Руханият
Сөз бен саз қатар дәріптелді
Жас Алаш №90 (16276)   9 қараша, бейсенбі 2017
02.11.2017 17:03

Жуырда шырайлы Шымқалада қазақтың жыры мен әнін төрге сүйреген бір керемет кеш өтті. Оңтүстіктің думаншыл жұрты қос бірдей перзентінің қуанышына куә болды. Әуелі қазақтың Қадағаңы (Қадыр Мырза Әлі) «сұрапыл сары бала» атап кеткен белгілі ақын Бақытжан Алдиярдың «Ақ парақ» жыр жинағының тұсауы кесілсе, одан әрі белгiлi әншi-композитор Роза Әлқожаның «Ақын мен әнші» жобасының шымылдығы түрілді.
Бала Бақытжан білім алған іргелі оқу ордасы Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк педагогикалық институтында өткен шараға республикамыздың әр аймағынан белгiлi ақын-жазушылар келiп қатысты. Алғаш болып сөз алған халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы Мархабат Байғұт «Қазығұрттың қоңырының» тәржіма саласына да ден қойып, түрік ақыны Мәулана Атаи мен Бабыр шаһтың ғазалдарын қазақшалаған еңбегін тілге тиек етті. Ханбибі Есенқарақызы, «Ақиқат» журналының бас редакторы, ақын Аманхан Әлiм, осы жыр жинағының басылып шығуына қолдау көрсеткен «Қазығұрт» баспасының директоры Темiрғали Көпбай, ақын Бекжан Әшiрбаев, сазгер Жәкен Омар жаңа жыр жинағына құтты болсын айтты. Жыр кешінің соңы «Бақытжанның бөлтіріктері» атанған жас ақындардың арқаланып өлең оқуымен түйінделді. Әдеби жиынның арқауы облыстық «Жастар» ресурстық орталығында Роза Әлқожаның бастамасы «Ақын мен әншi. Сөз бен саз» атты әдеби кешке ұласты.
Думанды шараның ашылуында сөз алған Мархабат Байғұт: «Бүкiл байтағымызда, соның iшiнде оңтүстiкте рухани жаңғыру жүрiп жатыр. Міне, соның арқауы да, алтын арнасы да – әдебиет. Өкiнiшке қарай, қазiр әдебиеттi адамзаттың өмiрiнен алып тастағысы келетiндер көбейдi. Әдебиеттiң өгейсiп, оқырманның азайып кеткенi де рас. Алайда рухани жаңғыруға байланысты бiраз бетбұрыстар жасалуда. Соның бiрi – «Ақын мен әншi» кешi», – деп ағынан ақтарылды. Концертте «Жiгiттер» квартетi, Заттыбек Көпбосынұлы бастаған өнерпаздар Ханбибi Есенқарақызы, Исраил Сапарбай, Қасымхан Бегманов, Бақытжан Алдияр, Бекарыс Шойбеков сынды арқалы ақындардың сөзіне жазылған әндерден шашу шашты. Алыстан ат терлетіп келген белгiлi ақындар өлең оқыды. Бір сөзбен айтқанда, бағзы сал-серілердің мұрасын жалғаған жоба жоғары деңгейде өтті.
Бұл туралы жоба жетекшісі Роза Әлқожа: «Сөз бен саз – егiз ұғым. Бiрiнсiз бiрi әйгiлi бола алмайды. Біз көбіне тек орындаушыны қызыл кiлеммен жүргiзiп, насихатын жасағанымызбен, ақын мен композитор үнемі жұрт назарынан тыс қалады. Осы олқылықтың орнын толықтыру үшін осы жобаны қолға алуды жөн санадым», – дейді. Иә, алғаш рет Қарағанды қаласынан басталған бұл жобаға көрермен де оң бағасын беріп, «Әншiнi ғана емес, ол салған әннiң авторын да танып, шығу тарихын білдік» деп алғысын білдіріп жатыр екен. Алдағы уақытта ұйымдастырушылар бұл жобаны Алматы, Астана қалаларында да көрермен назарына ұсынуды жоспарлапты. Ендеше, сахна саңлақтары танымал әншiлермен қатар, сол әуенге мәтiн жазған ақындардың насихаты артып, ақын мен сазгер ұлтқа өлмес ән қалдырса, қанеки!
 

Нұрбақ ЕДІГЕ
Оңтүстік Қазақстан облысы
 


old.zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://old.zhasalash.kz/ruhaniyat/21042.html