1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №17 (15891) 4 наурыз, сейсенбі 2014
"Жас Алаштың" отбасы және денсаулық қосымшасы.
4 наурыз 2014
Әке-шешем тiрi болғанда...

“Алтынның қолда барда қадiрi жоқ” дейдi. Ата-анамыз қалқайып аман жүргенде, бiз мән бермейтiн көп жағдайлар бар. Жасыратыны жоқ, өзiмiздi дүниеге әкелген сол кiсiлердiң көңiлiне қаяу салып, кейде тiптi жүрегiн жаралап та жатамыз. Көзi тiрiсiнде қадiрiн бiлiп, сый-құрметiмiздi аямауға тиiспiз. Бұл туралы қасиеттi Құранда да жазылған. Десек те, тiршiлiктiң қамымен жүрiп әке-шешемiздiң жағдайын сұрап, хабарласуға да уақыт таппайтын кездер болады. Төменде әке-шешесi жоқ бiрнеше азаматтың арман мен өкiнiшке толы пiкiрiн берiп отырмыз. Оқыңыз, ойланыңыз, сiз ата-анаңызды лайықты қастерлеп жүрсiз бе? Олардың алдындағы парызыңыз бен мiндетiңiз туралы ойландыңыз ба?

Нұрдәулет ЖАППАР, дәрiгер:
– Әке-шешемiздi ана дүниеге аттандырғалы он жылдай болды. Оларға деген сағынышым бiр сәт те басылмаған. Тiптi, күн өткен сайын олардың орны ойсырай түскендей... Көздерi тiрi кезде әкеме, анама перзентi ретiнде нендей жақсылық жасап, не көрсете алдым? Бұл – үнемi жанымды қажап, маза бермейтiн ауыр сұрақ...
Ата-ананың қадiрiн балалы болғанда түсiндiк қой. Оған дейiн жастықтың желiгiмен талай рет әке-шешемiздi уайымға салып, қаншама рет жүрегiн ауырттық десеңiзшi. Еске алудың өзi... Баласының батпандай қателiгiн көрсе де, бiлсе де кешiрiммен қарайтын, жүрегi шексiз махаббатқа толы тек ата-ана ғана. Өкiнiшке қарай, мен қартайған әке-шешемдi өздерi сияқты мә­пелеп, аялай да алмадым. Қазiр екеуi де тiрi болса, қолдарын жылы суға малып, табандарын жерге тигiзбестен, алақаныма салып жүрер едiм. Әлi есiмде, әйелiм мен шешем тiл табыса алмай, көпке дейiн дүрдараз күйде жүрдi. Сол шақта келiн­ше­гiмнiң сөзiн сөйлеп, талай рет анама дауыс көтерiп едiм. Қазiр ойласам, соған қатты өкiнемiн. Бiрақ өкiнiштiң орнын толтыру еш мүмкiн емес. Ата-анама ең болмаса, материалдық жағынан көмектесе алмағаныма қатты қынжыламын.
 
Жәмила, қаржы маманы:
– Әке-шешем менi қатты ер­келететiн. Жалғыз қыз болған соң, бетiмнен қақпай өсiрдi. Айт­қанымды орындатып, қалауыма қол жеткiзiп өстiм. Жанымда мәңгi жүрердей, олардың да бiр күнi бақилық боларын ойланбадым. Әлi күнге есiмнен еш кет­пей­тiн бiр оқиға жанымды жегi­дей жейдi. Университет бiтiрер кезiм 1990 жылдармен тұс­тас келдi. Сол кезде бiтiру кешi­не қиялымдағы қымбат көйлектi әперуге отбасымыздың қаржылай мүмкiндiгi болмады. Соған ренжiп: “Қалағанымды әпере алмасаңдар, несiне ата-анам болып жүрсiң­дер?” – деп әке-шешемнiң көңiлiне қаяу салдым. Сол күнi осылайша анамды материалдық жағдай үшiн жылаттым. Сәтiн салып, диплом алған соң, iрi мекемеге қызметке орналастым. Көп ұзамай-ақ, қызметте өсiп, материалдық жағдайымды түзеп алдым. Отбасылы болдым. Сол кездерi жағдайым болмады емес, болды. Бiрақ кiшi үйдi үлкен үйге, ескi көлiктi жаңасына ауыстырамыз деп жиған ақшамыздың тиынын шығармайтынмын. Әкем ауырып жатқанда да, қайтыс болғанда да қазiргiдей өкiндiм дей алмаймын. Ал ше­шемдi ақтық сапарға шығарып салған күнi өкiнiштен өзегiм күйдi. Себебi қол-аяғы ауырып, жиi төсек тартып жатып қалатын апамды дер кезiнде емдеткенде, бәлкiм, әлi де ортамызда жүрер ме едi. Шешемнiң ауруын кәрiлiк деп елемей, жиған-терген ақшама дүние жинаумен жүрiппiн. Әке-шешем тiрi болса, ең алдымен бар жиған ақшамды солардың денсаулықтарына, тек қана солар үшiн жұмсар едiм.
 
Жандарбек, сатушы:
– Әкем де, шешем де менiң күйiгiмнен ерте дүниеден кеткендей көрiнедi маған. Жастықтың желiгi ме, әйтеуiр iшкiлiкке үйiр болдым. Арақ iшсем ғана көңiлiм жай табатын сол шақта. Талай рет жылап та, ұрсып та, жалынып та айтқан ата-анамның сөзiн құлаққа iлмедiм. Әкем алпыс үшiнде, ал шешем алпыс жасында бақилыққа аттанды. Қазiр сол алпыс жастағы кiсiлердi көрсем, iшiм удай ашиды. Егер мен арақтың кесiрiнен үй-iшiмнiң, ата-анамның берекесiн кетiрiп, уа­йымға салмағанымда, бәлкiм, олар әлi де аман болар ма едi, кiм бiлсiн. Қазiр iшкiлiкке жоламаймын, намаз оқимын. Бiрақ, өкiнiш­ке қарай, ата-анам жоқ. Егер олар тiрi болса, бар жасаған жамандығым үшiн маңдайым тесiлгенше, басымды жерге ұрып, кешiрiм сұрар едiм.
 
Айдар, жүргiзушi:
          Егер әкем мен шешем тiрi болса, ең алдымен оларды өзiм­нiң қаладағы жағдайы келiскен үйiме көшiрiп алар едiм. Ауылдағы бiтпейтiн тiрлiктен сүйре­тiлiп жүрiп, бүкiл денсаулықтарынан айырылған олар бiз үшiн бар қиындыққа төздi. Үйде үш қыздың ортасында өскен жалғыз ұлмын. Соған қарамастан, келiншегiмнiң ығынан шыға алмай, қалаға кеттiм. Ата-анам мен үшiн оған да көнiп, жандарында қалмағаныма ренiш артпады. Тап­қаным өзiмнен артылмады. Айына-жылына ауылдағы әке-шешеме бiр барып қайтатынбыз. Олардың қандай уайымы бары, не мазалайтыны туралы ойлап бас қатыра бермейтiнмiн, бұл – шындық. Өйткенi олардың қар­тай­ғанын мойындағым келмейтiн. Сөйтiп жүрiп, әлемдегi ең асыл адамдарымнан әп-сәтте айырылып қалдым. Егер Құдайым олар­ға ең болмаса бес жыл ғұмыр бергенде ғой, шiркiн. Қарыз алсам да, екеуiн Меккеге апарып келер едiм. Қазiр әрi кетсе, 5-6 мың долларға барып келуге болады Меккеге. Екеуiнiң ақ батасын алар едiм. Әттең, кезiнде пендешiлiктен осыларды ойланбаппын.
 
Зәуре ШАМОВА, менеджер:
          Ата-анам мен бастауыш сыныпта оқып жүргенде жол апа­тынан қайтыс болды. Одан берi ширек ғасыр өтсе де, екеуi­нiң жоқтығы әлi күнге жанымды аяздай қариды. Тұл жетiм болудың, әркiмге жалтақтап күн ке­шудiң қандай екенiн көресiдей көрiп өстiм. Күнi бүгiнге дейiн егер әке-шешем тiрi болғанда өмiрiм басқаша болар ма едi деп армандаймын. Қартайған әкесi мен шешесiнiң ауру-сыр­қауына қа­бақ шытып, оларды ренжiтiп, тiптi жылататындар аз емес. Сондайларды көргенде, ызадан бойым қалшылдайды. Төсекке таңылған болса да, қарайып тiрi жатқан ата-анаңның болғанынан асқан бақыт жоқ. Ата-анасын қарттар үйiне өткi­зетiн безбүйректер де менiң ата жауымдай. Кейде сондай тастанды кемпiр-шалды асырап баққым, ақ батасын алғым ке­ледi. Шiркiн, ең болмаса шешем аман болғанда, жалғыздық дегендi бiлмеушi едiм. Тiрiсiнде қадiрiн бiлмей, өлгенде басына күмбез орнататын ақымақтар көп. Соларға әкең мен шешеңдi көзi тiрiсiнде қастерлеп, аяла дегiм келедi. 
 
Дайындаған
Меруерт ХУСАИНОВА.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті