1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №83 (16269) 17 қазан, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" отбасы және денсаулық қосымшасы.
17 қазан 2017
Cырың кетсе де... сының кетпесін

Әйелдердің көбі тұрмысқа шыққаннан кейін өздеріне қараудан қалады. «Тиетін күйеуіме тидім, енді несіне сыланам?» дей ме, үйде жүргенде шашын да тарамай, олпы-солпы күйде жүре береді. Ал қыз кезіндегі сұп-сұлу келіншегінің бұлай күрт өзгеруі жарыңыздың өзіңізге деген сезімін су сепкендей басуы мүмкін. Сондықтан тек бір жерге баратын кезде ғана әдеміленбей, үйде де көз тартарлықтай көркем болып жүруге тырысыңыз. Үстіңізге өзіңізге жарасымды әдемі халат сатып алыңыз, таңертең тұра салысымен шашыңызды тарап, бетіңізді әрлеуді ұмытпаңыз.
Әйел ешқашан да өзінің әйел екенін ұмытпауы керек. Бұл үйде де баттасып боянып жүр деген сөз емес. Сұлулық салондарына барып, өзіңіздің жеке күтіміңізге көп мән бергеніңіз жөн. Бет күтіміне, денеңіздің сұлулығына көңіл бөліңіз. Өзін күтетін қыз-келіншектердің әрдайым жас көрінетінін естен шығармаңыз.
Кейбір әйелдер бала туғаннан кейін іші шығып, толысып кетіп жатады. Мұндайда спортпен айналысып, артық салмақтан арылуға тырысқан жөн. Семіздік адамды кәрі көрсетіп қана қоймайды, денсаулыққа да зиян.
Талғаммен киініңіз, киіміңіз өзіңізге жарасымды болсын.
Өзіңізді жақсы көріңіз, бағалаңыз. Өзіне сенімді адам өзгені де өзіне тартып тұрады. Өзін бағаламайтын, өзін өзгеден төмен санайтын жанға ешкім үйірсек болмайтынын психолог мамандар жиі айтып жүр.
Өзін жақсы көрмейтін адамның көңіл күйі де көтеріңкі болмайды, үнемі төменшіктеп, өз-өзінен қысылумен жүреді. Өзін сүймейтін жанды өзге біреу қалай сүйсін?! Сондықтан өзгені жақсы көрместен бұрын, ең әуелі өзіңізді жақсы көріңіз.

ЖАҚСЫ СӨЗ – ЖАРЫМ ЫРЫС
Тек жақсы ой ойлаңыз, мейірімді болыңыз. Айналаңыздағы адамдарға тек жақсы сөздер айтыңыз. Үнемі күлімсіреп жүретін жайдары жан кімге де болсын ұнайтыны хақ. Әрқашан әдемі жымиып жүретін жанның жүзінен нұр төгіліп, жан-жағына шуақ шашып тұрады. Бұл адамның өмірге құштарлығын арттырады. Ал мұндай жайдары жан өмірлік жарының кемшіліктерін еш уақытта бетіне баспайды, қайта оның жетістіктеріне өзінен артық қуанып, қолдап отырады. Болашақтан тек жақсылық күтеді, өйткені жақсы ойлар мен айтылған игі тілектердің қабыл болатынына сенеді.
«Еркектер көзбен сүйеді» дейді психологтар. Ол рас. Жігіт алғаш танысқанда қыздың сұлулығына құлай кетуі мүмкін. Бірақ көз құртына айналған арудың ажарына ақылы сай болмаса, жылдар өте еркектің ақылсыз қуыршақтан жалығуы әбден мүмкін. Сондықтан ажарыңызға ақылыңыз сай болсын.
Күйеуіңізбен тең дәрежеде салмақты әңгімелер айту үшін көп оқыңыз. Кітаппен дос болыңыз. Театрға жиі барыңыз.

ЖАРЫҢЫЗДЫҢ СЕНІМІН ЖОҒАЛТПАҢЫЗ
Күйеуіңізге нағыз дос бола біліңіз. Қиын сәттерде тіреу болып, жоқшылықты да, қайғысын да бірге көтеріңіз. Бет жыртысып қалған сәттеріңізде оның әлсіздігін, кемшілігін бетіне баспаңыз, өзіңізге сеніп айтқан сырын сыртқа шашпаңыз. Яғни еш уақытта оның сенімін жоғалтпаңыз.
Әйел ері үшін әлі оқылып бітпеген кітап сияқты. Түгел оқып тастаса еш қызығы қалмайды. Оны үнемі өзіне еліктіріп, қызықтырып отырғаны жөн. Кейбір жұптардың күйбің тірліктен басқа айтар ортақ әңгімесі болмайды, ең бақытсыз жұп – солар. Күнделікті күйбің тірліктен басқа да айтар ортақ әңгімесі, өзара ортақ қызығушылығы бар ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сезімі қанша уақыт өтсе де сөнбейді.
Сіз жарыңыздың тамағын істеп беретін, кірін жуатын күтушісі емессіз, оның өмірлік серігісіз. Сондықтан бір шаңырақ астында қайғыны да, қуанышты бірге бөлісіп, өмір сүріп жатқан жолдасыңыздың жанына үңілуді де ұмытпаңыз. Ол нені ұнатады, нені ұнатпайды, оның жаны нені қалайды? Ортақ қызығушылық жұптарды одан сайын жақындастыра түседі. Сондықтан «тамағын істеп бердім, киімі таза, баласы бағулы, енді оған не керек?» демей, бос уақытыңызды бірге өткізуге тырысыңыз.
Үй шаруасына да мығым болыңыз. Қазақта «Бала таппайтын әйел болмайды, тұрарын айт, Мал таппайтын еркек болмайды, құрарын айт» деген қанатты сөз бар. Яғни ерінің тапқан малын ұқсатып, үйді ұстайтын – әйел. Әйелі салақ, ештеңенің ретін білмейтін жан болса, ерінің тапқаны да құмға сіңген судай ғайып болады. Ал пысық әйел ерінің тапқан азғана қаражатын ұқсатып, үйін ұядай қылып ұстауы мүмкін. Сондықтан үй тірлігіне мығым болыңыз. Ақшаны үнемдеп жұмсауды үйреніңіз.

ЕШКІМГЕ ЕЛІКТЕМЕҢІЗ
Әйелдердің көбі өз бойынан кемшілік тапқыш. Содан болуы керек, өзіне емес, өзгеге ұқсағысы келіп тұрады. Киінгенде, боянғанда әйгілі әншіге немесе киножұлдызға еліктегенді ұнатады, соған ұқсағысы келеді. Еш уақытта табиғи қалпыңыздан өзгеруге тырыспаңыз, өзгені қайталамаңыз. Өйткені еріңіз сізді сол ешкімге ұқсамайтын өзгеше қалпыңызда жақсы көрді. «Ешкімге ұқсатпадым. Не деген көркем едің?» деген өлең жолдары есіңізде болсын.
Еркектер әлсіз әйелдерді жақсы көреді. Өйткені олардың қасында өздерін нағыз еркек сезінеді. Сондықтан сіз де еріңіздің қасында үнемі өзіңіздің әлсіздігіңізді, нәзіктігіңізді танытудан жалықпаңыз.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті