал ақын Есенғали Раушанов «Жұмсақ» деген естелігінде («Жас Алаш», №130-104, 26.12.2013): «Сағидың өлеңдерін неге ұқсатуға болады? Мұның жауабы әрқилы болуы мүмкін. Меніңше, оның өлеңдері жаңбырдан соңғы жұпар иісі бұрқырап шыққан далаға ұқсайды. Жеп-жеңіл, тап-таза бір әлем. Оны азыңқырап, қажыңқырап жүрген кездерде қолға алатынымыз да содан болар. Қара көлеңкеден жарыққа, лайсаңнан көкорайға, ызғардан шуаққа асыққан адамның жансерігі болатын поэзия. Сағиды, қысқа қайырып айтсақ, тазару үшін, арылу үшін оқу керек», – деген екен. Жақында Ақтөбе облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында өткен «Туған жер» жиынына қазақтың көрнекті ақыны, өмірден өткеніне 23 жыл болған Сағи Жиенбаевтың жары Уәзипа жеңгей келіп, ақын туралы ғибратты әңгімесімен бөлісті. Жиынға басқа да бірқатар көрнекті қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Уәзипа ЖИЕНБАЕВА, ақынның жары: ЕШКІМГЕ ЖАМАНДЫҚ ОЙЛАМАЙТЫН
– Сағимен Қызылорда педагогикалық институтында оқып жүргенде танысып, шаңырақ көтердік. Оқу бітірген соң Қызылордада бір жыл жұмыс істедім, ал Сағи бірден Алматыға кетті. 1956 жылдан бері Алматыда тұрамыз.
Сағи мінезі өте жайсаң, сабырлы, артық сөзі жоқ, анау-мынауға ашулана бермейтін еді. Қайта менің ұнамаған нәрсені айтып тастайтыным бар. Қонаққа бара жатып: «Уәзкен, ұнатпасаң да үндемеші», – деп ылғи ескертіп жататын.
Кейбір ақын, жазушының әйелдері «ақынның, жазушының әйелі болу қиын, бабын таптырмайды» дейді. Мен олай дей алмаймын. Ақын да – адам, меніңше, барлығы да мінезге байланысты. Жұмысқа кеткенде тамағын дайындап қойсақ, келген қонағын сыйласақ, үй ішінде анау-мынау әңгіме, ұрыс-керіс болмайды ғой.
Сағи әдетте ерте тұратын. Өлеңдерін жазғанда тыныштықты қалайтын. Аудармаға мұқият көңіл бөлетін. Расул Ғамзатовты аударғанда қатты шаршағаны есімде.
Жер қозғалса, қозғалмайтын мінезі бар. Бір өлеңінде:
«Қара жердің өзін де,
Қатты басқым келмейді», – дейді. Бұл – Сағидың мінезі. Адамды аяғыш, қамқор еді. Жолда танымайтын бала жылап тұрса, қалтасындағы барын қолына ұстатып кететіні бар. Өте балажан болды. Өз балаларына да ұрыспайтын, керісінше, мен ұрысатынмын. «Сен неге ұрыспайсың?» десем, «Баланың әкеден көңілі қалғаны жаман. Әкенің жекігені, қатты сөзі өмір бақи есінде қалады. Ал қанша ұрысса да, шешесінің айтқанын көңіліне алмайды. Сенің ұрысқаның жеткілікті», – дейтін.
Балаларымызға «ондай бол, мұндай бол» деп үйреткен жоқпыз. Заманның жақсылығынан ба, әлде көргенін істеді ме, жаман болып өскен жоқ. Бәрі жоғары білімді, ғылым кандидаты, заң қызметкері. Төрт баладан бес немере, төрт шөбере бар.
Сағи ешкімге жамандық ойламайтын, атақ-даңқ қуған емес. Бір рет лауреаттыққа ұсынылып, өтпей қалды. «Жазушы» баспасында 25 жыл поэзия секциясының басшысы болып жұмыс істеді. Сонда көп адамдардың кітабын Сағи сызбаса да, Орталық комитеттің қырағы көздері сызып тастайды. Сызылып қалғандар оны Сағидан көретін. Солар ма, басқалар ма, әйтеуір, алдынан көп кедергілер шықты. Бірақ Мемлекеттік сыйлық алмадым деп өкінген жоқ. Бір рет ұсынылып тұрып, «Иран-Ғайып алсын» деп өзі бас тартты.
Туған жері – Байғанин ауданының Оймауытына Сағи 50 жасқа келгенде бір-ақ барды. Институтқа түскелі бармаған ғой. Содан бала кезіндегі жолдастарын, алыс-жақын туыстарын көрді. Елде Сағидың ет жақыны жоқ. Өзі – «халық жауының» баласы. Апам Қарақалпақстандағы төркіндеріне көшіп кеткен. Сағидың үлкен ағасы оқу бітірген соң Байғанинге келгенінде «халық жауының баласы» деп қуғындап, жұмыс бермейді. Ақыры қайнағам да қарақалпақ еліне кетіп қалған.
Алматыға келген соң Сағи «Елуде» деген өлең жазып, оған Ескендір Хасанғалиев ән шығарды. Тыңдап отырсақ, сол әнде Сағидың әкеге деген, елге, ағайын-туғанға деген өмір бойы жүрегінде сақталған сағынышы бар екен.
 

Қажығали МҰХАМБЕТҚАЛИҰЛЫ, жазушы: ДҮНИЕГЕ ҚЫЗЫҚҚАН ЕМЕС

– Шынында да, Сағи өте қанағатшыл адам еді. Базбіреулер бүкіл дүниенің кем-кетігін түзейтіндей не осы дүниедегінің бәрін қамтып кететіндей жанталасып жүргенде, Сағи ештеңеге қызықпаған. Халқының жүрегіне орнығатын жыр жазудан басқа мұраты болған жоқ. Алайда сырттай сырбаз көрінгенімен, осы дүниенің қуаныш-қызығы, қасірет-қайғысы – бәрі ақындардың жүрегінен өтеді. Соның барлығы ақын жүрегіне әсер етпей қоймайды. Ақын жанының күйзелуі содан.
Жиырма үш жыл бұрын дүниеден өтсе де, әлі күнге дейін Сағи туралы ортамызда жүргендей сөйлейміз. Ақтөбеде Сағи Жиенбаев атындағы кітапхана, көше бар. Бұл – ақынға деген халықтың ықыласы, құрметі. Елінің кәдесіне жарайтын іс тындырған адамның өмірі әр уақытта ұзақ сақталады. Шығармашылық адамына берілетін шын баға – осы.
 

Жазып алған Баян СӘРСЕМБИНА
Ақтөбе

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті