1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №87 (16273) 1 қараша, сәрсенбі 2017
1 қараша 2017
Ұрпағына қор болған ұлылардың есімі-ай!..

Бірде дастархан басында уағыз айтып отырған молда жігіттің: «Пайғамбардың (с.ғ.с) хадисінде «Дүниеге келген әр нәрестесіне естіген құлаққа жағымды, мағыналы ат қоя білу ата-анаға парыз саналады» делінген», – дегенін естідім. Сөйтіп, осы әңгіме төңірегінде «апыр-ай, ә!» деп бірқыдыру ойланып қалдым. Егер хадисте солай айтылған болса, онда балаларына Тезекбай, Шылғаубай, Қоразбай, Сиырбай, Итбай, Көтібар, Биткөз және тағы басқа «деп, деп» кете беретін, естіген құлаққа ерсі, айтуға адамның аузы бара бермейтін есімдерді ойланбай қоя салған ата-аналар Алла тағаланың алдында күнәһар болмаса да, іштен шыққан перзенттерінің алдында өле-өлгенше қарыздар болғаны ғой. Өйткені «Парыз өтелмесе – қарыз» дегенді айтқан да біздің қазақ. Бұған біреулер «ертеректе медицинасы жоқ, қысы-жазы көшіп-қонып жүрген, жартылай жабайы қазақ ауылында жаңа туған сәбилері бірінен соң бірі шетінеп кете берген соң тілден, көзден сақтасын деп осылай, қалай болса солай ат қоя берген-мыс» деген уәж айтуы да мүмкін. Бәлкім, бұл сөздің де жаны бар шығар. Біз өте ырымшыл халықпыз ғой.
Әлде шыр етіп дүниеге келген сәбиінен қайта-қайта айырылып, жүректері әбден шайлығып қалған аталарымыз «өй, мұның әдемі де әсем атын қайтпексіңдер, көз алдымызда қалқайып тірі жүрсе болды емес пе?!» деген принципке сүйенді ме екен? Мұны надандық десеңіз де, ескіліктің қалдығы десеңіз де өз еркіңізде. Қалай десек те, басқа – басқа, сөз қадірін бір кісідей қастерлей білген қазекем қараптан-қарап бауыр еті баласына естіген адамның құлағына түрпідей тиетін есім қоймайтыны белгілі... Бұл көзі ашық, көкірегі ояу кез келген адамды бір сәтке болсын ойландыратын-ақ дүние.

ҚАЗАҚШАНЫ ҚАҚПАЙТЫН «ҚАБАНБАЙЛАР» ҚАПТАП ЖҮР
Ал енді бүгінгі медицинасы да, ғылым-білімі мен басқасы да дамыған жаңа заман, жаңа ғасыр балаларының аттары қандай? Әрине, бүгінгі жастар кешегі ата-бабаларымыз секілді «надан» емес. Шеттерінен білімді, керек болса отырғызып қойып өзіңе әжептәуір ақыл айтады. Қазір балаңыздың баласына «Шылғаубай немесе Боқтыкөт деп ат қояйық» деп келін-балаңызға ұсыныс айтып көріңізші. Сізді жерден алып, жерге салып, тіпті қажет болса көрмей кетулері әбден мүмкін. Сосын жасырып-жабары жоқ, байқап жүргеніміздей, бүгінгі жастар балаға ат қоюды көбінесе өздері кесіп-пішіп, өздері шешіп жатады. Бұрынғыдай «атасы немесе апасы қойсын» деп көңіл үшін болсын айтылатын, үлкендерге деген құрмет өте сирек.
Мүмкін, ертеңгі күні «сіздерді тыңдаймыз деп, баламызға қайдағы бір ескілікті, күлкілі атты қойдыңдар» деп, бүйректен сирақ шығарып жүрмес үшін әркімнің өз баласының аты-жөнін өзінің қойғаны дұрыс та шығар. Оның үстіне қазір интернеттен небір есімдерді қиналмай-ақ тауып алатын заман ғой. Десек те, «айтпаса сөздің атасы өледі» демекші, осы жерде тағы бір мәселенің құлағы қылтиятыны бар. «Бояушы-бояушы дегенге сақалын бояпты» дегендей, ат қойғанның жөні осы екен деп, Диана, Милана, Арсен, Ален, Жан деп келетін, айдаладағы бір шетелдіктердің мән-мағынасы жоқ есім-сойларына еліктегіш жастарымыз да жоқ емес және соны өздері кәдімгідей мақтан көретін секілді...
Кейде осы біз табиғаты, болмыс-бітімі өзге жұртқа ұқсаңқырамайтын, біртүрлі қызықтау халықпыз ба деп қаламын. Қайбір жылы Қазақстанда қысқы Азиада ойындары өткен уақытта дүниеге келген біраз сәбидің есімдері Азиада атанып шыға келгені бар. Марқұм Бекзат Саттарханов олимпиада чемпионы атанған күні дүниеге келген қызына Олимпиада деп ат қойған қазақты да естігенбіз. Оны айтасыз, оңтүстік өңірлердің бірінде бір үйдің тетелес үш ұл баласының есімдері Самолет, Вертолет, Ракета екен. Ал керек болса. Міне, ат қойған соң айды аспанға бір-ақ шығарып, осылай қою керек қой, «пәлен-пәштуән» деп ұсақталмай. Бұған енді қарқылдап күлсеңіз де, еңкілдеп жыласаңыз да өз еркіңіз...
Жақында бір тойда болдық. Бір топ азамат әдеттегідей той басталғанға дейін әрнені айтып, әңгімелесіп отырғанбыз. Қасымдағы жасы үлкендеу ағамыз ойнап жүрген төрт-бес баланың бірін тоқтатып алып:
– Әй, батыр! Атың кім? – деп сұрады.
Анау да іркілген жоқ, «Ерасыл!» – деп тақ ете қалды.
– Өй, мәләдес! Батыр бабаңның атын кім қойған, кімнің баласысың, жасың нешеде? – деп шаттанған ағамыздың қуанышы ұзаққа бармады. Сөйтсек, әлгі «батырымыз» қазақша бір ауыз сөз білмейтін, «казакча не понимаюдың» нағыз өзі болып шықты.
Әлгі жерде ойнап жүрген балалардың бірінің есімі Әлихан, енді біреуінікі Бауыржан екен. Тіпті тетелестеріне кейінірек кеп қосылған сары тентегіңіз Абылай хан бабасының есімін иеленіп алыпты. Отырғандардың барлығы да: «Өй, айналайындар сол, батыр бабаларыңдай елге, жерге қорған болыңдар!» – десіп, ризашылықтарын білдіріп жатты. Шынымен де, ырым десең – ырым, айбар десең – айбар бар. Құлаққа да жағымды, қандай тамаша есімдер!
Бірақ, өкінішке қарай, әлгі «хандар» мен «батырлардың» да қазақшасы әлгіндегі Қабанбайдың о жақ, бұ жағында ғана екен...
Отырған азаматтардың барлығы дерлік, «тасып барған көңілім сап басылды» дегендей, әрі-сәрі күй кешіп, бір сәт үнсіз қалдық. Осы мезетте «Қасиетіңнен айналайын қайран бабаларым-ай! Қаншама жыл қорлықты орыс шовинистерінен көріп едің. Ендігі қорлық пен мазақты өзге емес, өзіңнің төл ұрпағыңнан көретін болдыңдар-ау» деген ой санамды осып өткенде маңдайымнан суық тер бұрқ ете қалды. Өзгелерді қайдам, осы бір болмашы ғана келеңсіз көрініс той алдындағы шалқып-тасып тұрған көңілімнің әп-сәтте-ақ әптер-тәптерін шығарды...

«ШОШИМЫН КЕЙІНГІ ЖАС БАЛАЛАРДАН...»
Әрине, бұл жерде әлі оңы мен солын танып-білмеген сәбидің кінәсі жоқ. Оларды кінәлаудың өзі қиянат. Бірақ бұл балалар әке-шешесі, ата-әжелері жоқ, жал-құйрықсыз тұл жетімдер емес қой. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демеуші ме еді бабаларымыз. Әлде ұяда көргендері осы ма? Егер сол ұядағы бар көрген-білгендері осы ғана болса, өздері сүп-сүйкімді, қол-аяқтары, басқа да дене мүшелері сап-сау болғанымен, бұлар рухани жарымжан балалар болғаны ғой. Олардың ата-анасы қайда қарап отыр? Жарайды, күндіз жұмыстан қолдары тимейтін болар, кешкілік бір мезгіл ертегі айтып бермесе де, баламен өз ана тілінде сөйлесіп, пікірлесулері керек еді ғой. Өзінің туған ана тілін білмейтін, оның сыры мен сымбатын ұқпайтын мұндай дүбәра ұрпақ қайдан пайда болды? Біз қалайша, қай жерден мүлт кеттік?
Осындайда баяғыдағы бір дуалы ауыз ақынның:
«Анадан бір кінәрат кетті ме екен,
Иттің боғы қылшықсыз болмас деген», – деген жыр жолдары еріксіз ойыңа оралады екен.
Біз бұл жерде бәріне ана кінәлі, әкенің еш қатысы жоқ деуден аулақпыз. Білген адамға күні ертең туған халқына қамқор бола алатын, оның тілі мен дінін қастерлеп, салт-дәстүрінің, тарихы мен мәдениетінің жоқшысы бола білетін ұл-қыз тәрбиелеу әкенің де, шешенің де басты міндеті әрі парызы болса керек.
Осы тұста алысқа бармай-ақ, қарапайым ғана бір мысал келтірейін. Менің бір туысқан інім мен келінім бар. Екеуі де әке, шеше көрген. Қазақы отбасында тәлім-тәрбие алып өскен. Өз ана тілдерінде мейлінше еркін ойлап, таза сөйлей алатын тәрбиелі балалар. Әлгілердің екі-үш жасар баласының тілі күндердің күні ғайыптан тайып шүлдірлеп орысша шықсын. Міне, қызық. Ешқашан балабақшаға бармаған, ауладағы балалармен де ойнап көрмеген, тек үйде ғана отырған бала.
– Бұл қалай болғаны, үйде өзара орысша сөйлесесіңдер ме? – деп сұрасам:
– Жоқ, қазақша сөйлесеміз, – дейді інім мен келінім.
«Бақсам, бақа екен» демекші, сөйтсек, әлгі бала күні бойы теледидардан, қала берді, әке-шешесінің ұялы телефондарынан бірыңғай орысша мультфильмдер көреді екен. Жыл он екі ай осылай. Таң атқаннан күн батқанға дейін естігені орыс тілі, көргені сол елдің балдыр-батпақ мультфильмдері болса, ол баланың тілі орысша шықпағанда қайтеді? Өкінішке қарай, бұл өзі бүгінгі таңда кез келген қазақы үш семьяның екеуінде кәдімгідей айнымас әдетке айналып кеткен «тәрбиенің» түрі. Оған алаңдап жүрген ананы, уайымдап жүрген әкені көрмейсің...
Бұл бір кездегі орыс отаршылдарының «қазақты шоқындыру» саясатындағы негізгі-негізгі бес-алты бағыт болса, соның басты тармағының бірі және сол саясаттың әлі де болса қарқынды түрде жүргізіліп жатқандығы емей немене? Ал асыр салып ойнап жүрген, қазақшаңды қақпайтын Қабанбайлар мен Абылайлар, Бауыржандар мен Әлихандар ұзақ жылдарғы толассыз жүргізіліп келе жатқан сол жымысқы саясаттың жайқалып, гүлденіп өсіп-жетілген мәуелі жемісі демеске амалың қайсы?
Осыдан соң сонау ХІХ ғасырда өмір сүрсе де, «Шошимын кейінгі жас балалардан...» деп күңіренген Абайды әулие демей көр.
Алаш көсемдерінің бірі, аса ірі мемлекет қайраткері А.Байтұрсыновтың:
«Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жaбықпаймын,
Ел бір күншіл, менікі ертeңгі үшін», –
деп келетін өлең жолдарын темірқазық етіп алар болсақ, игіліктің ерте-кеші жоқ, ағайын. Бұл шоқындыру саясатымен жұдырықтай жұмылып, ұлт боп, ұлыс боп күреспесек, ұрпақ тәрбиесі жайлы әр отбасында ақылдасып, амал-айла ойластырмасақ, енді бір ширек ғасырдан соң шошынған былай қалып, (солтүстіктегі чукчалар секілді) шоқынған ұлт боларымыз айдан анық.
Көлгірсіп ақыл айтудан аулақпыз. Дегенмен бұл мәселеге әсіресе қазақтың жас отбасылары, жас ата-аналар көңіл бөлсе құба-құп болар еді.
Тоғыз қабатты үлкен үйдің ауласында бір топ бала асыр сап ойнап жүр. Әлгілердің ұлы да, қызы да құдды бір ақылдасып алғандай бірыңғай орысша сөйлеседі. Ойын балаларына таяп келген ақ жаулықты әже:
– Әй, Әлішер! Үй, Әлішердейм, пайдом кушайт. Мама сказал! – деп, немересін кешкі асқа шақырып тұр... «Жастарға тәлім-тәрбие беріп, өнегелі жол нұсқайды-ау» деген үлкендеріміздің түрі мынау болса жетіскен екенбіз... Баяғыда күйініп кеткен бір бейбақ «сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын...» деген екен.
Біздің жанайқайымыз да осының кебін кимесе жарады...

Серік ҚҰСАНБАЕВ
Өскемен қаласы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті