1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №90 (15860) 12 қараша, сейсенбі 2013
"Жас Алаштың" отбасы және денсаулық қосымшасы.
12 қараша 2013
“Менiң мамам келедi...”

Таяуда Алматы облысына қарасты балалар үйiне бардық. Бөтен кiсiге үлкен үмiтпен қараған жетiмектердiң жан жарасы жаутаңдаған жанарында тұнып тұрғандай. Денi өзiмiздiң қара­көз­дер. Бiздiң апарған тәттi­лерiмiз бен ойыншықтарымызды қызықтаған топ баладан шет­керiрек тұрған қызға ерiксiз назарым түсе бердi. Оның үстiне үш ай бұрын келгенiмде, бұл қызды көрмеген едiм. Жаңадан келгенi байқалады.

Қоңыр көздерiмен түстес шаштарын қолдарымен жиi тарақтап, әлдене айтқысы келе­тiндей. Әлден уақытта шулаған балалардан сытылып шығып, жал­ғыз тұрған сол қыздың жанына отырдым. Атын Мөлдiр деген ол кiп-кiшкентай нәзiк саусақтарымен қайта-қайта балапан шаштарын тарақтайды. Ақырын иығынан құшақтап, өзiме тартып: “Достарыңмен неге ойнамайсың? Жүре ғой”,– дедiм. Басын иығыма қойған Мөлдiр: “Ойнағым келмей­дi. Сiзден бiр нәрсе сұрасам бола ма?” – деп сыбырлады. Басымды изеп, бетiне қарағанымда жүрегiм тiлiнiп түскендей күй кештiм. Өйткенi Мөлдiрдiң жанары жасаурап тұр екен. “Апай, сiз Алматыдан келдiңiз ғой? Менiң мамам сол жақта. Сiз оны танисыз ба?” деген қызға қандай жауап берерiмдi бiлмей дал болдым. “Бұлардың мамалары кел­мей­дi. Сосын осындағы ойыншықтармен ойнайды. Ал менiң мамам келедi. Ол менi көп күннен кейiн алып кетем деп айтқан. Менi мамам бұл жерден үйге алып кетедi, апай. Мамам келедi, маған келем деген. Мынанша көп күн өткенде менi алып кетедi”,– деп Мөлдiр әлсiз дiрiл қаққан он саусағын жайды. Мама сөзiн айт­қан сайын даусында пайда бол­ған сағынышқа толы мұң мен бетiнен иегiне қарай сырғыған жас кiп-кiшкентай қыздың баласынан безiнгендерге бағытталған қарғысындай көрiндi.
Төрт жасқа жақында ғана тол­ған Мөлдiрдiң балалар үйiне келгенiне екi айдан асыпты. Нендей себеп екенi белгiсiз, бүлдiр­шiн қызды өз анасы жетектеп әкелiп, тапсырып кеткен. Тапсырып қана емес, түбегейлi түрде бас тартыпты да. Өз баласының тағдырын талқандаған көкек ана кетерiнде қызына “көп күннен кейiн сенi алып кетем” деген жал­ған уәдесiн де берiп кеткен. Ең жақын адамының сөзiне имандай сенген Мөлдiрдiң үмiтпен, жол тосумен әр күнiн санап жүргенi де содан. Шыр етiп дүние есiгiн ашқан сәтте баласынан бас тартып, жөргегiмен көрiнген жерге тастап кететiндердiң әрекетi бұл күнде қалыпты жағдайға айналды ғой. Ал қиянаттың мынадай сорақы түрiн кiм көрген. Бауыр етi баласын жетiмдер үйiне тастап кеткенiмен қоймай, бүлдiршiннiң санасына сына қағып, өтiрiк уәде берген адамды ана деп атаудың өзi артық емес пе?!
Мемлекет тарапынан қамқоршысы жоқ балаларға барынша жағдай жасалып жатқаны рас. Алайда көздерiнде мұң тұнған балақайлар үшiн әсем жиһаз да, жылтыраған ойыншық та, тәттi тамақ та сұранысының орнын толтырмайды. Бала үшiн ең керегi – ата-ананың аялы алақаны, мейi­рi­мi. Өкiнiшке қарай, балалар үйiн­дегi жетiмектерге бұл сезiм­дердi сезiну бұйырмаған. Бұйырмаған емес-ау, үлкендердiң қаты­гез­дiгiмен, қолдан жасап бұйырт­паған.
Бiз қайтуға жиналғанда, қолымнан ұстай алған Мөлдiр: “Апай, мамамды көрсеңiз, менiң күтiп жүргенiмдi айтыңызшы. Менi тезiрек алып кетсiншi. Мен мамамның бар айтқанын орындап, тәртiптi қыз боламын. Ендi тәттi кәмпит әпер деп жыламаймын. Рас айтам, бұл жерде кәм­пит жемеуге үйрендiм. Мамам осыны естiсе, тез алып кететiн шығар, оны көрсеңiз осыларды айтыңызшы...” – деп сөзiнiң соңын айта алмай өксiп қалды. Иығы қушиып дiрiлдеген оны бауырыма қысып, баласынан бас тартқан еркектiң де, әйелдiң де бәрiне, бәрiне ерiксiз лағынет айт­тым...  
Жетiмiн жылатпаған халық едiк. Бүгiнде жетiмектерiмiз өз елiнде ғана емес, шетелде де теперiш көрiп жүргенi жанға батады. Оларға шектеу қойылса. Ал Қазақстан азаматтары үшiн бала асырап алу мәселесiн оңтайландырып, қа­зiргi заңдағы қаптаған құжаттарды жинау мiндеттерi жеңiлде­тiлсе, қаншама тағдыр қуанышқа кенелiп, қаншама бала бақытқа бөленер едi. Бәрiнен де балалар үйiнде үмiт пен сағынышпен күнiн өткiзген бүлдiршiн­дердiң саны азаяр едi. 
 
Самал МӘДИ.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті