1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №87 (16273) 1 қараша, сәрсенбі 2017
1 қараша 2017
Қазақта Шымкенттің әкіміне үлгі боларлық адам жоқ па?

«Болмасаң да ұқсап бақ» деген. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың орынбасарлары мен бөлім басшыларына, аудан әкімдеріне бір ай бойы қоғамдық көлікпен жүруді тапсыруын жұрт әрқилы қабылдады. «Зың» қаланы басқарған әкімнің бастамасы жұрттың бәріне жағып жатқан жоқ. Мұны жай ғана көзбояушылық, арзан жарнама деушілер де бар. Жалпы, елді елең еткізуден жалықпайтын Ғ.Әбдірахымовтың жеке имиджіне көбірек көңіл бөлетіні, танымалдылығын арттыру үшін түрлі әдіс-тәсіл, қазіргі тілмен айтқанда технологияларды, қолданатыны, тіпті Шымкент әкімінің имиджін жасағыш жалдамалы арнайы мамандардың барлығы бұрыннан байқалушы еді. Осының рас екендігіне тағы да көзіміз жеткендей.
Жуырда Шымкент қаласы әкімінің «штаттан тыс кеңесшісі» ретінде танылған Данат Жумин деген азамат «Саясат. орг» сайтына сұхбат беріп, әлеуметтік желіде Әбдірахымовтың бастамасын популизм деп жүргендерге жауап қайтарыпты. Оның айтуынша, шенеуніктерді қоғамдық көлікпен жүргізу идеясын имиджмейкерлер Нью-Йорк мэрінің тәжірибесінен алыпты. Мэр Майкл Блумберг «метрода қылмыс көбейіп кетті» деген сөздерден кейін жергілікті полицейлердің басшыларына метромен жүруді тапсырған екен. Ғ.Әбдірахымовтың былтыр қызметіне велосипедпен қатынап, Лондон мэріне еліктегені осындайда еске түсіп отыр. Оның алдында «Шымкент Лас-Вегастан да әдемі болуы тиіс» дегені де бар еді. Қысқасы, ұқсасаң Лас-Вегасқа ұқса. Еліктесең Нью-Йорктің, Лондонның, Париждің мэріне елікте. Қазақта қазір Ғ.Әбдірахымовқа үлгі боларлық шенеунік табылмай тұр ма?
Осы жерде айта кетейікші, қарамағындағы қызметкерлерін қоғамдық көлікке мінгізіп, автобустардағы ахуалды тікелей бақылауды Астананың әкімі болған Иманғали Тасмағамбетов, жаңылыспасақ, осыдан 4-5 жыл бұрын қолға алған. Тасмағамбетовтің тапсырмасы бойынша аптаның бір күнінде орынбасарлары кезектесіп қоғамдық көлікпен жүріп, жолаушы тасымалындағы түйткілдерді зерттеген екен. Бертінде осыған ұқсас тәжірибені Алматының әкімі Ахметжан Есімов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жалғастырған. Мұхиттың арғы жағынан арнайы алдырылған, «импортный» демесеңіз, Әбдірахымовтың бастамасы да өзіміздің ауылдағы әкімдер әбден жауыр қылған тәжірибеден ұзамайды емес пе? Мұның қаншалықты жемісті боларын уақыт көрсете жатар.
Біздің негізгі айтпағымыз бұл емес еді. Жуырда облыс әкімдігінде тоғыз айдың қорытындысы бойынша өткен жиында Шымкент қаласы көп сын естіді. Облыста биыл индустриалды аймақтарда 172 жобаны жүзеге асыру көзделсе, іске асқаны бар-жоғы 58 ғана. Жүзеге аспай жатқан жобалардың көбісі Шымкент қаласында. Биыл «зың» қалада шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 129-ға азайған. Жұмыс істемей тұрған әрекетсіз жеке кәсіпкерлік нысандарының дені де осы облыс орталығына тиесілі.
Қаладағы ең өзекті проблема коммуналдық салада. Басқаны былай қойғанда, Шымкенттің айналасындағы көптеген мөлтекаудандардың халқы осы уақытқа дейін шамдай жарыққа қол жеткізе алмай келеді. Тұрғындардың күні жекеменшік трансформаторларға қарап отыр. Ал оған қосылудың өзі 60-100 мың теңге тұрады. Кейбір мөлтекаудандар өлеусіреген осы жарық үшін белгіленген тарифтен екі есеге дейін қымбат төлейді. Осы мәселені тезірек шешеді деген қала әкімдігінің тірлігі баяу. Биыл әкімдік бар-жоғы бес нысанның ғана жобалық құжаттарын әзірлеген.
Қалада былтыр пайдалануға берілуі тиіс «Бозарық» қосалқы электр станциясының құрылысы әлі бітпей тұр. Себебі құрылыс жұмыстары басталған екі-үш жылдың ішінде электр қондырғыларының құны өскен көрінеді. Ал қалалық әкімдік жобаға түзетуді дер кезінде енгізбегендіктен, қосымша қаржыландыру қиындаған. Осындай маңызды нысанның уақтылы пайдалануға берілмеуі Шымкентті жарықпен қамтамасыз етуге кері әсерін тигізіп отыр. Жарық шалғайдағы шағынаудандарды былай қойғанда, облыс әкімдігі тұрған Шымкенттің жаңа әкімшілік іскерлік орталығында да жиі сөндіріледі. Көгілдір отын мен жылудың жыры өз алдына. Ғ.Әбдірахымов Шымкенттің осындай өзекті мәселелерді тезірек шешіп берсе, «зыңдай» жасағысы келетін атақ-абыройы кеміп қалар ма еді дейсің. Қысқасы, бұл Нью-Йорк, Лондон емес, бұл сол баяғы Шымкент болып тұр.
 

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Марат | 4 қараша 2017 00:16
Шалағай ой.1.Жаяу да,қоғамдық көлікпен,автобустарға отырғызып та қызметкерлерді қала аралауды бастаған Орманов болатын 2006 жылдары.2.Әкім сиқыршы да,әулие де емес.Қаланы үлкен ауылға айналдырып жіберген жоғарғы басшылыққа араған жөн сөзді.117 мың га.аумақта әпсәтте бар түйткілді ешкім де шешіп тастай алмайды.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті