Құқық-заң
«Ағайынды төртеудің» ісі сотқа жетті
Жас Алаш №90 (16276)   9 қараша, бейсенбі 2017
09.11.2017 15:26

«Ұйымдасқан қылмыстық топ құрды», «мұнай ұрлығымен айналысты» деп айыпталған Еркін Ізбасар мен оның сыбайластарына қатысты қылмыстық іс тергеліп бітіп, іс сотқа жіберілді. Бірінші топ мүгедегі Еркін Ізбасар мен оның серіктеріне тергеу «мұнай және мұнай өнімдерін қылмыстық топ құрамында заңсыз иелену, өткізу, сақтау, қайта өңдеу» және «ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру» деген баптары бойынша айыптар таққан. Былтыр Ақтөбе облыстық соты осы іске қатысты күдікті деген 20-дан астам адамды қамауға санкция берген еді. Сот айып тағылған азаматтардың бірқатарының фамилияларын атады. Әзірше жария болғандары: Еркін Ізбасар, Саят Дүсіпов, Есенжан Еркетаев, Азат Амитов, Адайбек Сәрсенов, Бауыржан Батыров, Нұрлан Қазкенов, Аухат Қалиев және Жанат Ілиясов.
Былтыр желтоқсан айының басында ҰҚК қызметкерлері мен коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы және ішкі істер министрлігі бірлесіп, Ақтөбе және тағы кей аймақта «мұнай өнімдерін жымқырумен айналысқан» деген күдікті топты қолға түсіру операциясын жүргізген еді. Арнайы қызмет қанша адам ұсталғанын, тұтқындау қай жерде болғаны туралы нақты ақпарат бермеген. Операция барысында күдіктілерден өзге, мұнай мен мұнай өнімдері бар автоцистерналар да тәркіленген.
ҰҚК сонымен қатар «мұнай ұрлаумен айналысқандарды қорғаштаған радикалды сәлафизм бағытын ұстанатын қылмыстық топтың бірнеше мүшесі ұсталғанын» да хабарлаған. Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, Еркін Ізбасар мен оның сыбайластарына қатысты іс сотқа түскен. Әзірше бұл істі қай судья және қашан қарай бастайтыны белгісіз.
 


old.zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://old.zhasalash.kz/kukyk-zan/21093.html