1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №25 (15795) 2 сәуір, сейсенбі 2013
"Жас Алаштың" отбасы және денсаулық қосымшасы.
2 сәуір 2013
Келiннiң кесiрлiгi енесiнен емес пе?

“Отбасы” қосымшасында жарияланған “Кесiр келiн” мақаласын оқып, ерiксiз қолыма қалам алдым. Мақала өте орынды, өзгелерге сабақ болатындай үлгiмен жазылған. Әйтсе де, өз басымдағы жайтты оқырманмен бөлiсудi жөн санап, келiннiң кесiр болатын себептерi кейде енесiмен тiкелей байланысты екенiне тоқталғым келдi.

Құдайдың берген екi ұл, бiр қызын өсiрiп, тәрбиелеген анамын. Он екi құрсақ көтерiп, содан аман қалған осы үшеуiнiң тiлеуiн тiлеп, балаларым тарықпасын деумен тiршiлiк еттiк. Бетiне қараған жалғызым болса да, қызымның тәрбиесiне өте қатал қарадым. Қазақтың қызы деген атқа лайық етiп өсiру – менiң бас­ты ұстанымым болды. Қызымның киiм киiсiнен бастап, жүрiс-тұрысы, көпшiлiк ортада өзiн ұстау мәнерi назарымнан тыс қалмады. Өзiм шәкiрт оқытып, тәрбиелеген ұстаз болғандықтан да, өз бала-шағамның өзгеге үлгi болуына күш салдым десем, артық айтқаным емес. Ұлым ер жетiп, қызым бойжеткен тұста өзге ата-аналар сияқты бiздiң де алдымызда үлкен сын шағы туды. Ұл-қыздың шаңырағы биiк, керегесi кең отбасыға айналуын тiледiк.
Қызым университеттiң екiншi курсына көшкен жылы алып қашудың құрбаны болды. Алғаш таныс­қан сәтiмiзде-ақ құдағиымыздың iшкiлiкке жақындығын және дөрекi мiнезi барын байқағанбыз. Әйтсе де, екi жастың бақытын биiк санап, мән бермеуге тырыстық. “Кеткен қыз шиден тысқары” дегендей, қалада тiршiлiк еткен қызымның отбасынан өзiмiздi алыс ұстадық. Телефон арқылы анда-санда ғана хабарласып, жағдай сұрасудан әрiге бармайтынбыз. Қызым да өз шаңырағындағы жағдай туралы жақ ашып, ештеңе айтқан емес.
Тұрмыс құрғалы екi рет қана үйге келiп, қонақ болған қызымның босағасына бiр жылдан кейiн шiлдеханаға бардым. Құдағиымның бiз жақпен араласуға аса ынта бiлдiрмеуi сеп болды ма, әйтеуiр бiз де ол жаққа тойдан кейiн аттап баспағанбыз. Қызым босанып, жиен-немереме бесiк апарғанда, енесiн екiншi рет көрдiм. Бiрақ көңiлiм қалып, құлазып қайттым. Шiлдеханада отырған үш-төрт сағаттың айналасында құдағидың бейәдеп сөздерi мен дөрекi қылықтарынан жүрегiм ауырды. “Әй қатын, ананы әкел! Ей, албасты басқыр, ананы апар!” деп жекiген құдағиым келiн емес, құдды ит жұмсағандай көрiндi. Төркiнi келiп отыр-ау, солардан ыңғайсыз болар деп қысылатын ененi көрмедiк. Дүйiм жұрттың алдында алқа-салқа киiмiмен ашық-шашық, қалай болса солай отырған құдағиымнан намыстандым сол күнi. Сол дастарқанға өзiнiң құрбыларын да шақырған екен, құдағиымыздың араласатын адамдарына қарап адамын тану қиын емес қой. Жастары елудi еңсерсе де беттерiне бес батпан бояу жағып, әлем-жәлем киiнген құрбыларының сыртта шылымның түтiнiн будақтатып тұрғанын көрiп, түңiлдiм. Бәрiнен жаныма батқаны, қызымның жүзi сынық жүргенi болды. Жаныма батса да, үнсiз, iштей тынып қайттым.
Көп ұзамай, “қыздарыңды алып кетiңдер” деген хабар алып, құдамыздың үйiне тағы баруға мәжбүр болдық. Бiз бар­ғанда, қызымның дүние-мүлкi буылып-түйiлiп дайын отыр екен. Құдағиымның шағымынан тү­сiнгенiм, келiнiне ештеңе жақпайтын көрiнедi. “Үйге келген құрбыларымды жарқырап қарсы алмайды. Араласып жүрген адамдарыма құрмет көрсету былай тұрсын, ас-суын жөндеп дайындамайды. Осы мiнiн өзiне айтып едiм, кеше бетбақтырмай, өзiмнiң жағама жабысты”,–деген ол ұзақ сөйледi. Түсiн­генiм, қызыма құдағиымның құрбылары да, олардың әрбiр әрекетi де ұнамайды екен. “Апа, мен мына үйде тұра алмаймын, шаршадым. Екi күннiң бiрiнде құрбысы бар, басқасы бар бәрiн жиып алып думандату – енемнiң әдетi. Жай ғана ойнап-күлiп отырып қайтса мейлi ғой, қолдарында темекi мен арақ, сөздерi боғауыз әйелдердi күтiп-шығарып салудан мезi болдым!”– деп қызым жылады. “Iшсек, өзiмiз тап­қан ақшаға iшемiз. Анда-санда көңiл көтеруге қақымыз жоқ па?”– деп шаптыққан құдағиыма айтар сөз таппадым. Келiн мен немереге үлгi болатын апаның айтатын сөзi ме осы, айтыңыздаршы? Жалпы, қай естi қария бала-шағаның көзiнше арақ iшедi? Шешесiне қарсы келе алмайтын күйеубалада үн жоқ. 
Араларындағы дауды насыр­ға шаптырмай, бiтiмге келер дегенiмiзден түк шықпады. Не керек, құдағиым көкбеттiкке салып, қызыммен қосып өзiмдi де үйiнен қуып шыққандай еттi. Қызымның талқаны шыққан тағдыры мен тiрi жетiмге айналған немереме қарап, жүрегiм қайғыдан қарс айырылады. Сол күннен берi бiр жылдан астам уақыт өттi. Келiнiн iздеген құдағи, әйелiне сұрау салған күйеубала болмады. Керiсiнше, құдағиымыз ұлын қайта үйлендiрмек болып, жанталасып жүрген көрi­недi.
Әу бастан “келiн мен ененiң жолы екi айрық, бiрiмен-бiрi қиыспайды” дейдi ғой, оны түсi­не­мiн. Әйтсе де, өзгенiң әлпештеп өсiрген қызына кейбiр енелерде көрсетерлiк үлгiсi де болмайтыны рас. Ал қазiр менiң құда­ғиым секiлдi жасына қарамай, желiккен апаларымыз қаншама. Осыдан кейiн келiн мен ене мәселесiн екi жақты қарау керек шығар, қалай ойлайсыздар?
 
Мәриям ЖАСАРҚЫЗЫ,
Қарағанды облысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті