1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №86 (16272) 26 қазан, бейсенбі 2017
26 қазан 2017
КӨРГЕН-БАҚҚАН

«Бас» деген шағын роман жазғанмын. Оқиға жалаугер Махамбет ақынның бас сүйегінен басталады. Ноэль Шаяхметов мүсінін қалыптаймын деп Қаройдағы моладан 1966 жылы қазып алған. Сол бас сүйек 1983 жылға дейін жоғалып, ақыры Фурманов көшесіндегі бір үйдің жертөлесінен табылды. Оқиға қоюлана келе үндіс Апачидің тағдырына ұласады. Одан қуалап Саддам Хусейн мен Муаммар Каддафи, Бен Ладен, тіпті Джохар Дудаевтың да шабылған бастары жүйеленеді. Батыс пен Америкаға арнап ащы сөз айтылады. Мұсылманның бас көтерерінің бастарын қанжығаларыңа байлаңдар, ендігі кезекте кім тұр деймін...
Шатағы мол шығарма. Ертеңгі күні соңы дауға ұласуы ғажап емес. Бірақ бұл зәрлі шындықты мен айтпасам, өзге ешкім айтпайды. Сол себепті өзім құрметтейтін екі үлкен тұлғаға оқыттым. Бірі үнсіз қалды. Екіншісі:
– Романыңды Қазақстанда басуға болмайды. Тіпті үзіндісін де жариялама. Шетел баспалары шығарамыз десе еркі, – деген кесім айтты.
Әзірге «Бастың» тағдыры осы.
***
Романыма вето қойылған соң үлкен оқиғаның әр жерінен шымшып-шымшып алып, «Бас» деген пьеса жаздым. Оны Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театры сахналады. Режиссері – Жанат Телтаев.
Соның өзі талай басшы көрерменді шошытты. Өйткені сахнаға он шақты чиновник шығады. Ешқайсында бас жоқ. Қара костюм солай тігілген. Ал бастарын қолға ұстап жүр. Бір-біріне бас лақтырып, доп ойнап та жатады...
– Бір миллион адам сыйған Алматыға Махамбеттің қу басы сыймады ма? – деген Құрақ шалдың ащы даусы залды кернеп тұрды.
Артынша бұл пьесаны Оңтүстік Қазақстан облыстық Жұмат Шанин атындағы академиялық драма театры сахналады. Қойған – талантты режиссер Қуандық Қасымов.
***
Төлен ағаның (Әбдік) «Әке», «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» повестері қандай ғажайып шығарма. Қазақы тірлік, қазақы мұңды мұнан асырып қалай суреттеуге болады?

***
Алтайға барғанымда Василий Шукшиннің туған селосы Сросткиге ат басын бұрдым. Жасыл желекке жамылып тұрды. Селоның нақ желкесіндегі үлкен төбе басына ескерткіш орнатыпты. Шукшин ойлы қалпы жалаңаяқ, жалаңбас жерлестерін көзбен бағып отыр. Мұндай ескерткіш үлкен халықтың үлкен жүрегімен мүсінделеді! Тірлігінде атағы мен шатағы қатар жарысқан керемет дарын еді. Әйтпесе керзі етікпен барып мәскеуліктерді аузына қарата ала ма? Солардан жерігенде ылғи да өзінің Алтайына қашады екен. Келе достарын жинайды. Әлгі төбенің басына. Ортаға бір жәшік арақты қояды. Ду-ду әңгіме. Естілмеген жаңалық, оқыс оқиға – бәрі-бәрін көкірегіне хаттай берген. Титықтап келген. Туған жер түлетті. Рухани байытты. Артынша ойбайын салып іздеп Феодосеева-Шукшина да жетеді дейді... Мұның бәрі жерлестерінің әңгімесі. Сүйіп айтады, сүйсініп айтады. Алтайы бар Шукшин, Шукшині бар Алтай бақытты.
***
Жас кезімде Куприннің «Олеся» повесін оқығанмын. Ұзақ уақыт мұңды бір сезімнен айырыла алмай қойғанмын. Қарапайым ғана баяндау. Бірақ жаныңды қалай толқытады десеңізші! Сиқырлы қалам иесі ойыңды онға бөліп, түн ұйқыңнан бездіреді. Әсіресе Олесяның тағдыры, трагедиясы!
Жақында осы шығарманы қайтадан оқыдым. Ойладым, жас кезде сезім көп. Қазірде көп сезімім өліп қалған. Тек қана төзім бар. Мүмкін, баяғыдай әсер етпес деп. Жоқ, одан сайың қызығушылығым мен құмарым артты. Күл-бүлтесіз классика деген осы!

***
Дүкенбай Досжановтай суреткер жазушы қазақта саусақпен санарлық.

***
Президент әкімшілігінде қызмет істеп жүргенімде үстімнен арыз түсті. Авторы А.Еременко деген біреу. Кеңсе басшысы Махмуд аға Қасымбеков өзіне шақырып, арызбен таныстырды. Маңғыстауда облыстық телерадио компаниясында басшы болып жүргендегі іс-әрекетімді жіпке тізіпті. Бақсам, мен аса қатыгез, кісі өлтіруден де тайынбайтын жауыз екенмін. Тура теңіз қарақшысы! «Осындай адам қалайша ең мәртебелі мекемеде сектор меңгерушісі болып еңбек етіп жүр?» дейді арыз иесі.
Махмуд Базарқұлұлы – соншама құрмет тұтатын адамым. Қаламы жүйрік, ізгілікті, ерекше парасат иесі. Мен арызды оқып шыққанша жүзіме қарап, бақты да отырды.
– Маха, – дедім күліп. – Тап осындай кісі болсам, өмір сүрмей-ақ қоюға әзірмін.
– Бұл хат тіркелген. Жауап беруіміз керек. Саған көмегім, осындай адам, мынандай тұрғын үй мен пәтер Ақтау қаласында бар ма, жоқ па, тездетіп анықташы, – деді.
Екі сағатта Маңғыстау ДВД-дан хабар жетті. Облыс көлемінде ондай адам жоқ және көрсетілген адрес те қате, жалған деген.
Мәселе қолма-қол шешімін тапқан. Егер қазақы мінез, қамқор көңіл Махмуд аға болмаса, әуре-сарсаңы аз ба еді?

***
Бір жазушы жаңа жазған романын оқуға берген. Әлі жарық көрмеген. Қолжазба күйінде. Оқыдым. Түк таппадым. Сюжет әлсіз, кейіпкерлер дараланбаған, сөзі дәмсіз, сөйлемі кібіртік... Ең бастысы, айтар ой жоқ,
– Талқылау болғалы жатыр. Қатыс, көке. Дұшпаным аз емес. Таба қылма. Сенің сөзің дәрі боп тұр. Бір еркін көсілші, – деп әлгі автор жан-жағымнан көпшік лақтырсын. Қалай еріп кеткенімді білмеймін.
Бір ес жисам, «мұндай роман күнде туып жатқан жоқ» деп сайрап отырмын. Ал керек болса! Алаш деген бе, алаша деген бе, бір түсініксіз сыйлық бар. Кейін әлгі роман сол сыйлықты алыпты. Мейлі ғой.
Тек өз-өзімді жек көріп кеткенім болмаса...

***
Циолковский кешқұрым бақ ішінде бой жазып тұрады. Күн батар кез. Бұлтқа көзі түседі. Қараса, бұлт бетінде латын әрпімен жазу тұр. Қызыл бояумен бедерленген. Жай жазу емес, ақырзаманның болатын күні, айы, жылы анық көрсетіліпті. Ғалым дереу көшіріп алады. Сонан соң ғылыммен айналысуды кілт доғарып, тастап кеткен.
Сол құпия жазу қазірде қай жерде жатыр екен?

***
Толстой мен Достоевскийдің ойлау қабілеті мен дарыны адамға тән емес. Пайғамбармен бәстеседі. Оларға жоғарыдан беймәлім бір күш жаздырып отырған. Ғалымдар осылай деп мәлімдейді.
***
Сөз де су сияқты. Кейде бұрқырап бой бермей кетеді. Кейде ақпай қалады.
 

Рахымжан ОТАРБАЕВ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (3)
Ерсін | 27 қазан 2017 09:07
Рахымжан, мына жазбалырыңнан кейін сені басқа қырыңнан таниын дедім. Бас туралы жазғаның ұлттық намысымды қозғап кетті. Енді сенің шығармашылығыңмен кеңірек танысу керек екен. Ісің есіміңе сай екен. Риза болдым. Кітаптарыңды қайдан табуға болады.
қазақ | 27 қазан 2017 12:15
Менделеев кестені түсінде көрген, Пушкиннің түсінде көрген ертегісін жай ақын ойласа таппайды.Ленин, Маркс,Суретші Леонардо...бұларды жын басқарады дейді. Жын ба періште ме ғалымдар да білмейді.
Адам | 29 қазан 2017 01:51
"Бас" романыңызда Кенесары туралы жаздыңыз ба?
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті