1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №13 (15991) 17 ақпан, сейсенбі 2015
"Жас Алаштың" отбасы және денсаулық қосымшасы.
17 ақпан 2015
Дәстyрдi шымкенттiктер ойлап тапқан жоқ

Оңтүстiк өңiрде туып өстiм. Арман қуып Алматыға келiп, болашақ жарымды осында кездестiрдiм. Жолдасым Алматы облысының тумасы. “Әр елдiң салты басқа...” дегенге келiн болып босаға аттаған алғашқы    күннен-ақ көзiм жеттi. Қазақстанның басқа өңiрлерiне қарағанда шымкенттiктер туралы айтылатын сөз өте көп қой. Соның бiрi – шымкенттiктердiң салт-дәстүрге байла­ныс­ты ұстанымдары. “Таң атпай тұрып, үлкендерге сәлем салады. Ұзын етектi көйлек киiп, орамал тағады. Үй шаруасынан қолы босамайды” деген сыңайдағы әңгiмелер тек шымкенттiктерге қатысты айтылады. Алайда бұл сөздердi әркiм түрлiше қабылдайды. Оңтүстiкке келiн болудан қашатын қыздар осындай дәстүрлерге қауiппен қарайтынын жасырмайды да. Әйтсе де, дәстүр шымкенттiктердiң ойлап тапқан дүниесi емес қой?! Менiңше, әрбiр қазақтың келiнi ата салтына бағынуға тиiс. Басқаларды қайдам, бiздi ес бiлген шағымыздан солай тәрбиелейдi.

Келiн болған күннен бастап, таң бозарып ата бастағанда тұрып, үйдегi үлкен кiсiлер оян­ғанша ауланы сыпырып, шай қайнатып, дастарқан жайып дайындаймын. Келiндiк мiндетiме сай үйдегi үлкендерге таңсәрiде иiлiп сәлем саламын. Алғашқы күнi атамның алдынан шығып, иiлiп сәлем салғаным сол едi, сас­қалақтап қалған ол “сәлемет пе” деп маған қарсы иiлдi. Өзiнiң ыңғайсыз әрекетiнен қысылды ма, шалт бұрылып, қора жаққа кетiп қалды. Бiрiнен кейiн бiрi оянған үлкендер менiң сәлем салуыма таңырқай қарасты сол күнi. Өзiме таныс “бақытты бол, көсегең көгерсiн” деген баталы сөзден гөрi ата-енем, қайынағаларым күлкi қысқан күйде сырт айнала бердi. Сонадайдан келе жатқан үлкен кiсiлер мен ер-азаматтарды өтiп кеткенше жолын кеспей күтiп тұруым да бұл елдiң адамдары үшiн түсiнiксiз болды. Жол берiп өткiзбек болғанымда қайным: “Бiзде қыздарға құрмет көрсету үшiн алдымен соларды өткiзiп жiбередi”, – деп күлген едi.
Арада бiр-екi күн өткен. Әдеттегiдей таңғы астарын iшiскен соң, отбасы мүшелерi әрқайсысы өз шаруасымен кеткенде, үстел басында енем екеуiмiз оңаша қалдық. “Бiзде келiндер қыздай жүредi. Иiлiп-бүгiлiп сәлем салмай-ақ қойсаң болады. Атаң мен қайынағаларың ыңғайсызданып қалыпты. Ондайды бiзде ешкiм көрмеген ғой. Сосын таң атпай оянуды, орамал тағып жүрудi де бiздiң келiндер мiндет санамайды. Қанша дегенмен алматылықтармыз ғой. Сен де абысындарың сияқты еркiн жүре бер. Сен де бiздiң ендi қызымызсың”, – дедi енем. Үндемей дастарқанның шетiн шұқылаған күйi отырып қалдым. Тап бiр үлкен қателiк жасағандай қысылдым. Енемнiң айтқанын орындағым-ақ келедi. Алайда титтейiмнен санама құйылған тәрбиенiң шеңберiнен шығу оңай болар ма екен? Бәрiнен де анам мұны қалай қабылдар екен? Өйткенi Алматы облысына тұрмысқа шығатынымды естiгенде: “Ол жақтағылар сәлем салу, орамал тағу дегенге аса мән бермеуi мүмкiн. Алайда сен ендi босаға аттаған келiнсiң. Келiннiң негiзгi мiндетi мен өзiндiк жолы бар. Осыны жадыңнан шығарма”, – деп қатты ескерткен едi. Енем мен анамның сөздерiн таразылап отырып: “Апа, түсiнемiн, сiздер жақта салт-дәстүрдi оңтүстiктегiдей қатты ұстана бермейдi. Бiрақ үлкенге сәлем салып, орамал таққанда тұрған сөкеттiк жоқ шығар. Ренжiмесеңiз, ата-анамның санама сiңiрген тәрбиесiн аттамай, сол жолмен жүр­сем...”,– деп мiңгiрледiм. Өзiң бiл дегендей енем күлдi де қойды.
Қазiр келiн атанғаныма үш жылдан асты. Бастапқыда бәрi “шымкенттiк келiн” деп менiң әрекеттерiме күле қарайтын. Ат тергеу әрекетiмнен анекдот құрастырып, күлкiге қарық бол­ғандары қаншама. Уақыт өте келе ауылдың қарт кiсiлерi өзiме ерекше iлтипат танытып, сәлемi­ме ақ батасын беретiн болды. Сонда да болса өзiм қатарлы келiн-кепшiктер арасында “шымкентский келiн” деп сыртымнан күлетiндер әлi де бар. Бұрын бұл сөзге шамданып қалатынмын. Басқа емес, үп-үлкен кiсiлердiң орамал тағу, сәлем салу, ат тергеу, үлкеннiң жолын кеспеу сынды дүниелердi ескiлiк санап, келiндi “қызындай көру” туралы түсiнiгi ақылыма сыймайды. Келiн ешқашан бөтен босағаға қыз болмайды. Келiннiң өз жолы бар, ал қыздың орны мүлде бө­лек емес пе?! Осындай “қызындай көру” түсiнiгiнiң салдары болса керек, кердеңдеген ке­лiндерiнен теперiш көрiп, сый­лас­тық шегiнiң бұзылатыны. Бұл ретте мен келiндi есiктегi құлындай санасын деп отырғаным жоқ. Бiрақ отбасы мүшелерiнiң өз орны болуға тиiс емес пе?!
Келiннiң сәлем салып, орамал тағуы, ат тергеуi ескiлiк саналмайды. Өкiнiшке қарай, үл­кендердiң өзi осындай дүние­лердi “ескiлiкке” балаған соң, әрине келiн өзiн сол үйдiң қызындай санап, үлкендермен тең сөйлесудi әдетке айналдырады. Мұның ақыры келiннiң шектен шығуына жол ашпасына кепiлдiк жоқ. Ата-бабамыз қыздың өз жолын, ал келiннiң өз жолын көрсетiп, белгiлеп берiп кеткен. Осы жолдарды шатыстырмауымыз керек. Осы ретте үлкендерге өтiнiш бiлдiргiм келедi. Жаңа түскен келiннiң орнын бекiтуде ең алдымен ата-ененiң рөлi ерекше. Мың жерден жаңа заманның адамы болсақ та, қазақы салт-санадан ажырауға қақымыз жоқ. Себебi бiз бәрiбiр ағылшын, орыс немесе кәрiс бола алмаймыз, бiз бәрiбiр қазақ болып қаламыз. Олай болса, қазақы таным-түсiнiктен бас тартудың қажетi бар ма?
 
Гүлжан IЛЕСБЕКҚЫЗЫ,
Алматы облысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті