1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №85 (16063) 27 қазан, сейсенбі 2015
"Жас Алаштың" отбасы және денсаулық қосымшасы.
27 қазан 2015
Қызымның жалғыздығы жаныма батады

Жатсам да, тұрсам да жанымды жегiдей жейтiн уайымым бар. Дүниеге бес бала әкелген анамын. Құдайға шүкiр, төрт балам үйлi-баранды, балалы-шағалы. Тек тұңғыш қызым әйел бақытын сезiнбеген күйi өмiрден өтетiн болды. Бұл күнде жасы елуге таяған қызым жалғыз күн кешуде. Тұрмыс құрмады.

Балалар мектеп жасындағы кезде отағасы кенеттен бақилық болып, тұрмыстың ауыртпалығы осы тұңғыш қызым екеумiздiң мойнымызға түстi. Артынан ерген бауырларын сүйрелеп жүрiп, маған көмектесетiн. Колхоздың бел қайыстырар ауыр шаруасын менiмен иық тiрестiре жүрiп бiрге iстедi. Қайтемiз ендi, аш-жалаңаш қалмаудың қамымен жүрiп, қызым тым ерте есейдi. Өзiнен кейiнгi iнi-сiңлiлерi бiрiнен кейiн бiрi мектеп бiтiрген тұста да соларға өз жолын берiп, солардың жоғары бiлiм алуына барынша жағдай жасады. Ауылдан ұзап шықпай, студент бауырларының жоқ-жiтiгiн түгендеймiн деп жүрiп өз өмiрiн ұмытқандай. Оның үстiне сол кездерi менiң де денсаулығым сыр берiп, екi жылдай төсек тартып жатып қалып едiм.
Уақыт зымырап өте бердi. Оқуын бiтiрген бауырлары әйтеуiр адаспай, өмiрден өз орындарын таба бастады. Ойласып алғандай, кiшi төрт бауыры бiрiнен кейiн бiрi үйленiп, той шығындары тағы да осы үлкен қызым екеумiздiң мойнымызға түстi. Бұл кезде үлкен қызымның жасы 30-ға таяп та қалған едi. Үйге келiн келген соң, қызым қаладан жұмыс тауып, сол жаққа кеттi. Обалы не керек, өмiрдiң ащы-тұщысына әбден үйренген қызым айналасы екi-үш жылда кiшiгiрiм дүкен ашып, тұрмысын дөңгелетiп алды. Алайда уақыт өте бердi. Қызым баспаналы болды, оның iшiн толтырды. Бiрақ тұрмыс құрудың еш ретi болмады. Отыздан асқан қыздар ол кезде “кәрi” саналатын. Содан ба, әйтеуiр менiң қызымды айттырушы да, сөз салушы да табыла қоймады. Мүлде жоқ емес, келуiн келедi жiгiттер. Бiрақ не құпиясы барын қайдам, әйтеуiр “қызды ұнаттым” деген сол жiгiттер қайта айналып келмейтiн.
Сөйтiп жүрiп мiне, қызым бұл күнде менiмен бiрге қартайып келедi. Өзегiмдi өртейтiн бiр өкiнiш бар. Мүмкiн, ақыры тұрмыс құра алмағанын көрген соң, ең болмаса бiр бала тауып алуды айтуым керек пе едi? Қазiр отыздан асқан қыздар бiр бала туып алып, бар өмiрiн сол баласына арнаймын деп күн кешiп те жатыр ғой. Мен де неге қызыма сонда “бiр бала туып ал, жалғыз қалғанша, ең болмаса балаң алданышың болар” демедiм” деп өкiнемiн. Бiрақ ол кезде оң босағада отырып бала тапқан қыздар қарабет саналып, ел-жұрттың өсек сөзiнен қаймығушы едiк қой. Өсек сөз деймiн, қызымның жалғыздығын да сөз етiп, сыртынан саусағын безейтiндер қазiр де жоқ емес. Өсек терген адамға бәрiбiр сылтау табылады екен. Олай болса, жұрттың сөзiн елең қылмай, рұқсатымды бергенiмде, қызымның қазiргi жалғыздықтан жабыққан түрiн көрiп, iштей қан жұтпас па едiм...
Ж.ӘЛIБАЙҚЫЗЫ,
Алматы облысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті