Қоғам
Бәріне үлкендер кінәлі
Жас Алаш №90 (16276)   9 қараша, бейсенбі 2017
15.06.2017 13:39

Түркі тілдерінің ішіндегі ең бай әрі таза тіл – қазақ тілі. Тәуелсіздік дәуірінде қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру мақсатында көптеген бағдарламалар іске қосылды. Нәтижелері аз емес. Алайда қазақы орта «шала қазақ» деген ұғымнан әлі күнге арыла қойған жоқ.
Оған себепкер – нақ өзіміз. Үйде орыс тілінде сөйлеп, енді өсіп келе жатқан баланың құлағына ана тілімізді жеткізбейміз. Одан қала берді, ұл-қыздарымызды орыстілді балабақшаға береміз. Осы тұста кімді айыптауымыз керек? Ана тілінде сайрай алмаған қазақ баласын ба, орыс тіліне жақын өсірген ата-ананы ма? Әрине, «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» деп бәле іздеп жүруден аулақпыз. Алайда «шала қазақ» деген ұғымның қоғам санасынан шықпауына бірден-бір себепші – ата-аналар.
Мектеп пен балабақшаны араламай-ақ қойыңыз. Жай ғана үй алдындағы балалардың ойын алаңына барып, құлақ түріп көріңізші. Қазақ балалары бір-бірімен орысша сөйлеседі. Жақын барып, қазақ тілінде сұрақ қойып көріңіз. Кібіртіктеп, жауап беруге қиналып қалады. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Көпке топырақ шашудан да аулақпыз. Бұл – біздің көргеніміз, білгеніміз, түйгеніміз.
Суреттегі ұландар – Айдар мен Айбар. Алматы қаласындағы орыстілді балабақшалардың біріне барады. Ана тілімізде егіздермен тілдесе алмадық. Тек орыс тілінде ғана сұрақтарымызға жауап алуға мүмкіндік болды. Анасының айтуынша, үйде балалармен орысша сөйлесу ыңғайлы. «Себебі балаларымның әкесі орыс мектебінде оқыған, қазақшаға тілі шорқақ» дейді анасы. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген мақал бар. Үйдегі ата-анасы басқа тілде сөйлеп отырғанда, балалар қалай қазақша тілдессін?!

Едіге ӘЛШЕН, ХҚТУ-дың студенті


old.zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://old.zhasalash.kz/kogam/20195.html