1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №63 (15833) 14 тамыз, сәрсенбі 2013
"Жас Алаштың" отбасы және денсаулық қосымшасы.
14 тамыз 2013
Атасын арқалаған келiн

Арбадағы қарияны сүйреткен осы апайды жиi көретiн болдым. Жаңа пәтерiмiзде олардың бiзге көршi екенiн де естiп бiлдiм. Жұмыс барысымен iссапарлатып жүрiп, жаңа үйiмде небәрi екi апта ғана тұрыппын. Сол кездерi күншуаққа жайғасқан әлгi екi кiсiнi сырттарынан жиi бақылайтынмын. Қарияны сәби секiлдi тамақтандырып, тiптi суының өзiн баптап берiп отыратын апайдың сабырлығына сүйсiнетiнмiн. Арбадағы атаның кемпiрi деуге келмейдi, апай әлдеқайда жас екенi анық. Мүмкiн, қызы болар деп ойлағам. Қабырғалас осы көршiмiздiң үйiнен артық-ауыс дыбыс шықпайтынына қарап екеуi ғана тұрады деп топшылағанмын. Сөйтсем, төрт бөлмелi пәтерде бiрнеше адам тұрады екен. Дегенмен, екiншi қабырғалас көршiм сияқты айғай-шуды бұлардың үйiнен естiген емеспiн.

Кезектi iссапарым­нан оралғанымда келiн­шегiм көршi үйдегi арбаға таңылған атаның қайтыс болғанын айтты. Жарытып танымасам да, бұл қазаға кәдiмгiдей қабырғам қайысты. Ке­лiншегiмдi ертiп, көңiл айтуға барып, осыған дейiн өзiмдi мазалаған сұрақтарға жауап алудың сәтi түстi. Қарияның асын таратып, келген қонақтар үйлерiне қайтып, үйдегiлер оңа­ша қалған сәтi екен. Арба сүйреткен апай атаны еске ала отырып, көп жағдай туралы баяндап бердi. 
“Ол кiсi менiң қайын атам. Осыдан он бес жыл бұрын жол апатына түсiп, кәрiптiң күйiн кешiп қалды. Кемпiрi ертеректе дүние салған. Мен келiн болып түс­кенiм­де осы атам үлкен мекемеде қызмет атқаратын. Күйеуiм жалғыз ұл болған соң, атамыз бар дүниесiн соның жолына төгетiн. Үшiншi балама аяғым ауыр кезде, әп-әдемi отбасымыздың шырқы бұзылып, бере­кесi қашты. Атам апатқа ұшырап, төсек тартып жатып қалды. Үлкен кiсiнiң көңiлiн тауып, ас-суын дайындау, күтiп, қарау мiндетi жалғыз өзiме артылды. Жайшылықта жұмыстан босамайтын күйеуiм кейiнiрек үйге қонбауды әдетке айналдырды. Ауру атам мен кiшкентай балаларыма қарау жалғыз өзiме ауыр тигенi рас. Бiрақ “басқа түссе, баспақшыл” демекшi, кейiнiрек сүйiп қосылған жарым бiзден түбегейлi кете­тiнiн айтқанда, көрер азабым аз емесiн сонда мойындағандай болдым...
Жас келiншекпен әу­е­­йi болған күйеуiм сол кеткеннен оралмады. Әке­сiнiң жалынып, жылағанына бұрылып қарамаған күйi “мен де бақытты болуға тиiспiн” деп шығып кете барды. Мына соққыдан бiразға дейiн есiмдi жинай алмай, қайғыдан езiлiп кете жаздадым. Алайда өзi­ме жаутаңдаған бала-шаға мен атамды ойлап, еңсемдi тiктеуге күш салдым. Күйеуiнiң әкесiн далаға қуып жiберер деп күтсе керек, атам өзiн мүгедектер үйiне апарып өткiзудi өтiнген. Бiрақ балаларымның атасын, сүйiктi жарымның әкесiн, әрi-берiден соң қауқарсыз мүгедек қарияның кеудесiнен итере алмайтынымды кесiп айттым. Одан берi де он бес жылдан астам уақыт өтiптi. Жақында үлкен ұлым үйлендi. Келiн жұмсап, қолым ұзарып қалды. Бағыма қарай келiнiм тектi жердiң тәр­биелi қызы екен. Арба сүйреткен енесiне түсi­нiстiкпен қарап, үй тiр­лiктерiн өзi-ақ тындыратын пысық шықты. Бұрын­ғыдай емес, келiн түсiр­гелi бар шаруам – атамды серуендетiп, жуындырып, тамағын уақытылы берiп күтiмiн жасау ғана болды. Атасының алғысына бөленiп өскен ұл-қызымның өмiр жолдары да жаман болмады. Әрқайсысы бiр шаңырақтың иесiне айналып, балалы-шағалы күн кешiп жатыр. Атам марқұм дүниеден өтерiн сездi ме, соңғы минуттарына шейiн жалғыз ұлын күтумен кеттi. Бұрын бiреу тозығы жеткен тоқал тамнан қаланың жағдайы жасалған үйiне бiр-ақ күнде көшесiң десе, сенбес едiм. Сол бiр қиын-қыстау кезеңдердiң өтеуi болды ма, әйтеуiр екi ұлдың бағы жанып, қыз­меттерi де өсiп, кейiнiрек атам екеуiмiздi осында көшiрiп алды. Өкiнiшке қарай, атамызға бұл күндердiң көбiн көру жазылмапты. Әйтсе де, мүгедек атамның жағдайын жасап, жастық шағымды жоғалтқаныма еш өкiнбеймiн. Себебi атам кетер-кеткенiнше шексiз алғысын айтып, ақ батасын берiп кеттi. Үлкен кiсiнiң ақ батасы ең алдымен ұрпағына жақсылық болып қайтары сөзсiз. Бала-шағамның қазiргi жақсы өмiрiне де атамыздың алғысы себеп болған шығар, кiм бiлсiн. Ал бiр шүйкебастың соңынан кеткен күйеуiм әкесiнiң жаназасына да қатыспады. Өзiм iздемесем де, бiлетiн­дерден сұрастырып, бiр­неше рет хабар жiбер­генмiн, бiрақ келмедi”,– деп Айымжан апай ауыр күрсiндi. “Күйеуiңiз ке­шiрiм сұрап келсе, осынша жылдан кейiн кешiрер ме едiңiз?” деген сұрағыма: “Қателеспейтiн пенде болмайды. Құдай да пендесiнiң күнәсiн ке­шiредi емес пе? Жаратушының жанында бiз кiмбiз кешiрмейтiн? Кең болсаң, кем болмайсың демей ме ұлы халқымыз. Қандай болса да, ол балаларымның әкесi. Сондықтан өткендi қазбаламай, жылы жауып қойып, қарсы алуға дайынмын”,– деген апайға шексiз разы болдым.
 
Алмаз САҒЫНДЫҚОВ,
Тараз қаласы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті