1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №57 (16035) 21 шілде, сейсенбі 2015
"Жас Алаштың" отбасы және денсаулық қосымшасы.
21 шілде 2015
Ұрғаннан өлсе, бiздiң ауылда бала қалмас едi

Байқасаңыз, қазiр жер-жерде балаға қол көтермеу жөнiнде көптеп мақала жазылатын болды. Жалпы, қол көтеру жақсы әдет емесi бел­гiлi. Бiрақ бала тәрбие­сiнде ұрып-ұрсу қажет те емес пе?

Өткенде ауылға қарай бiр таксиге жайғасқаным сол едi, жаныма екi баласын жетектеген келiншек отырды. Отырғаны бар болсын, аядай көлiктiң iшiн азан-қазан шуға айналдырды. Екi жағынан аңырап жылаған екi баласын жұбата алмай әлекке түскен әлгi келiн­шекке: “Не сұрап отыр? Алдап, болмаса қор­қытып көндi­рсе­ңiзшi”, – де­дiм шыдай алмай. “Ко­ка-кола iшкiсi келiп жылап жатыр. Таусылып қалып едi...”, – деп мiңгiр­ледi әлгi әйел. Екi-үш жасар балаларын жұбата алмай отырғаны анау, ол аздай “кока-кола” iшкiзген бұл шешенi кiм деймiз, айтыңызшы? Барқырап аңыраған бала даусына шыдай алмай “балаңызды алдап-сулау қо­лыңыздан келмесе, ұрсып, не ұрмайсыз ба?” деп қалдым. Сөйтсем, әлгi әйел: “Мен балаға дауыс та, қол да кө­термеймiн. Ұрып-ұрсумен өс­кен бала ынжық болады. Сiздiң де балаңыз бар шығар? Оларды ұрып, ұрсасыз ба?” дейдi. “Құдайдың берген бiр қызы бар. Дауыс кө­терiп ұрсамын да, қажет болса ұрамын да” десем, бетiме бажырая қарайды әлгi әйел.
Аспаннан салбырап түс­кен­дей болмайықшы осы. Расын айтқанда, осы жолдарды оқып отырған көпшiлiгiмiз шеше­мiздiң көк шыбығынан “дәм татып” өстiк қой, мойындаңыздаршы. Әке­мiз даулы мәселеге аса араласа бер­мейтiн. Ал бiрақ шешемiз бiз әлдене бүлдiрiп қойсақ, сазайымызды тартқызушы едi ғой. Жасыратын несi бар, бала болған соң, соқтықпай, бiрдеңенi бүлдiр­мей жүр­мейсiң. Сондайда шешемiз көк шыбықпен жазалайтын. Әйтсе де, сол ұрғаннан кө­зiмiз шығып, басымыз жарыл­ған ешкiм жоқ. Керi­сiнше, кез келген дұрыс емес қадамыңның жазасы барын ұғып өстiк емес пе?!
Ал қазiр қа­лай? Баланың бар дегенiн орындау, аулада әлдебiр баламен төбелесiп жылай келсе, ата-анасы ерiн­бей сыртқа шығып, әлгi балаға немесе оның әке-ше­шесiн бажылдап, азан-қазан болып жатқаны. Осыны көрiп өсiп жатқан балаларымыз да нағыз пәлеқордың өзiне айналып барады. Қит етсе, шауып барып, үйiне шағымдануға машықтанған. Бұрын қалай едi? Күн ұзақ далада ойнаймыз. Бала болған соң, алысып-жұлысамыз. Тiптi кей­де мұ­рын қанап, денемiз де жырылып жататын. Бiрақ ешқашан үйге келiп, сырттағы жайтты айтпайтынбыз. Неге? Өйт­кенi егер әке-шешемiзге шағымданар болсақ, не “ойнай алмасаң, үйде отыр” дейдi, немесе әлгi шағымыңа қосымша бiр соққыны жiберiп қалатын. Сондықтан да бiз­дер ойын кезiндегi өз iсiмiз жайында жақ ашпайтынбыз. Ал қазiр мүлде керiсiнше. Ата-аналар баласынан кiммен қалай ойнағанын, мектепте не болғанын тәптiштеп сұрай­ды. Соның керегi бар ма?
Мектеп демекшi, қазiр мұғалiмдер оқушының алдында құрдай жорғалайды. Қол көтеру былай тұрсын, даусы қаттырақ шыға қалса, оқушысы арыз жазып жiберуi мүм­кiн. Өзiм 1997-98 жылдары мектеп бiтiрдiм. Мұға­лiм­дерiмiз ұрсатын да, тiптi шегiнен шыққанда қол да көтеретiн. Өйткенi мұ­ғалiмдi соған оқу­шының өзi жет­кiзетiн. Бiрақ бiрде-бiр бала “менi мұ­ғалiм ұр­ды” деп үйi­не айтып бар­­­майтын. Неге? Се­бе­бi, олай ша­ғым­данып барған баланы әке-шешесi оңдырмайтын. “Мұға­лiмдiкi дұ­рыс. Ол саған бiлiм берiп, тәрбиелеуде. Сен оны құр­меттеуге тиiссiң. Сен тұр­мақ, сол мұғалiмнiң алдынан бiз кесiп өтпеймiз” дейтiн бiздiң ата-аналарымыз. Осыдан кейiн жыламсырап арызданып көр!
Қазiргi ата-аналар, яғни бiздер тым әсершiл болып кеттiк пе, әлде шетелдiң тәр­бие құралдарын жетiк мең­герiп кеттiк пе, белгiсiз, әйтеуiр баламыздың үстiнен құс ұшырмауға жанталасамыз. Iстеген қателiгi үшiн жаза барын ұқпай өскен бала ертең кiм болмақ? Титтейiнен ата-анасына бағынбаған бала кейiн соқталдай болғанда сiздiң айтқаныңызды орын­дай қоя ма? “Балаға барлық нәрсенi сөзбен түсiндiру керек. Дауыс, қол көтеруге болмайды” дейтiндер өз баласының сөзге тоқтайтын аса дана екенiне сенiмдi шығар, бәлкiм. Кезiнде әке-шешесi бетiне қарап, ұрмай, ұрыспай, әлпештеп өсiрген көптеген баланы танимын. Бiле бiлсеңiз, ата-анасын сорлатып, жылатып жүрген­дердiң көбi сондайлар. Өйт­кенi әкеден ығу, анадан қаймығу деген кез келген отбасыда берiк сақталуға тиiс ереже.
Әлеуметтiк желiлер­дiң бiрiнен “егер мұғалiмнiң, әке-шешемiздiң ұрсып, ұрғанынан өлетiн болса, бiздер әлдеқашан үлкен бейiтке айналар едiк қой” дегендi оқып қалдым. Ащы да болса, шындық. Жазалаудан жаны шыққан бала жоқ. Әке-шешесiне бағынбаған есерсоқ бала мектепте мұғалiмдi көзге де iлмейдi. Сондықтан балаңызды бiр уақыт тезге салып тұрудың артықтығы болмас деп ойлаймын. Бала кезiнде бар айтқаны орындалып, әбден дәнiккен бүгiнгi бала ертең өмiр сүруге икемсiз, ортасына сүйкiмсiз бiреуге айналмасына кепiлдiк бар ма? Өйткенi үлкен өмiрде сiз оны қорғай алмай қалуыңыз әбден мүмкiн ғой? Бала өзiн-өзi қорғап өсуге дағдылануы керек. Ойын кезiнде де, бас­қа кезде де ұрыс естi­меу­ге, таяқ жемеуге әрекеттенуге тиiс. Қит етсе баланың ортасына түсе беру келешек қо­ғамымызға зиян кел­тiруi мүм­кiн. Осыны ескер­гейсiз­дер.
Гүлдана ӘЛIМЖАНҚЫЗЫ,
Шығыс Қазақстан облысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті