2 маусым 2015
Дәрiгерлер шын мәнiнде «дәмете» ме?..

Мемлекеттiң басты байлығы – халқы. Ұлттық демографияны өсiру, халықтың денсаулығын жақсарту бағытында түрлi iс-шаралар жүргiзiлiп, ұсыныстар енгiзiлiп, заңдар қабылданып, ауруханалар мен емханалар құрылыстарына, заманауи медициналық құрал-жабдықтарды көбейтуге, кадрлық бiлiктiлiктi арттыруға қыруар қаржы бөлiнуде. Денсаулық сақтау саласы бағытында көптеген жұмыстар орындалып та жатыр.
Әйтсе де, түлеген табиғаттың экологиялық салдарынан болса керек, кейiнгi кездерi адамдардың ағзалары тым әлсiз, кез келген ауруға тез шалдығып, оған уақтылы төтеп бере алмай, созылмалы дертке айналатыны да аз емес.
Алысқа бармай-ақ, осы өз ауданымыздың халқын алсақ та, әйтеуiр басы ауырып, балтыры сыздамайтын адамды кездестiре алмайсың. Аптаның қай күнi болмасын жол түсiп, орталық емхана мен ауруханаға бара қалсаң, ығы-жығы адам, таныстарыңмен ұшырасып жөн сұрасаң дәрiгер iздеп, облыс орталықтарындағы үлкен емханаларға жолдама, код, квота аламыз деп шапқылап жүргендерi.
Пендемiз ғой, жаны сыздап, ауруы асқындап мазасы қашқанда бар өмiрi дәрiгердiң қолында тұрғандай, соларға үмiт артып, айтқандарын мүлтiксiз орындап “бейшара” халге түсе қалады. Ал ендi ауруынан айығып, жағдайы жақсара түссе, ақкөңiлденiп, ақ халаттыларға алғыстарын жаудырып, өз қолдарымен сый-сияпаттарын жасап та жатады. Ендi бiрде, әбден тынығып, жазылып алған соң “күнiңдi дәрiгерге салмасын, ақша бермесең қарамайды, арам өлесiң” деп шыға келедi.
Осы жерде өзiм куә болған ауруханадағы бiр жағдайды айтайын. Мен кезектi ем қабылдап орталық ауруханада жаттым. Бiр палатада үш-төрт емделушiмiз. Дәрiгердiң нұсқауымен медбикелер қажеттi дәрi-дәрмектерiмiздi егiп, күнделiктi емдеу iс-шаралары өз қалпында өтiп жатты. Емдеушi дәрiгердiң өзi келiп қан қысымымызды өлшеп, жағдайымызбен танысып тұрады. Бәрi дұрыс. Тегiн ем қабылдап жатырмыз. Бiр күнi емделушiлер арасында “...дәрiгерге не бердiңiз?.. қанша беру қажет...” деген әңгiмелер шықты. Әңгiме қыза түстi. Бастапқыда онша мән бермеген мен төтесiнен сұраққа көштiм.
“Дәрiгерлер ақша сұрай ма?.. Осында жатарда бiреуге ақша берiп келiсiп жаттыңыз ба?”. Бiр жап-жас келiншек, шалғай ауылдардың бiрiнен екен: “Мен осында жатарда үлкендеу бiр бастығына ақша бердiм, ендi емдеушi дәрiгерге шығарда сыйлық жасаймын”, – дедi ешбiр жасырмастан. Мiне, тамаша! Мен одан: “...саған әлгi дәрiгер “пәлен” ақша бер дедi ме, десе оны қалай бердiң?” – деп сұрасам, келiншек маған қарап “мынау өзi қай ғасырдың қалдығы” деп ойлады ма, таңырқаған сыңай танытып: “Қызықсыз, ашықтан ашық ақша сұрайтын дәрiгерлердiң басы екеу дейсiз бе, олар сұрамайды, дәметедi, денсаулығыңыз үшiн, алдын ала есебiн тауып өзiңiз әрекет жасамасаңыз, сiздiң халiңiз кiмге керек?” – демесi бар ма?! Пысығын өзiнiң! Емделушiлер емдерiн ұмытып, ендiгi жерде дәрiгерге, тiптi медбикелерге қандай сый-сияпат жасауды ойластырып, өз-өздерiмен бастары қатты. Бiр қызығы, олардан ақша сұраған, тiптi ым-ишарат жасаған дәрiгер жоқ. Мен үнсiз қала бердiм. Өйткенi адам болған соң құдайшылығын да айту керек шығар. Осы уақытқа дейiн аудан былай тұрсын, облыстық, республикалық үлкен орталық клиникаларда ем қабылдап, өзiм болмасам да туыстарымды апардым. Алайда бiрде-бiр дәрiгер менен ақша сұрап, не болмаса әлгi келiншек айтқандай “дәметедi” демекшi басқадай ыңғай бiлдiрмептi. Тiптi бiлдей бiр дәрiгердiң жұмыс кабинетiне кiрiп отырып, оған сыйақы ұсынудың өзi қауiптi емес пе?
Не керек, пенде болған соң, бiреудiң әлдебiр жақсылығын сезiнiп, көмегiн көре қалсақ, алғыс бiлдiрiп, сыйлық жасағымыз келiп тұрады. Ал мұндай ризашылықтарды өзiмiз жасап алып, сұрамаған жанға күнәнi арта салғанымыз ұят емес пе? Әрине, “жел тұрмаса шөптiң басы қимылдамайды”, еңбегiн пұлдап, сый-ақысын алмаса кәсiптiк кеңесiн де бермейтiн дәрiгерлер бар да шығар. Ондай “мықтыларға” мемлекеттiң мекемесiнде босқа отырып уақыт өткiзiп, алыпқашпа әңгiмелердiң шығуына себепшi болмай ақылы клиника ашып алып, тыныш отырғаны жөн шығар. Ал өз еңбегiне адал, айлығы шайлығына зорға жететiн ақ халатты абзал жандарға жаппай тiл тигiзгенiмiз әбестiк болар деп ойлаймын.
Жалпы, қай салада болмасын, кей адамдарға таңғаламын. Болмашы бiр тiрлiктерiн (әрине, жеке басының) өздерi бiтiруге шама-шарқы жетпей ме, әлде ерiне ме, әйтеуiр екiншi бiр адам арқылы сыйақы берiп тындыруға тырысады. Көзi ашық, көкiрегi ояу сауатты жандар үшiн барлық заңдар мен ережелер, қағидалар баспа беттерiнде жазылып, әрбiр мекеменiң кiре берiс залдарында тайға таңба басқандай түсiнiктi нұсқаулар iлiнiп тұр емес пе? Күнделiктi тiршiлiкте қарап отырсаң майда-шүйде нәрселермен-ақ, бiр-бiрiне жем болып жүрген кейбiр әлсiз, ерiншек, сауатсыз жандарға қарап қарның ашады. Бұл жерде де жеке басының тiрлiгiн бiтiруге өз шама-шарқының жетпегенiнен қымсынудың орнына, жалынып, жалпайып, сыйлық жасап, ал көмегiн көрiп алған соң, артынан сөз айтып жүргендерi.
Осындай келеңсiз жағдайлардың күнделiктi өмiрде кеңiнен белең алып бара жатқаны қынжылтады менi.
Нұржамал МАЙУСОВА,
Созақ ауданы,
Оңтүстiк Қазақстан облысы.