1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №57 (16035) 21 шілде, сейсенбі 2015
"Жас Алаштың" отбасы және денсаулық қосымшасы.
21 шілде 2015
Демографиялық мәселеге мемлекет бас ауыртсын

Қазiр жер-жерде елiмiздiң демографиясын көтеру туралы жиi айтылады. Дұрыс-ақ. Хал­қымыздың санын көбейту керек. Бiрақ көбейту керек екен деп жыл сайын бала табатындарды түсiнбеймiн. Демография­лық мәселе – мемлекеттiң жүзеге асыратын мүддесi. Үкiмет балаңның көбейгенiне мейлiнше жағдай жасап жатса, қарсылық жоқ. Ал қазiргiдей қара халықпен iсi жоқ үкiмет пен партияның тұсында саны көп те, сапасы жоқ ұрпақты өрбiтудiң қаншалықты қажетi бар?

Мәселен, өзiм 11 балалы үйде өстiм. Алдымда бес, менен кейiн бес бауырым болды. Әкем жоғары бiлiмi болмағандықтан, колхоз, совхоздың қара жұмысын iстейтiн. Ал шешем үй шаруасындағы кiсi едi. “Әр баланың несiбесi бар” деген қазақтың бiрi бiздiң ата-анамыз едi. Әйт­се де, тиесiлi несiбеге де сол баланың қолын жеткiзуi оңай жолмен келе ме? Оған бас қатырып жатқандар некен-саяқ. Он бiр бала өз бетiмен күн кештiк десем, артық айтқаным емес. Әке-шешемiздiң күйбең тiр­шiлiгi ешқашан бiткен емес. Өзiмiзден кiшi бауырымызды жетектеп жүрiп өстiк. Баяғы кеңес заманы құлаған соң, шұбырған бiздердiң көрген күнiмiз бұрынғыдан да нашар бола түстi. Жалғыз шешем үйдiң бiтпейтiн тiрлiгiнен босамайтын. Ал әкемiз колхоз тараған соң, екi қолға бiр жұмыс таппай, ақырында iшкiлiк­ке салынды. Менiң жазғандарымды оқыған кейбiреулер жата кеп сөгiп, ұлттық мәселеге керi жарнама жасап, осы уақытқа дейiнгi заңдылыққа қарсы шығуда деп жазғырар. Бiрақ бiздiң қазақтың кез келген дүниенiң байыбына барып, мәселенiң мәнiне үңiле бермейтiнi ащы шындық.
Кеңес заманында тегiн бiлiм алуға, тегiн емделуге, жұмысқа тұруға, баспана алуға жағдай жасалды. Соның өзiнде ауылдағы қазақтың шұбырған баласының осы мүмкiндiктерге қолы жете бермейтiн. Ал қазiр ше, қандай мақсатпен бала санын көбейтпексiз? Ойланып қараңызшы? Тегiн деген дүние атымен жоқ. Сонау тегiн заманда туған бiздiң өзiмiз бұл күнде өмiрден өз орнымызды таппай, сандалып жүрмiз. Отбасымыздағы он бiр баланың бiрде-бiрi дұрыстап бiлiм ала алмады. Өйткенi сабағымызды қадағалайтын адам болмады. Шешеме жүктелген мiндет бала табу, тамақ дайындау ғана сияқты. Бала болып, еркелеп, елеп-ескерiлмедiк те. Тұңғыш ағам мен кенже iнiм ғана әке-шешем­нiң елеулiсi болатын. Ал қалғандарымыз өз бетiмiзше жүре­тiнбiз. Осының өзi ата-ана мен баланың арасына сызат түсiрiп, психологиялық тұрғыдан бiздiң жандүниемiзге жара салмады дей алмаймын.
Көршiмiз Хасен ағаның екi қыз, бiр ұлы болды. Сол балалардың киген киiмiнен бастап, iшкен-жегенiне дейiн тамсанып, қызығып қарайтынбыз. Хасен аға мен келiншегi үш баласының барлық сұранысын қамтамасыз ететiн. Кешкiлiк жұмыстан келген соң баласының сабағын қадағалап, солармен бiрге ойнап, айналып-толғанып отырғаны. Ал бiздерге көңiл бөлуге тиiс әке-шешемiздiң өз шаруасынан босамайтын. Қазiр ойлаймын, он бiр баланы шұбыртып туудағы ата-анамның мақсаты не болды сонда? Көпбалалы үйден шыққандар бауырмал, бiрiне-бiрi қарасып тұратын болады дейтiн әкем. Кешiрiңiз, әке, бiрiне-бiрi қарасып тұру үшiн әр баланың әлеуметтiк жағдайы дұрыс болуға тиiс. Қолыңда ақшаң болмаса, бауырың да сенi керек ет­пейдi. Хасен ағаның үш баласы да мектептi жақсы бiтiрiп, қалаған жоғары оқу орындарына түсiп, қазiр бiлдей мекеменiң бастықтары. Әкелерi кезiнде алып қойған қаладағы екi үйi күнi бүгiнге дейiн құнын жоймады. Байқасам, қазiр сол көршiмнiң ұл-қызының да балаларының саны 2-3-еу ғана. Неге көпбалалы болғысы келмейтiнiн де сұрадым. “Саны көп, сапасы жоқ баланы қайтемiз? Осы үш баламның барлық жағдайын жасап, күнi ертең аяғынан нық тұрып кетуiн қазiрден ойластырып қойған жөн”, – дейдi Хасеннiң ұлы Жандос.
Ал бiздiң он бiр бала қазiр қалай күн кешiп жүр дейсiз ғой? Он бiрiмiз он бiр жерде итаршы тiрлiкпен, әрең күнелтiп жүрмiз. Екi ағам әлдебiр дiни ағымның жетегiнде кеттi. Жұбанышын сол жақтан тапса керек. Бiзбен “құдайсызсыңдар” деп араласпайды. Тағы екi ағам әр-әр жерде теңселiп, арақ құйған адамның құлына айналған. Өзiмнен кейiнгi үш iнiмнiң екеуi ұрлықпен түрмеге түстi. Бiреуi базарда арба сүйреп жүр. Менiң де жетiсiп жүргенiм шамалы, бiр баламның тамағын табу үшiн құрылысшыға айналғанмын. Ал бiздiң үйдiң үш қызы етегiне сүрiнiп, ошақтың айналасынан шықпаған әйелдердiң қатарын көбейткен. Бұл хатымда менiң айтқым келгенi не? Көпбалалы болған жақсы. Егер сол баланың керек-жарағын түгендеуге, ер­тең өзi күн кешкен қоғамда нағыз азамат болуына жағдай жасай алсаң. Ал бала табу деген осы екен деп саны көп, елге пайдасы жоқ баланы топырлатып туа берудiң керегi бар ма?
Демография мәселесiне сiз бен бiз емес, ең алдымен мемлекет бас қатыруға тиiс. Өз халқының әлеуметтiк тұрмысын жақсарта алмайтын елде шұбыртып бала туу кiмге керек? Әр бала – бiр тағдыр. Ал әр бала тағдырының жауапкершiлiгi ата-анасының мойнында. Сондықтан ең алдымен осы жауапкершiлiктi естен шығармаған жөн. Бала санын көбейтпеңдер дегiм келмейдi. Десек те, нанын әзер тауып жүрiп, денсаулығы дiмкәс, бiлiмi төмен баланың санын көбейте берсек, ұлт ретiнде жойылуымыз әбден мүмкiн. Осы сөзiмнiң бiр дәлелi – қазiргi өзге дiн ағымының жетегiнде кеткен немесе iшкiлiкке салынған, түрмедегi адам санын көбейткен жастарымыз емес пе? Отбасында жет­кiлiктi тәрбие алған, тиiстi бiлiмiн алған, көзi ашық бала дiни ағым мен түрмеге кетпес болар.
Қанша баланы дүниеге әкелсек те, ең алдымен сол баланың саналы ұрпақ болуына жағдай жасасақ екен.
Серiк АМАНҚҰЛОВ,
Қарағанды облысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті