1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №90 (15860) 12 қараша, сейсенбі 2013
"Жас Алаштың" отбасы және денсаулық қосымшасы.
12 қараша 2013
“Ат тергеу” дегендi қалай түсiнуге болады?

Ата-аналарымыздың ақ батасын алып, сырға салу рәсiмiн өткiзiп, ендi ұзатылу тойына дайындалып жүр едiм. Жас отбасылардың бiлгенiнен бiлмегенi көп емес пе. Солтүстiк өңiрiнде туып өскендiктен, ұлттық салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан хабарым аз екенiн де мойындаймын. Бұйыртса, оңтүстiкке келiн болып аттанамын. Болашақ жарым өз әулеттерiнде “ат тергеу” дәстүрi сақталғанын айтып, соған дайындалуға “тапсырма бердi”. Бiлгiм келгенi, “ат тергеу” дегендi қалай түсiнуге болады?

Жанна ҚАРИЕВА,
Ақмола облысы.
 
Халқымыздың бойына сiңген дәстүр бойынша, келiн бала алдымен түскен жерiнiң үлкен-кiшiсi, ерлер мен әйелдерiне өзiнше ат қоя бiлуi тиiс. Ол қазақта “ат тергеу” деп аталады. Ат тергеу дегенiмiз, қайын жұртын тiкелей атымен атамай, арнайы ишаралап ат қою дәстүрi. Бұл жас ке­лiннiң түскен жерiне, күйеуi­нiң туыстарына деген iзгi құрметiнiң, әдебiнiң игi көрiнiстерiнiң бiрi болып саналады. Ат тергеу кезiнде жаңа түскен келiннiң тап­қырлығы, сөзге шешендiгi, жарасымды әзiлқойлығы да сынға түсетiн болған. Келiн­нiң жас мөлшерi, мiнезi, келбетi мен бойындағы ерек­ше қасиетiне, болмыс-бiтiмiне, туыстық қатынасы мен мәртебесiне қарай қисынын келтiрiп, ұтымды ат қоя бiлуi оның тапқырлығы мен даналығының көрiнiсi ретiнде бағаланады. Ұлттық дәстүр жолымен әйел адам атасының, қайын аға, қайын iнi-сiңлiсiнiң атын атамай, өзiне лайықты жарасымды ат қояды. Мысалы, “үлкен ата”, “бай атам”, “ақ әже”, “кенже бала”, “ерке бала”, “мырза жiгiт”, “төре жiгiт”, “мырзатай”, “би ағам”, “шырайлым”, “кекiлдiм”, “арайлым”, “сырғалым”, “шашбау­лым”, “күлiмкөз”, “еркем”, “ерке қыз” т.с.с. Бойы кiшiлеу iнiсiн “сұңғағым”, жайбасарды “жүйрiгiм” деп те атап жатады. Бұл сыйластық пен құрметтiң ерекше белгiсi. Ер адамдар ақсақалдар мен өзiнен үлкендi “ата”, “әке”, “ереке”, “жәке” деп құрмет көрсету осы дәстүрден туындаған. Осы бiр әдет– ғұрыптан жасы үлкен адамды сыйлаудың озық мәде­ниетiн көруге болады.
Қорыта айтқанда, ат тергеу – адамды сыйлауға арналған iзеттiлiк әдет-ғұрпы. Дала дағдысына бағынатын дәстүрiмiз сан ғасырдың құндылығы құйылған асыл арна iспеттi. Сахара мәдениетiмiзде қаншама жауhар жәдiгерлерiмiз бен қазақи қасиеттерiмiз жатыр десеңiзшi? Өкiнiшке қарай, ақпарат пен технология дамып жатқан бүгiнгi қоғамда қазақ келiндерiнiң ат қойып, ат тергейтiн ата дәстүрiмiз қалып барады. Көптiң бетiне топырақ шашудан аулақпын, дегенмен, жасы үлкенге құрмет, жасы кiшiге iзет көрсететiн инабатты келiндер саусақпен санарлықтай десе де болады. Осы ретте, әрбiр қазақ отбасы осы салтты ұстанып, бiр-бiрiне ықылас бiлдiрiп, құрмет көрсете бiлсе, нұр үстiне нұр болары анық.
 
Нәзира БУРХАНОВА,
“el.kz”.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті