1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №103-104 (15873-74) 26 желтоқсан, бейсенбі 2013
"Жас Алаштың" отбасы және денсаулық қосымшасы.
26 желтоқсан 2013
«Тегi»-ден неге безiнемiз?

Тәуелсiздiк алғаннан берi екiншi онжылдықты аяқтап қалсақ та, аты-жөнiмiздi жазу мәселесi көңiлге қонымды шешiмiн таппай отыр. Фамилия деген ұғымды “тегi” деген сөзбен алмастыра салудың өзi бiр iзге түскен емес. Жалпы, фамилия сенiң кiм екенiңдi аңғартып қана қоймай, қай ұлттың баласы екенiңдi де бiлдiретiн анықтағыш болуы шарт. Мәселен, “-швили” мен “-дзе” тұрса – грузин, “-ян” тұрса – армян, “-с” жалғауы тұрса – латыш, көзiмiз үйренген “-ов”, “-ова” тұрса – орыс, “-ко” тұрса – украин екенiн әлем бiледi. Ал бiз кеңестiк билiк бiр iзге түсiрiп жiберген “ов” жұрнағынан әлi күнге арыла алмаудамыз. Мiне, ұлтжандылықтың бастауы осы жерден көрiнсе, кәне?..

91-де тәуелсiздiктiң таңын көргендер арасында осы “ов”-тан құтылуға асыққандар қатары көп едi. Қуанышы қойнына сыймай, құжат беретiн жердiң табалдырығын қанша тоздырғанымен, олар тек бiтеу есiкке, түксиген қабаққа кезiге бердi. Өзiн құл­мын деп есептемесе де, құлдық сезiм сүйегiне сiңiп кеткен қазақ шенеунiгi құжатын қазақшалап берудi өтiнiп кел­гендердi “ов” “ова”-дан   айырса, креслосынан құлап қалардай шошынды. Орыс болса, бiр сәрi, солардың көбi қазақ. Мiне, осындай әсiре “әдi­леттi большевик­тердiң” iсiнен талайлар аты-жөнiн күнi бүгiнге дейiн түзей алмады.
Менiң бiр Сейполла деген бөлемдi кезiнде шала оқыған бiреу Светолла деп жазып жiбе­рiп, құжатыңда “Светолла”, ауыз екiде Сейфолла болып жүр. Бармаған есiгi жоқ, бәрi керең.
Соғыстың тұсында, одан кейiнгi қиын кезеңде ауыл-ауылға келiп, бала-шағаның атын тiркеген орыс келiншек­терi сан қыздың Сәуле деген атын – Света, Ғалиясын – Галя, Үмiтiн – Уля етiп кеткенiнiң куәсiмiз. Өзiм бiлетiн Өмiрәлi­нiң төлқұжатындағы аты – Умирали (яғни қазақшаласақ, “қырылдық” деген сөз!).
Өткен жылы бұқаралық ақ­парат құралдары бiрыңғай ұлт­тық тестiлеуден өткен оқу­шы­лардың арасында бiр ғана “Мөл­дiр” деген есiм “Мулдир”, “Мульдир”, “Молдир”, “Мольдир”, “Мульдер”, “Молдер” жә­не т.б. болып 14 түрлi жазылып жүргенiн көте­рiп едi. Ал 90-жылдары жеке куәлiгiне аты-жөнiн қазақша әрiптермен жаздырған адамдардың банктен ақша ала алмай, еш жер құжатын қабылдамай қойғаны есi­мiз­де.
Соңғы кезде жастарға жеке куәлiк бергенде “овты” алып тастап, жал-құйрығын күзеген фамилия беру үрдiске айналды. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары түрiктер фамилия дәстүрiн енгiзгенде Еу­ропаға елiктеп, әкесi мен баласын айырғысыз етiп аты-жөнiн алғаны аян. Бұл да жалаң елiк­теу. Бiз ендi сол елiктеуге үлес косып, тағы да өкiнiшке ұрынып отырмыз. Ендiгi фамилиямыз Жамау Сұлтан, Жаман Қуаныш болып келедi. Бұрын Қисықова Дина болса, ендi Қисық Дина. Тiзе берсең, анекдотқа бергi­сiз жағдайлар көп.
Сонау жастық шақта, саяси лагерьде жүргенiмде Индико атты грузин досымнан “Осы сендердiң “дзе”-лерiң не?” деп сұрағаным бар едi. Досым күлдi де, “дзе” мiне деп тiзесiн қақты. Сөйтiп, “дзе”-нiң “тiзе” деген түрiк сөзi екенiн, оны өздерiне ыңғайлап, фамилияға қосқанын айтқан едi. Әрине, ендi бiздiң “тiзеге” жолай алмайтынымыз анық. Бiрақ…
Ойды ой қозғайды. Бала кезiмде қойшы Әбiшкен атамның үйiне Кигай атанып кеткен Нұр­мағанбет әншi келiп, ұзақ әңгi­мелестi. Әлдекiмнiң жөнiн сұраған Кигай әншi “Ол кiмнiң тегiнен едi?” дедi. “Ол бәленше-екеңнiң тегiнен” деп Әбiш­кен атам бе­сiншi-алтыншы атасынан келетiн бiр атақты адамды аузына алды.
– Ә, – дедi Кигай, – Сонда бұл ендi кiмнiң тiзесiнен?
– Тiзесi қалай? – деп жалт қарады жандарында отырған Әли есiмдi жiгiт.
Әйелге тiзерлеген, шөккен адамды айтамыз, – дедi екi үлкен қосарланып.
Бiраз ойланып, қысқа мұр­тын сипаған әншi “Е, дұ­рыс. Ал, ендi заты кiм?” – деп тағы сұрады.  Жiгiттiң  ше­шесiнiң атын атаған Әбiшкен атам анасының қай рудың, кiмнiң баласы екенiн, нағашылары осылар деп жiктеп түсiндiрдi…
Иә, мұндай кiмнiң кiм екенiн, кiмнен тарағанын жiктеп түсiн­дiрiп, тегiне, тiзесiне, затына тоқтала айтуды өмiр жолымызда сан кездестiрдiк. Тегi – атақты бабасы, тiзесi – өз әке­­сi, заты – нағашы жұрты екен.
“Үй жақсысы – ағашынан (затынан), жiгiт жақсысы – нағашыдан” дегендi халық ға­сыр­лар бойы айтып келедi. Мiне, осыдан “тегi” деген жал­ғау фамилияға қосарлануға өзi сұранып тұр ғой. Осыдан бiз неге қашамыз? “И” деген жал­ғау да кiмнiң кiм екенiн ажыратып-ақ түр. Фараби мен Баласағұнилерден бастап талай атақты бабаларымыз аты-жөндерiне қай жердiк екендiк­те­рiн бiлдiретiн “и” жұрнағын жалғаған. Бiз де осы үрдiстi әрi қарай жалғастырсақ, бұл бiздiң мұсылмандық сипатымызды да, түрiктiк тегiмiздi де ашар едi.
“Ештен кеш жақсы” демей ме, аты-жөнiмiздi бiр iзге түсiруге әлi де кеш қалған жоқпыз. Бұл бiздiң ұрпақ алдындағы орындалуы тиiс бiр мiндет болуы керек.
 
Кәмел ЖҮНIСТЕГI,
жазушы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті